LRT ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛА МА?

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Қытайға жұмыс сапарымен барып, Бейжіңнің мэрі Цай Цимен кездесті. Аталған сапарда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында елордада Бейжің күндерін өткізу жайы талқыланған болатын. Сондай-ақ, кездесу барысында 6 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жеңіл рельсті көлік (LRT) құрылысы  туралы да келіссөз жасалды.

3333

Қала әкімінің айтуынша, Қазақ­стандағы Қытай туризмінің жылы шеңберінде іскерлік және мәдени байланыстарды кеңейтудегі турис­тік саланың әлеуеті зор. ҚХР Халық­аралық сауданы қолдау жөніндегі комитетінің ақпаратына сенсек, «ЭКСПО-2017» шеңберінде 300 мыңға жуық турист елімізге сапарлап келуді жоспарлап отыр. Ал осы жылдың 16-18 маусымынан бастап үш  ай бойы Астанадағы Бейжің күндері аясында Қытайдың 22 провинциясының делегациялары өз экспозиция­ларын ұсынып, өздерінің іскерлік әлеуеті мен мәдениетін  таныстырмақ.

Сондай-ақ, кездесу барысында Қазақстан мен Қытайдың бірлескен  жобасы болып саналатын жеңіл рельсті көліктің (LRT) құрылысын іске асыру мәселесі талқыланды. Өйткені қала әкімі Астана мен Бейжің арасында көлік басқару саласында тұрақты әріптестікті және тәжірибе алмасуды жолға қоюға мүдделі болып отыр. Сондықтан болса керек, Әсет Өрентайұлы Бейжіңнің көлік жүйесін басқару орталығында болып, Қытай астанасында ірі шараларды өткізу кезінде көлік жұмысын ұйымдастырумен танысты.

Негізі, жеңіл рельсті көлік құрылысы туралы 2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқан болатын. Алайда соңғы 6 жылдан бері бұл мәселе шешімін таппай келе жатыр. Әйтпесе халықаралық мамандандырылған көрме кезінде жалпы ұзындығы 22 шақырымды құрайтын жеңіл рельсті көліктің құрылысы аяқталу керек еді. Аталған жол әуежайдан басталып, ЭКСПО қалашығы, Абу-Даби Плаза және де жаңа вокзал аралығын қамтымақ болған.

Өкінішке қарай, елорда үшін аса қажет осы жоба әлі де іске асар емес. Ал қала әкімінің Қытайға жасаған жұмыс сапарынан кейін бұл мәселе қандай деңгейде? Бір қызығы, бұл сұраққа осы салаға жауапты Жолау­шылар көлігі басқармасынан жауап ала алмадық. Өйткені аталған басқарманың ЛРТ-ны ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Арғын Төлеутаев ресми хат жазбасақ, жауап бере алмайтынын кесіп айтты.
Ал елорда тұрғындары үшін жеңіл рельсті көліктің маңызы күн өткен сайын артып бара жатыр. Себебі жыл сайын тұрғындары өсіп отырған Астанаға еліміздің әр аймағынан келген халықтың қарасы қалың. Осындай келеңсіздіктен шығудың бірден-бір жолы жеңіл рельсті көліктің тез арада іске қосылғаны еді. Өкінішке қарай, аталған мәселеге қағазбастылық пен төрешілдік кедергі келтіріп отырған сияқты.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Сонымен қатар

Welcome to Astana – ШЕТЕЛДІК ТУРОПЕРАТОРЛАРДЫ АСТАНА ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ

Астанаға Қытай, Иран және ТМД елдерінен 80 туроператор келіп, «Астана Конвеншн бюросының» ұйымдастыруымен өткен «Welcome …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған