-->

Латын қарпіне көшу – күрделі үдеріс

Елбасы мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездесті, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

Жиында Мемлекет басшысына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, әзірленген қазақ ті­лінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды.
Қазақстан Президенті мемлекеттік тілді реформалау рухани жаңғыру бағ­дарламасы аясындағы маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті.
– Бұл күндері қазақ тілі­нің жаңа әліпбиіне бай­ланыс­ты мәселе қоғамда қызу талқылануда. Оған көптеген адам қатысты. Латын қарпіне көшу туралы идея біз тәуелсіз­дік алған кезден туындаған болатын. Қазақ жазуының латын қарпіне көшуі әрдайым менің айрықша ба­қылауымда болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы ретте, Елбасы латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні бар екеніне тоқталып, бұл мәселені бірлесе шешу қажеттігін айтты.
– Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу ма­ңыз­ды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа әліпбиінің жобасын талқылауға жетекші қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми орта мен жұртшылықтың белсенді түрде атсалысқанына назар аударды.
Кездесу барысында Қазақстан Президентіне ат­қарылған жұмыстардың нәтижелері жөнінде А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек және Ш.Шаяхметов атындағы Тіл­­дерді дамытудың респуб­ликалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Е.Тілешов баяндады.
Елбасы жиынға қатысу­шылардың есебі мен пікірлерін тыңдап, айрықша мән беруді қажет ететін жекелеген мәселелерге тоқталды.
– Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейді. Орыс тілінің кирилл қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады. Ол бұрынғыдай қыз­мет атқара беретін болады. Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы латын қарпіне көшу күрделі үдеріс екенін, сондай-ақ, оның мақсаты тілімізді дамыту және оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау болып табылатынын атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажеттігін айтып, Үкіметке оны кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеуді тапсырды.
Соңында Елбасы қазақ әліпбиін реформалауға қолдау білдірушілерге алғыс айтты.

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*