«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Малынған» түлектер кешінен кімдер бас тартты?

0 16

Ертең, дәлірек айтсақ, 12 маусымда Қазақстан бойынша барлық мектептерде дәстүрлі түлектер кеші өтеді. Соңғы жылдары аталған іс-шараның дүркіреп тойлануы жиілеп кеткен-тұғын. Балалардың қымбат лимузинмен қаланы қыдырып, «мен» деген мейрамханада даңғаза-думан ұйымдастыруы кей ата-аналар тарапынан наразылық туғызған. Өйткені әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін бір кешке шаш-етектен ақша шығындау оңай емес. Біздің шаһардағы биылғы ахуалды байқап көрмек ниетпен жуырда елордалық мектеп оқушылары арасында сауалнама жасаған едік.

 

 

 

Динара Сәдуақасова, Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы:

Бастамамызды қырық шақты мектептің оқушылары қолдады

«Жас Ұлан» ұйымының кезекті отырысы барысында түлектер кеші туралы әңгіме болды. Балаларға «кім қалай тойлағалы жатыр?» деген сұрақ тастадым. Сол кезде олардан кейбір мектептің шәкірттері түлектер кешін шетелде өткізетінін, қыздардың бір кеште екі-үш көйлек ауыс­тыратынын, ұлдардың костюмдері 200-300 мың теңгенің маңайында тұратынын естідім. Менің таңданысыма олар түрлі уәж айтты. Біреу­лері өмірлерінде бір-ақ рет болатын бұл кешті барынша әсерлі ету үшін қанша шығын шығарса да орынды деген пікірде болса, енді бірі өздері қарапайым кешті қаласа да, ата-аналардың «балам ешкімнен қалмасын» деген тілекпен ұйымдастырушылық жұмысқа өздері кіріскендерін айтты. Сонда жиналған енді бір оқушылар бұл кешті мүлде жаңа форматта, мысалы, табиғат аясындағы шағын пикник түрінде немесе балалар үйінің тәрбиеленушілерімен бірге тойлайтындарын жеткізді. Осы идеялар бәрімізге ұнағаны соншалық, аталған тақырыпта әлеуметтік бейнеролик түсіретін болып шештік. Оқушылармен бірлесіп сценарий жазып, сол бойынша жасұландықтардың өздері рөлдерді алып шықты. Ролик дайын болған соң, оны қалалық Білім басқармасының коллегиясында көрсеттім. Коллегияға шаһар әкімі де, білім министрі де қатысқан-ды. Олардың да тарапынан идеямыз жақсы бағаланды. Көп ұзамай әлгі видео түрлі чаттарға, әлеу­меттік желілерге тарала бастады. Бастамамызды қолдап, «малынған» түлектер кешінен бас тартып жатқан оқушылар аз емес. Олардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласының өзінде қырық шақты мектептің балалары бар.

Диана Абадова, №10 мектеп-гимназияның түлегі:

Кеш орнына көңілді пикник жасаймыз

Түлектер кешін қалай өткізу туралы мәселе біздің сыныпта да көтерілді. Тым даңғаза думанға басынан-ақ көп бала мен ата-­ана қарсы болды. Оның үстіне, мейрамханадағы кештердің бәрі жаттанды форматта жүзеге асады. Ақшалай шығыны – бір бөлек, қызықтылығы жағынан да оңып тұрғаны шамалы. Ақылдаса отырып, біз жаңа форматта – табиғат аясында тойлауды жөн көрдік. Тойлағанда да тек өзіміз емес, ата-аналарымызбен бірге қала маңындағы демалыс орындарының бірінде боламыз. Онда таза ауада тамақтанып, түрлі ойындар ойнап, белсенді демалыс ұйымдас­тыруға мүмкіндігіміз болады. Бізге ең басты керегі эмоция емес пе?! Ертеңгі күні жымиып еске алып отыратындай отырысты дәл осындай табиғат аясында жасағалы тұрмыз. Оның бағасы да қолжетімді, шамамен 10 мың теңгедей болады.

Индира Газез, №22 мектеп-гимназияның түлегі:

Сыныбымдағы 12 оқушы түлектер кешіне бармайды

Сыныбымда 27 оқушы бар, оның 12-сі түлектер кешіне барудан бас тарттық. Өйткені меніңше, бір сәттік нәрсеге бір айлық жалақыдай ақша шығарғанша, оны әлдеқайда орынды мақсатта жұмсау керек секілді. Мәселен, құрдастарым адам басына 60 мың теңгеден жинап жатыр. Бұл сомаға мейрамхана мен лимузин кіреді. Егер ата-анасы еріп келер болса, онда қосымша 15 мың теңге тағы қосу керек. Кешке киетін киім, шаш үлгісі, мэйкап дегендерге – бөлек шығын. Ақыры өзім секілді 12 сыныптасым бұл кешке бармай-ақ қоялық, есесіне шағындап қана атап өтелік деп келістік.

Данияр Бекетов, №66 мектеп-лицейдің түлегі:

Шараға қарапайым киіммен келеміз

Жасұландықтар болып түсірген әлеуметтік бейнеролигімізде біз қымбат лимузинге шығынданбай, бағасы бас айналдырарлық костюмдер мен көйлектер таңдамай-ақ әсерлі түлектер кешін ұйымдастыруға болатынын айттық. Өзім оқитын мектепте де бұл идеяны қызу қолдады. Түлектер кешінен мүлде бас тартуға да болар еді, бірақ ата-аналарымыз «Бұл – сендердікімен қатар біздің де мереке. Сондықтан мейрамханада бір кештің болғаны дұрыс» деп оқу жылы басынан бері ақша жинауға кіріскен. Ал басқа сән-салтанаттың ешқайсысын жасамаймыз. Мысалы, сыныбымыздағы бірде-бір ұл немесе қыз кешке жаңа киіммен келмейді деп уәделестік. Бұл орайда ол мектеп формасымен келе ме немесе заманауи киім кие ме – өз еркі, бастысы, сол үшін бірде-бір тиын шығындамауы тиіс.

Дина Сартаева, Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейдің түлегі:

Көйлек пен салонға кетер ақшаға ноутбук аламын

Түлектер кешінде лимузин жалдап, сәнді киімдер кию – құрдастарым арасында бар дәстүр. Бірақ есептеп қарасаң, бір кештік осы нәрселерге әжептәуір қаржы кетеді. Мысалы, сауда үйіндегі көйлектердің бағасы шамамен 50 мың теңгенің маңайында, оған шаш үлгісі мен макияжды қосыңыз. Соңғы екеуіне кемінде 15-20 мың бересің. Анаммен ақылдаса келе осы шығындарды барынша азайтып, үнемделген қаражатқа университетке түскенде керек болатын ноутбук алайық деп шештік. Ақшаны қалай үнемдеуге болады? Макияж мен шаш үлгісін үйден-ақ жасаймын, көйлекті те қымбат бутиктен жаңасын емес, қарапайым дүкеннен жалға алуға болады.

АМЕРИКАЛЫҚ ТҮЛЕК ҮЙСІЗДЕРГЕ ПИЦЦА-ПАТИ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Салтанатты түлектер кешінен бас тарту дамыған елдерде жаңа тренд ретінде қалыптасып келеді. Z-толқыны өкілдерінің бірі, америкалық түлек Линн Карраско да мектеп бітіру кешінің орнына үйсіздерге пицца-­пати ұйымдастырып беріп, сауапты істің бастамашысы болды.

Техас штатының Хьюстон қаласында тұратын оқушы қыз өзінің мектеппен қоштасу күнінде 95 пицца пісіріп, онымен үйсіз әйелдер мен балаларды тамақтандырған.
– Барлық адамда менікіндей таңдау жоқ. Сонша ақшаны ауаға шашып, той тойлап жүрсем, менікі әділетсіздік болар еді. Көмекке мұқтаж адамдар өте көп. Ең болмағанда, солардың азғантайына болса да жәрдемім тигеніне қуаныштымын, – дейді ол CNN-ге берген сұхбатында.
Линның бұл бастамасына қолдау білдірген дос­тары пицца-пати жасайтын күннің алдындағы бір ай бойы үйсіз кісілер үшін сыйлықтар әзірлеген. Олар тіс пастасы мен щеткасы, сүлгілер және дезодоранттарды үйсіздерге арналған мекеннің тұрғындарына сыйға тартқан.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды