«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Маэстро

0 49

Рухани жаңғыру – «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын» деп жеңіл ұйқасқа құрылған жеңілтек әндерді емес, қазақ сахна өнерінің інжу-маржандарын, классикалық өнер шеберлерінің әндерін насихаттау, бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру.

ҚР еңбегі сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай – қазақ операсы мен классикалық музыкасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан өнердегі биік тұлға. Ленинград консерваториясының түлегі. Талғамы жоғары классикалық әнші. Сахнада әнді жанды дауыспен орындайды. Опера және балет театрында талай-талай керемет рольдерді сомдаған. Кезінде Ғ.Мүсіреповтің өзі үлкен баға берген. Кенжеғали – дала елінің дәстүрін, мәдениетін, дүниетанымын, сырын, бояуын бойына сіңірген жан-жақты әнші.
Жақында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ҚР Тұңғыш Президенті атындағы аудиторияда «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбайдың «Өнер тұғыры» атты дәріс-концерті өтті. Аталған шарада классикалық өнер шебері студент-жастарға қазақ операсының тарихын баяндап, Абай атындағы қазақ опера театрының іргетасын қалаған әншілер және опералық спектакльдер жазған композиторлар туралы мағлұматтар берді. Ария, романс, халық әні, эстрадалық шығармаларды орындап, қойылған сұрақтарға жауап берді. Қазақ опера саласының дамуына айрықша үлес қосқан халқымыздың дарынды тұлғаларын таныстырды. Қазақстанның айтулы сахна саңлақтары: Кәукен Кенжетаев, Күләш Байсейітова, Рабиға Есімжанова, Мұқан Төлебаев, Манарбек Ержанов, Қалибек Қуанышбаев, Зейнеп Қойшыбаева, Ришат, Мүсілім Абдуллиндер, Байғали Досымжанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Қанабек Байсейітов, Әміре Қашаубаев сынды опера маржандарының өнерге қосқан орасан зор үлес­терін дәріптеді.
Залдан «Қазіргі таңда эстрадада фонограммамен елді алдап жүрген әншілер туралы не ойлайсыз?» деген сауал қойылды. Маэстро: «Әу» демейтін қазақ жоқ. Аздаған дауысын өңдеп, ән айтады. Фонограмма, телевидение, клип, жұлдыз болып шығарады. Мен кәсіби әншілікті 10 жыл оқыдым. Бүкіл дүние жүзінің классикасын айт­қан адаммын. Қазіргілер 10-15 ән жазып алады да, «жұлдызбын» дейді. Солардың кесірінен нағыз таланттар көлеңкеде қалып жатыр. Қазақстанға 15-20 кәсіби әнші жетіп жатыр. Олар арияны да, халық әнін де, эстраданы да – бәрін де айтар еді. Әнді бұзып айтып, жастардың санасын улап, талғамын бұзып жатыр. Жаңа сіздердің алдарыңыз­да орындаған Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнін «Дауыс International» тобындағы төрт қыз бұзып орындайды. «Мынаны тоқтатыңыздар» деп телевидениеге де айтып жүріп тоқтаттым. Сол төрт қыздың орындауындағы «Қарлығаш» әнін тыңдаған қазіргі жастар «әннің айтылуын осылай қабылдайды» деп қынжыла жауап берді.
Сондай-ақ, концерттік бағдарлама ұсынылды. Қалың қауымға ерекше өнерімен танылып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген күміс көмей әнші Қазақстан композиторларының ғана емес, шетел классиктерінің әндерін де орындады.
К.Мыржықбай Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас», А.Жұбановтың «Қарлығаш», «Перская красавица» операсынан француз композиторы Жорж Бизенің «Смиттің серенадасын», «Гори, гори, моя звезда» орыс романсын, Естайдың «Құсни Қорлан», С.Мұхамеджановтың «Әйтеуір сол бір қыз сұлу», Ш.Қалдаяқовтың «Әнім сен едің», Жаяу Мұсаның «Ақсиса», Ә.Бейсеуовтің «Сырласу вальсі», М.Жанболатовтың «Сағындым Сарыарқаны» әндерін жоғары кәсіби деңгейде орындағанда, жастар әншінің орындау шеберлігіне тәнті болды.

Жұлдыз ТОЙБЕК,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің аға оқытушысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды