«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Латынша жазудың емле ережесі мақұлданды

0 168

Латын әліпбиіне көшу еліміздегі тарихи оқиғалардың бірі саналады. Өткен жылдың соңында Ұлттық комиссия латын графикасына негізделген қазақ жазуының емле ережесін мақұлдады. Енді, міне, жаңа емле ережесі жарыққа шығып, жұртшылыққа таныстырылып отыр.


Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық топтың мүшесі Гүлфар Мамырбектің айтуынша, кез келген тілде емле ережелері көпшілікке бірдей ортақ болуы шарт. Егер емледе бірізділік сақталмаса, қиындық пен ала-құлалық орын алатыны мәлім. Бұл жаңа емлеге дейін де жазба тіліміздің нормаланған жүйесі, жазылымдағы тұрақтанған өзіндік қағидалары болды. Сондықтан жаңа емленің басым бөлігінде дәстүрлі жазу нормасы сақталды.
– Жаңа емлені құрастыру барысындағы ауқымды жұмыс­тарды жүзеге асырып, емленің толыққанды дайын болып шығуына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетіне қарасты «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мұрындық болды. Ал емле ережелерін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары құрастырып шықты. Бұл емле жарияланғанға дейін бірнеше талқылаудан, сараптаудан, сұрыптаудан және сынамадан өтіп, халыққа ұсынылып отыр. Жаңа әліпби ұлттық тілдің ерекшеліктері мен заңдылықтарын сақтауға үлкен жол ашқаны анық. Әрине, әліпби ауыстырғанда жазуға реформа жасалады, сондықтан да емледегі өзгеріс­тер қалың жұртшылыққа бірдей ұнауы да, ұнамауы да, түрлі сын, пікірлердің орын алуы да мүмкін. Жетпіс жыл бойы, әсіресе шеттілдік сөздерді орыс орфографиясымен таңбалап, орыс орфоэпиясымен айтып үйреніп қалған халық үшін оларды «сындырудың» емледегі үлгілері өрескел болып қабылдануы да – заңдылық. Жалпы әлемдік тәжірибе бойынша емле ережелерін халықпен санаспай-ақ, арнайы құрылған топ мүшелері мен тіл мамандары дайындайды да, заң түрінде қолданысқа ендіреді. Халық соған бағынады. Ал біздегі артықшылық, емле ережесі қоғамдық талқылаудан, сарапшылар сұрыптауынан өтіп барып мақұлданып отыр. Ең бас­тысы, егемен елдің тәуелсіз жазуына жасалған алғашқы қадам құтты болсын!, – деді тілші-ғалым.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды