«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мақсат – Астананы жаһандық қалаға айналдыру

0 68

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. жүздесуде өтіп бара жатқан жыл қорытындыланып, ­келер жылдың жоспарлары белгіленді.

«Осы жылы қалада ауқымды жұмыстар атқарылды. Астана үшін бұл жыл бар жағынан жақсы жыл болды. Дәлел ретінде 2018 жылды жоғары экономикалық көрсеткіштермен аяқтап отырғанымызды айтсақ та жеткілікті. Жалпы өңірлік өнім көлемі болжамдық бағалау бойынша 6 трлн теңгені құрайды. Қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындары мен қызмет көрсету саласы 544 млрд теңгеден астам сомаға өнім өндірді. Бұл салада өсім өткен жылмен салыстырғанда 9,6 пайызға артты» деді Астана әкімі.
2017 жылмен салыстырғанда өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі де 12,6%- ға ұлғайды. Осы жылы жүк тасымалдау көлемі жалпы алғанда 9 пайызға өсті. Бөлшек сауда тауар айналымы көлемі 1 трлн теңгеден асып, өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға артқан. Мемлекеттік бюджетке салықтық түсімдер 981,9 млрд теңге көлемінде жиналған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 13,9 %-ға жоғары.
Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бұл көрсеткіштер шағын және орта бизнестің есебінен қалыптасқан, жалпы өңірлік өнім құрылымында оның үлесі 55%-ды құрады. «Алда жұмыс көп. Осы үш айда қала тұрғындарымен және ҮЕҰ секторы өкілдерімен де кездестім. Әлеуметтік орталықтарға жиі баруға тырысудамын. Өзімді шашымнан бақайыма дейін астаналықпын, қаланы жақсы білем деп ойлаған едім. Бірақ қала әкімі ретінде 10 па­йыз көргенімді бұрын білмегенімді түсіндім. Мақсатымыз – Астананы жаһандық қалаға айналдыру. Астана креативті адамдарды, талантты жастарды, туристер мен шетелдік инвесторларды тартатын негізгі орталыққа айналады. Ол үшін қала құрылысында заманауи урбанистік шешімдер, жаңа тәсілдер пайдалану қажет. Бір сөзбен айтқанда, қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы орта және мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз жайлы жағдай жасауымыз керек» деді қала басшысы.
Астана әкімі депутаттарға нәтижелі және бірлескен жұмыстары үшін алғыс айтып, оларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды