«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мәнері бөлек Мүсілім

0 17

«Астана» концерт залында қалалық әкімдіктің мемлекеттік академиялық филармониясы үрлемелі оркестрінің ұйымдастыруымен «Мүслім Магомаев» атты назды сазға толы кеш өтті.

Өзім Мүслім ағамыздың салған әндерін тыңдағанды сондай жақсы көремін! Түпкі тамырымыз бір әзербайжан ұлтының атақты ұлы жайында жазылған кітапты, деректі фильмді қалдырмай оқып, көрдім десем болады. Ол текті әулетте өмірге келген. Әке-шешесі де өнерден кенде болмаған. Атасы Мүслім Магомаев көрнекті композитор болған. Қазір Әзербайжан филармониясы осы кісінің атымен аталады. Болашақ әншіні осы атасының есімімен ырымдап қойған. Жасынан музыкаға ынтық болып өскен бала алғашында музыкалық мектепте оқып, кейін Әзербайжан консерваториясын тәмамдайды. Оның өнер жолы өте сәтті басталды. 1962 жылы Мәскеудегі Кремль сарайында әзербайжан өнер фестивалі өтіп, сонда ән шырқап, сол мезетте бүкіл Одаққа танылып үлгерді.
Міне, осыдан бастап Магомаевтың жұлдызы жарқырады. Түрлі халықаралық фестивальдардың лауреаты атанды. Небәрі отыз бір жасында КСРО халық әртісі атағын иеленді. Бірнеше киноларға түсіп, өзі де бірталай киноға музыка жазды. Көптеген халық сүйіп тыңдайтын әндердің авторы болды. 1997 жылы оның есімімен күн жүйесінің астероидтерінің бірі аталды. Тамаша талант иесі 2008 жылы өмірден өтті. Бірақ дарынды тұлғаның есімі ұмытылмақ емес. Мәскеуде оның еңселі ескерткіші бой көтерді. Бүгінге дейін әншінің туған жерінде және Мәскеуде оны еске алу кештері жиі өтіп тұрады.


Сондай бір жылы шуақ­қа толы елордада өткен кеш­те үрлемелі оркестрдің сү­йемелдеуімен әйгілі өнер­паздың репертуарына енген сүйікті туындылары орындалды. Дәлірек айтқанда, концертте Моцарттың «Фигароның үйлену тойы», Россинидің «Севильский цирюльник» Чайковскийдің «Евгений Онегин» және тағы басқа шығармалары ойналды. Бұл классикалық музыка көрермендерге керемет әсер сыйлады. Оркестр дирижері Мұхаммед Мұса да әншіні ерекше қадірлейтінін айтып қалды. «Мен оны талант, танымалдығы жағынан аңызға айналған Фрэнк Синатрамен салыстырамын. Оған арнап Арно Бабаджанян, Александра Пахмутова секілді көрнекті композиторлар шығарма жазды. Тіпті Мүслімнің өзі де ән шығарған. Соның ішінде ең танымалы – «Мәңгілік әуен» әні» деді ол. Иә, дүйім елді ғажайып әсем сазға толы дауысымен тебіренткен ұлы тұлғаның өнері халықпен бірге жасай береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды