«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мәдениет пен спорт нысандарына мән берді

0 51

Астана қаласы мәслихатының жақында өтетін кезекті сессиясында қалада мәдениетті, дене шынықтыру мен спортты дамыту жайы қаралады. Осыған байланысты мәслихат депутаттары екі күн бойы бірқатар мәдени және спорт нысандарын аралап, олардың жағдайымен танысты. Аталған салаларда жетістіктермен қатар кемшіліктер жетіп артылады екен. Соның ішінде депутаттар түйткілдерге назар аударды.

ЖАСТАР САРАЙЫ ЖАСТАРҒА АРНАЛАДЫ

Жуырда Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Жастар жылының басталуына орай биыл Жастар сарайының базасында «Jastar Synergy» елордалық жастар хабы құрылатынын мәлімдеді. Хаб жаңашыл жастарға, жас кәсіпкерлерге, фрилансерлерге, цифрлық аудиторияға көпбейіндік қызмет көрсетіп, жастар мен мемлекеттік органдарды біріктіретін ресурстық орталыққа айналады. Межелі міндетке жету үшін қала басшысы Жастар сарайын жөндеуге тапсырма берді. Депутаттар алдымен осы нысанға ат басын бұрды.
Қалалық мәслихаттың депутаты әрі осы мәдени ошақтың директоры Сергей Солодовников­тың айтуынша, нысанға, шынымен де, күрделі жөндеу керек. 1974 жылы салынған ғимараттың тозығы әбден жеткен. Коммуникациялардың 80 пайызы жаңартуды қажет етеді. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
– Қала басшысының тапсырмасымен жақында Жастар сарайы Мәдениет және спорт басқармасының балансынан алынып, «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне берілді, – дейді С.Солодовников.
Айта кететін жайт, мәдени ошақта бүгіндері он екі үйірме жұмыс істейді. Оларға 200-ден аса бала барады. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үйірмелерге тегін қатысады. Ақылы үйірмелер де бар. «Мұның себебі, бізді 31 пайызға ғана қалалық бюджет қаржыландырады. Қаржының қалған 69 пайызын өзіміз табамыз. Мекемеде 143 адам жұмыс істейді. Оларға жалақы төлеу үшін айына шамамен алғанда 7 миллион теңге табуымыз керек. Сол ақшаға кабинеттерде ағымдағы жөндеуді де жасап жатамыз» дейді мекеме директоры.

ТЕАТР ЖЕРТӨЛЕСіНІҢ ТҮЙТКІЛІ

Бүгіндері «Жастар» театры отыр­ған ғимарат 1954 жылы салынып, бастапқыда «Теміржолшылар» сарайы аталды. Қала Астана атанған соң, онда К.Бәйсейітова атындағы опера және балет театры орналасты. 2015 жылы «Жастар» театрына берілді.
Мәслихат депутаттары нысанға барғанда 15-16 наурызда премьерасы өтетін «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясына дайындығының үстінен түсті. Спектакльді қоюшы режиссер Нұрқанат Жақыпбай депутаттарды премьераға шақырды.
– Осыдан төрт жыл бұрын театр­ды жөндеуге 150 миллион теңге бөлінді. Алайда қазір бізді осы театрға қатысты бір нәрсе қатты мазалап отыр. Мәдени ошақтың жертөлесін көктем шыққанда жерасты сулары басады. Бұл жағдай бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатыр. Мәселені шешуге, яғни жертөлені жөндеу­ге 89 миллион теңге керек. Осы қаржыны қанша сұрасақ та, сұранысымыз қанағаттандырылмады, – деді Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.
Осыған ұқсас жағдай ілгеріде театрмен көршілес С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен №1 қалалық емханада да орын алған екен. Бұл туралы айтқан қалалық мәслихат депутаттары, аталмыш университет ректоры Ақылбек Күрішбаев пен Мәжит Шайдаров мәселені қалай шешкендерін жеткізді. Дренаж бен гидрооқшау­лау жасатқандарын, бұл жұмыстар қымбатқа түссе де, түйткілді шешетінін айтып өтті.
Жертөледен жоғары тура сахна орналасқан екен. «Төменнен келетін ылғал әртістердің денсау­лығына да зиян ғой. Өк­пелеріне бір суық тисе, қайта-­қайта ауыра береді ғой» деген М.Шайдаров мұның тағы бір кері әсерін тіліне тиек етті.
Жалпы, ғимаратқа техникалық аудит жасалып, жертөле апатты болып танылған. Депутаттар төмен түсіп, жағдай шынымен күрделі екендігіне көз жеткізді. «Нысанда К.Бәйсейітова атындағы опера және балет театры отырғанда, яғни 1999-2015 жыл­дардың аралығында мұнда мүлде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген» деді Б.Мажағұлов. Жертөледегі арматуралар шынымен шіруге айналыпты. Сол себептен сахнаның да опырылып түсу қаупі туындаған. Осының бәрін ескерген мәслихат депутаттары кезекті сессияға дейін жертөлені жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, ұсыну керектігін айтты.

ЦИРКТЕ ШАТАҚ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Еліміздің төрт қаласында цирк жұмыс істейді. Соның бірі де бірегейі – «Астаналық» цирк. Депутаттар бұл нысанға барғанда мекеме директоры Ерік Жолжақсынов циркті аралатып, екі түйткілді жеткізді. Біріншіден, ғимарат 2005 жылдан бері жөндеу көрмеген.
– Тиісті талап бойынша цирк күмбезі өртке төзімді материал­дан болуы керек. Құрылыс кезінде бұл талап сақталмай, кәдімгі шүберек ілінген. Жаман айтпай, жақсы жоқ, алда-жалда ғимараттан өрт шығатын болса, не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Біздің көрермендеріміз – балалар ғой. Жылына оларға арнап 120 қойылым қоямыз. Бірнеше жыл бұрын күмбезді жөндеуге 29 миллион теңге сұрадық. Сұранысымыз қанағаттандырылмады. Сосын инфляцияға ұрынып қалдық, – деді Е.Жолжақсынов.
Оның үстіне, циркте төтенше жағдайлар кезінде шығатын үш есік бар еді. Біреуін қазір ғимараттың төменгі қабатында орналасқан дәмхана иесі жауып тастаған. Бұл тамақтану орны «Астана» ӘКК» ҰК арқылы жалға берілген. Иесі цирк директорын пысқырмай, ойына келгенін істеп отыр. Өзі жаптырған есік жақта құрылыс жүргізіп, қабырға қалап тастады. «Бұл әрекетіңізбен көрермендерге, цирк қызметкерлеріне қауіп тудырып отырсыз десем, көнбейді. Жалпы, Төтенше жағдайлар департаментінің де ескертуін елемей отыр. «Жоғарыда мықты тірегім бар. Маған ештеңе істей алмайсыңдар» деп отырып алды. Оның үстіне, дәмхана сатып алу құқығымен оған жалға берілген. Келісімшартты оқығанымда соған көз жеткіздім» деді цирк директоры.
Бұл келеңсіздікті естіген қалалық мәслихат депутаттары мұнда біраз түсініксіз жағдайлар орын алып отырғанын айтты.
Мұның анық-қанығы кезекті сессияда анықталуы тиіс.

НӨСЕРДІҢ КЕСІРІ

«Мәңгілік ел» салтанат қақпасының ішінен екі-үш жыл бұрын көрме галереясы мен шолу алаңы ашылды. Келушілер нысанға жерасты өткелі арқылы кіреді. Алайда нөсер жауғанда оған кіру мүмкін емес. Төбеден су сорғалап, кіреберісті алып кетеді. Соның кесірінен жасалған жөндеу жұмыстары да далаға кетіп жатады. Жағдайды ретке келтіру үшін өткелдің үстінен өтетін көліктер жолының қабатын түгелімен ауыстыру қажет. Бұл туралы айтқан Б.Мажағұлов осы жұмыстарға 600 миллион теңге керектігін жеткізді. Оның үстіне, 21,5 метр биіктіктегі шолу алаңынан жұмыскерлер қарды қолмен шығарады.
Екінші күні мәслихат депутаттары дене шынықтыру және спорт нысандарын аралады. Алдымен Олимпиадалық резервтің №4 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне барғанда мұндағы түйткілдермен Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Берік Маржықбаев пен мектеп директоры Мақсат Қадырбаев таныстырды. Нысанның төбесінен су ағады екен. Негізі, су спорты түрлеріне арналған мектепте бассейн де жоқ. Жас спортшылар бұрын «Қазақстан» спорт кешеніндегі бассейнге барып да­йындалса, қазір ондағы бассейн жөндеуге жабылып, балалар «Барыс Арена» мұз сарайына баруға мәжбүр. Бұл жағдайға ата-аналар наразылық танытып отыр.
Айта кетерлігі, «Қазақстан» спорт кешені екі жылдай бұрын «Астана» ӘКК» ҰК басқаруына берілді. Алайда мойнына алған міндетті компания баяу атқарып отыр. Апатты болып танылған бассейн біраз уақыттан бері істемей тұр. Тиісті жобалық-сметалық құжат та әлі жасалмаған. Мәслихат депутаттары спорт кешеніне барғанда осыны білді.
Бұған қоса, депутаттар «Барыс Арена» мұз сарайына, жақында ашылған Паралимпиялық жаттығу орталығына, «Алан» гимнастика академиясына барды. Алғашқы нысанда түйткілдер мүлде жоқ деп айтса да болады. Мұз сарайы автономды жылу жүйесінде отырып, бұрын біраз қаржыны далаға кетірсе, биыл орталық жылу жүйесіне қосылмақ. Ал қалған екі нысан бойынша біраз жұмыс істеу керек. Аралау барысында депутаттар көңілдеріне бірталай нәрсені түйді. Енді кезекті сессияда анықталған мәселелер жан-жақты қаралуы тиіс.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды