-->

МАХАББАТТЫҢ ШЫНАЙЫ МЕКЕНІ

9-10 қазан күндері Бейбітшілік және келісім сарайында «Astana Musical» театрының кезекті премьерасы көрермендерге жол тартады. «Астана – менің махаббатым» аталатын бұл туынды либреттосының авторларыы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков және Артур Оренбургский. Қоюшы режиссері – Асхат Маемиров.. Мюзикл барысында Абай Құнанбайұлы, Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақтоты райымқұлова, қайрат баекенов және хамит шаңғалиевтың шығармалары орындалады.

«Жаңа мюзиклде елорданың келбеті көрініп, Астана – арман­дардың орындалып, үкілі үміт­тердің ақталатын қаласы ре­тін­де сипатталады. Әсіресе, «Бәй­теректің» қасиетін, киесін ашып көрсеткіміз келіп отыр. Яғни, «Бәйтерекке» шын ниетімен ала­қанын жайып келген адамның тіле­гі қабыл болатынын ашқымыз келеді» дейді режиссер.
Оның айтуынша, шығарманың желісі былайша тарқатылады: өт­кен ғасырдың отызыншы жыл­дардағы аштық кезінде жер ауып кеткен жас бала кейін ақсақалға айналады. Францияда тұратын ол Жанар атты неме­ресін атамекеніне жібереді. Жанар Астанаға ке­ліп, әншілердің халықаралық байқауына қаты­сады. Жеңімпаз атанып, осы жерде Нұржан деген өзінің махаббатын кездестіреді. Жанардың махаббаты жолы болмай, мамандығын анықтай алмай жүрген жігітті өзгертеді. Содан Нұржанда нағыз қазақ жігітіне тән бүкіл қасиеттер ашыла түседі, ол өзін қалай тұлғаға айналып кеткенін де аңғармай қалады.
Бұл қойылымда екі жастың махаббаты арқау етіліп, сол арқылы ұлтымыздың бойында сақталған отбасылық құндылықтар на­си­­хат­талмақ. Шығармадағы Жанар­дың: «Эйфель мұнарасының қасын­да жүріп, Париж ғана махаб­бат қаласы деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, махаббаттың шынайы мекені, ғашықтардың өлкесі – Астана екен ғой» деген сөзі Астана атын асқақ­татуға ғана бағытталмай, көрер­мендерді ойландыру үшін қосылған.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*