Вторник, 25 Июль 2017
-->

МАРАТ ӘБДУОВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ МЕМЛЕКЕТКЕ ЫСЫРЫП ҚОЮҒА БОЛМАЙДЫ

Бүгіннен бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Алайда арамызда аталған жүйеге сенім білдірушілер де, тіпті, оған күмән келтірушілер де баршылық. Мәселен, медицина саласының мамандары сақтандыру жүйесінен үлкен үміт күтіп отырғандарын айтады. Солардың бірі №1 қалалық аурухананың бас дәрігері Марат Әбдуовпен газет тілшісі сұхбаттасты.

– 1 шілдеден бастап еліміз­де міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру жүйесі өз жұмысын бастайды. Аталған жүйе медицина саласына қандай жаңалықтар әкеледі?

– Сақтандыру жүйесі мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтар арасындағы ортақ жауапкершілік принципі бойынша жұмыс істейді. Жалпы, қазіргі таңда әлемде сақтандырудың мемлекеттік, жеке меншік және қоғамдық сынды үш түрлі жүйесі қалыптасқан. Қазақстан соның ішінде қоғамдық сақтандыру жүйесін таңдап алды. Себебі экономика қанша дамыса да, бүкіл денсаулық сақтау саласының проблемаларын бюджеттің мойнына іліп, жауапкершілікті мемлекетке ысырып қоюға болмайды. Өйткені азаматтардың денсаулығы тек медицинаға ғана байланысты емес. Ол азаматтардың өмір сүру салтына, жұмыс істейтін жеріне (зиянды, зиянсыз өндіріс) және әр адамның өзінің жеке жауапкершілігіне тәуелді. Бұл жүйе баршаға теңдей мүмкіндік береді. Яғни, азаматтардың бәріне бірдей, бірыңғай пакет ұсынылады. Мұнда жарнаны әркім өз мүмкіндігіне қарай төлейді, ал медициналық көмекті қажеттілігіне қарай алады. Жүйеге қатысып, жарна төлейтін азаматтар жоғары технологиялық көмек түрлерін тегін пайдалануға мүмкіндік алады. Оның үстіне, бұл жүйеде сақтандырылған азаматтар кез келген клиниканың жәрдеміне жүгіне алады.

– Жұртшылық арасында «ақша төлегеннен кейін соған лайықты деңгейде ем ала аламыз ба? Жоқ әлде «баяғы жартас – бір жартас» күйі қала ма?» деген алаңдаушылар бар. Шынында да, аталған жүйе енгізілгеннен кейін медициналық қызмет көрсету сапасы жақсара ма?

– Міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жүйесі шеңберінде денсаулық сақ­тау жүйесінің қаржылық тұрақ­тылығы артып, жұмыс нәтижесі жақсарады. Нақтырақ айтсам, медициналық қызмет сапасы мен денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабілеттілігі артады. Сонымен қатар, бастапқы медициналық-санитарлық кө­мекті қаржыландыруға ба­сымдық беріледі. Жалпы практика дәрігерлерінің саны артып, жалақысы өседі. Ал жалақы көтерілгеннен кейін дәрігерлер жоғары ынтамен жұмыс жасайтыны айтпаса да түсінікті. Бұдан бөлек дәрі-дәрмекпен, амбулаторлық көмекпен қам­ту көлемі артатынын айтып өткім келеді. Ұзын сөздің қыс­қасы, міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесі азаматтардың сапалы деңгейде ем алуына түрткі болады.

– Айталық, азамат тұрғы­лықты жері бойынша емханаға тіркеліп, жарнасын ай сайын төлеп тұр делік. Міне, осы азамат еліміздің басқа бір жеріне қонаққа немесе жұмыс бабымен барып сырқаттанып қалса, ол көмек ала алама? Сондай-ақ, халық сақтандыру жарнасы төленген-төленбегенін қалай біледі?

– Жалпы, емханалық-амбула­торлық деңгейдегі жоспарлы медициналық көмек пациенттің тұрғылықты жері, жұмысы немесе оқу орны бойынша тіркелген емханасында көрсетілуі тиіс. Алайда егер пациент қонаққа немесе жұмыс бабымен басқа елді мекенге барып ауырып қалса, жедел жәрдем шақырып, сол жердегі медицина ұйымнан шұғыл жәрдем ала алады. Шұғыл көмек қажет болса, жедел жәрдем бригадасы немесе санитарлық авиация оны стационарға жеткізеді. Ал азаматтың жарнасының бар-жоғын электронды мәліметтер базасы арқылы ЖСН көмегімен анықтауға болады. Денсаулық сақтау жүйесінде мұның бәрін іске асырып, тексеріп отыратын ақпараттық жүйелер жасады. Қазіргі таңда министрлік осыны әрі қарай жетілдіру жұмыс­тарымен айналысып жатыр.

– Қазіргі әлеуметтік қиын жағдайда жарна төлеуге екі­нің бірінің жағдайы жете бер­мейтіні айтылып жатады. Ендеше қандай санаттағы азаматтар жарна төлеуден босатылып отыр?

– Сақтандыру жарнасын төлеуде негізгі салмақ мемлекетке түседі. Әрбір дамыған мемлекет секілді Қазақстан да әлеуметтік жағынан аз қам­тылған тұрғындарын меди­ци­налық көмекпен қамту мүмкіндіктерін қарастырады. Мәселен, балалардан бастап, зейнеткерлерге дейінгі әртүрлі санатқа жататын азаматтар тегін ем алады. Нақтырақ айтсақ, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа толмаған бала тәрбиелеп отырған аналар ем-домды ақысыз алады. Сондай-ақ жаңа туған сәбиді асырап алуына байланысты және баласы үш жасқа толғанша демалыс алған тұлғалар және 18 жасқа дейінгі мүгедек бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін жандарға тегін қызмет көрсетіледі.

Бұдан бөлек «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар орта, кәсіптік және техникалық, ортадан кейінгі, жоғары білім, сондай-ақ, ЖОО-нан кейінгі білім беру мекемелерінде оқып жатқан жастардың ақысыз көмек алуға мүмкіндігі бар.

– Міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру жүйесіне кіру үшін не істеу керек? Сондай-ақ жұмыс беруші кім үшін және қашан жарна төлей бас­тауы мүмкін?

– Міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру жүйесіне кіру үшін алдымен емханаға тіркелу қажет. Мысалы, алдағы уақытта МӘМС пакеттерін пайдаланғыңыз келсе, алдымен емхана таңдау керек. Емхананы тұрғылықты жеріңіз бойынша таңдауға болады. Содан кейін тіркеуде барсыз ба, жоқсыз ба, осыны тексеріңіз. Оны электронды үкімет порталы (egov.kz) арқылы тексеруге болады. Тіркелу үшін еркін формада жазылған өтініш пен жеке куәлік керек. Осы екі құжат бойынша өз мәртебеңізді анықтап алуға әбден болады. Ал жарнаға келетін болсақ, жұмыс берушілер әлеуметтік медициналық сақт­андыру қорына 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап төмендегі мөлшерде жарна төлей бас­тайды. Атап айтар болсақ, жұмыс берушілер қорға

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап әр жұмыскердің табысының 1, ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1,5 пайызын төлеуге міндетті. Сондай-ақ, 2020 жылдан бастап 2, 2022 жылдан бастап 3 пайыз көлемінде ақша аударып отыруы тиіс. Нақтырақ айтсам, жұмыс беруші 2018 жылы әр жұ­мыс­шы үшін айына орта есеппен 2281 теңге көлемінде жарна төлейді.

– Елдің бәрінің бірдей тұрақты жұмысы жоқ екені белгілі. Мәселен, жалдамалы жұмыскерлер жарнаны қашан­нан бастап және қандай көлемде төлейді? Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер мен жеке кәсіпкерлерге қандай міндет жүктеліп отыр?

– Егер сіз халықтың тұрақты табысы аз, экономикалық белсенділігі төмен бөлігіне жататын болсаңыз, ай сайын жарна төлеуге міндеттісіз. Бұл топқа белгіленген ай сайынғы жарна көлемі ең төменгі жалақының 5 пайызы немесе 1414 теңгені құрап отыр. Бұл топтағы азаматтар жарнаны 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, кез келген екінші деңгейлі банк немесе Қазпошта бөлімшелері арқылы төлей алады. Жарнаны ай сайын немесе бірден 12 ай үшін төлеп тастауға болады.

Ал жалдамалы жұмыскерлер сақтандыру жарнасын 2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап төлей бастайды. Жарнаны олардың жалақысынан жұмыс беруші ұстап, бухгалтерия арқылы қорға аударып отырады. 2019 жылы әр жұмыскердің айлық жалақысынан 1, ал 2020 жылдан бастап 2 пайыз жарна ұстайды. Жұмыс беруші әр айдың 15-інде азаматқа әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру қорына аударылған қаржы туралы хабар­лауы тиіс. Нақты ақша түрінде есептеп көрсетер болсақ, жұмыскерлер 2019 жылы ай сайын орта есеппен 1529 теңге жарна төлейді.
Егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз, ай сайын 2 ең төменгі жалақының 5 пайызы көлемінде жарна төлейсіз. Жеке кәсіпкердің ай сайын төлейтін жарнасы 2828 теңгені құрайтын болады. Кәсіпкерлер жарнаны 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап кез келген екінші деңгейлі банк немесе Қазпошта бөлімшелері арқылы төлей алады.

– Біздің елде қандайда бір жаңалық енгізілетін болса, шет елдік тәжірибені алға тартып жатады ғой. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы қай елдің тәжірибесіне сүйеніп жасалды?

– Жалпы әлемде денсаулық сақтаудың 3 түрлі ғаламдық жүйесі жұмыс жасайды. Мәселен, Ұлыбритания, Испания, Италия, Швеция сынды елдер мемлекеттік сақтандыру жүйесін қолданады. Сондай-ақ, Германия, Франция, Бельгия мемлекеттері қоғамдық, ал АҚШ жеке меншік сақтандыру жүйесінде қызмет көрсетеді. Соның ішінде біздің ел сақтандырудың қоғамдық түрін таңдап алып отыр. Себебі оның әлеуметтік тұсы басым. Оның үстіне, дамыған елдер­дің көбінде әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімділігін дәлелдеді. Бірақ әр елдің өз ерекшеліктері болғандықтан, бір мемлекеттің тәжірибесін көшіріп алуға болмайды. Сондықтан Қазақстанның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үлгісін қалыптастыру кезінде оны денсаулық сақтау жүйесіне бейімдеу, салаға кері әсер ететін тәжірибелерден сақтану, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарды қолдау мәселесіне басымдық берілді. Бірақ, міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру үлгісі біз­дікіне өте жақын елдер ретінде Германия мен Литваны атап өтуге болады.

Серік  ЖОЛДАСБАЙ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*