«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мәмбетов пен Жұбанованың жалғасы

0 192

Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік академия­лық филармониясы симфониялық оркестрінің ХХ концерттік маусымы композитор, педагог Әліби Мәмбетовтің шығармашылығына арналған кешпен ашылды.

Тектінің тұяғы, атақты режиссер Әзірбайжан Мәмбетов пен әйгілі композитор Ғазиза Жұбанованың ұлы Әліби Мәмбетов ата-анасының өнердегі жолын жалғастырды. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны қос бірдей «Композиция» және «Домбыра» мамандығы бойынша тәмамдады. Әліби Мәмбетов аталмыш өнер ордасында оқи жүріп, дәстүрлі қазақ музыка өнерін заманауи композиторлық техни­камен үйлестіріп, өз ба­ғыт-­­бағдарын анықтай бас­­тады. Жас таланттың шы­ғармалары сол кезде-­
ақ Алматы, Ереван, Мәскеу сынды шаһарларда орындала бастады. Ал студенттік жылдары өзі мүшесі болған «Ноғайлы» квартетінің музыкасы Қазақ радиосының «Алтын қорына» енді.
Әліби Мәмбетов симфо­ниялық, камералық-аспаптық, вокалдық музыканың дамуына үлес қосты. Бірқатар көркем және ани­мация­лық фильмдерге, теле­бағдарламаларға музыка жазды. Бастап­қыда анасымен бірге әке­­сінің спектакльдерін әуенмен әрлеп, жалпы алғанда, 30-дан аса драмалық қойылымдарға арнап шығармаларын тудыр­ды. Атап айтқанда, «Дос бедел дос», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Қозы Көрпеш-
Баян Сұлу», «Біз бесеу едік», «Ваня ағай», «Шағала», т.б. спектакльдер музыкасының авторы атанды.
Өмірінің соңғы жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында қызмет істеді. Композитордың дүниеден озғанына бір жылға жуықтады. Елордадағы концертте әріптестері, шәкірттері асыл бейнесін еске алып, шығармаларын орындады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды