«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Лаки КЕСОГЛУ, Халық әртісі: ҚАЗАҚТАР МЕНI ҚАТТЫ ЖАҚСЫ КӨРЕДI

0 110

лАКИИИИИИИИИИИИИИИИ

– Білуімізше, сіз Кавказ жерінде дүниеге келіпсіз. Балалық шағыңыз қалай өтті?

Ләйлә, мұғалім

– Иә, мен Грузияның Батуми қаласында туғанмын. Ұлтым – грек. Он жасыма дейін сонда тұрдық. 1949 жылы түрлі ұлт өкілдерін жер аудара бастады. Біз де Қазақстанға көшірілдік. Батумиде негізінен гректер қоныстанған көше бар-тын. Көше тұрғындары көшуге мәжбүр болатынын алдын ала білген сияқты, аяқ астынан ең керекті заттарын жинай бастады. Түнгі сағат 3-4 шамасында бізді көлікке мінгізіп, вокзалға апарды. Ұзақ жол жүріп, қазақ жеріне келдік. Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Темір стансасына түсірді. Келе салысымен жан-жаққа бөле бастады. 10-15 грек отбасымен бірге бізді Сүлі-Кесік ауылына жіберді. Не едені, не пеші жоқ кішкене үйлерге орналастық. Ауыз су да тапшы екен. Алғашында арықтың суын іштік. Кейін арамыздағы ересектер құдық қазып, су шығарды. Сол құдықтың суын ұзақ жыл пайдаландық.

 

– Сізді танымал еткен «Бузуки» әні деседі...

Гүлзира, мұғалім

– Ол рас. Бузуки – грек халқының музыкалық аспабы. Гректің бірде-бір тойы онсыз өтпейді. Осы аспаптың құрметіне арналған «Бузуки» әні 1970 жылдары ерекше сұранысқа ие болды. Мен де осы әннің арқасында танылдым. Репертуарымда грек, орыс тіліндегі әндер көп. Мәтіні орыс тіліне аударылған қазақ әндерін де көп орындадым. Ал, қазақ тілінде әнді кейінгі жылдары ғана айта бас­тадым. Жаман шықпаған сияқты.

 

– Ата-анаңыз қандай адамдар еді?

Диана, бухгалтер

– Әкем Константин он саусағынан өнер тамған шебер адам болатын. Қазақстанға келген соң, зауытта жұмыс істеді. Аздап гректің ұлттық аспаптарында ойнайтын өнері бар еді. Музыканы керемет жақсы көретін. Екеуміз түннің бір уағына дейін радиоқабылдағыштан ән тыңдайтынбыз. Анам Панаила Исаакқызы да әнді жақсы айтушы еді. Әкем аспаппен сүйемелдеп, анам ән айтып, талай той-томалақтың көркі де болған.

– «Лаки» деген есіміңіз қандай мағына береді?

Парасат, студент

– Менің шын атым – Пантелей. Құжатымда да солай жазылған. Бала кезімде жақындарым еркелетіп «Панделаки» дейтін. Кейін «Пандесі» жайына қалып, Лаки деп атап кетті. «Лаки» – ағылшынша «бақытты жан» деген сөз. Есімнің адам өміріне айтарлықтай қатысы болатыны рас шығар, білмеймін. Әйтеуір, өзімді бақыттымын дей аламын. Жастайымнан әнші болуды армандадым және сол мақсатыма жеттім де. Өмірдегі өзге жоспарларымның да көбі орындалды. Бала күнімде ұяң, ұялшақ едім. Үлкен сахнаға шығам деп ойламадым. Ән айтатынымды білетін достарым бірде мектептегі кеште сахнаға қоймай итеріп шығарғандай болды. Содан бері сахнадан түскем жоқ. Сол достарыма рахмет (күлді).
1958 жылы Шымкентте музыкалық училище ашылды. Мен – соның алғашқы түлектерінің бірімін. Ата-анам өздері де өнерге жақын болғандықтан ба, батасын беріп шығарып салды. Емтиханнан сүрінбей өтіп, оқуға қабылдандым. Төрт жыл білім алып, 1962 жылы үздік дипломмен бітіріп шықтым.

 

– Қазақ эстрадасының бірнеше буынын тәрбиелеген ұлағатты ұстазсыз. Шәкірттеріңіз біраз жетістіктерге жетті. Солар туралы айтып беріңізші…

Мақсат, қала тұрғыны

– Білесіз бе, менің шығармашылық, әншілік өмір жолым ауыз толтырып айтарлықтай жемісті болды дей аламын. Осында тұрып, қызметке араласып, талай студент жастарды, өз ізбасарларымды тәрбиелеп шығардым. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында эстрада өнері кафедрасы ашылғанда мені алғаш рет осы кафедраның меңгерушісі етіп тағайындады. Бұл – Қазақстан бойынша тұңғыш ашылған кафедра.
Қазір шәкірттерімнің аттарын атасам, олардың барлығын танисыз. Менің алғашқы қарлығашым – Нағима Есқалиева. Оның өзі қазір Халық әртісі. Жеңіс Ысқақова, Айжан Нұрмағамбетова, Сәкен Майғазиев – бұлардың барлығы еңбек етіп, мемлекет тарапынан атақ-дәрежеге ие болғандар. Оған қоса, көптеген студенттерім – біраз байқаулардың лауреаттары. Олар – Алмас Кішкенбаев, Әсем Жәкетаева, Әлішер Каримов. Динара Сұлтан деген сүйікті шәкіртім халықаралық «Славян базары» байқауынан үшінші орын алды, Эстонияда өткен байқаудың гран-при иегері, Ресей мәдениет министрлігінің грамотасымен марапатталған. Болашақта да қуанта беретіні сөзсіз. Өнер жолы – ұзақ жол. Мен өзім кәсіби маман болу үшін тоғыз жыл оқыдым. Сол сияқты барлық әншілер де білім алса екен деймін.

 

– Еңбек жолыңыз қалай бас­талды?

Майра, мұражай қызметкері

– Менің шығармашылық өмірім Қазақ телерадиосымен тікелей байланысты. 1964 жылы сондағы талантты дирижер Василий Лисица басқарған симфониялық оркестрге әнші болдым. Ол кезде студентпін. Ал 1972 жылы ресми түрде жұмысқа қабылдады. Содан табаны күректей 26 жыл осы қарашаңырақта еңбек еттім. Мұнда қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары – Рашид Мұсабаев, Суат Әбусейітов, Зейнеп Қойшыбаева, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Венера Қармысова секілді өнерпаздар еңбек етті. Осы уақыт аралығында өзім қызмет ететін ұжымның барлық концерттеріне қатысып, 400-ден астам ән жаздырдым. Республикадағы ән фестивальдерінен, телетүсірілімдерден қалмайтынмын. 1972 жылы алғаш рет Мәскеудегі Одақтар үйінің колонналы залында өтетін концертте ән айтуға шақырды. Содан бастап КСРО құлағанша жылына 7-8 рет барып, концерттерге қатысып тұратынмын.

 

– Кезінде сіздің ән жинағыңыз миллиондаған данамен шығыпты...

Самал, кітапханашы

– Мәскеуге барып жүрген кезімде «Мелодия» атты дыбыс жазу фирмасымен байланыс орнаттым. Сол жерден 1973-75 жылдары грек әндерінің топтамасын шығардым. Кеңес Одағы кезінде әнжинағым 2 миллион данамен шықты! Бұл көрсеткіштен әлі ешкім асқан жоқ, асады деп те ойламаймын. Бұл – менің кереметтігімнен емес, ол кезде қоғам басқа еді. Осыдан соң мені басқа мемлекеттер де танып, түрлі концерттерге шақыра бастады. Оркестрде жұмыс істеп жүріп, қазақ композиторларымен таныстым.

 

– Лаки аға, гректер өзі қандай халық?

Жасын, оқырман

– Гректер – жақсы халық. Ол жер мәдениеттің, өнердің отаны десем де болады. Біз қолданып жүрген демократия, культура деген сөздер сол гректердікі. Грекияның ежелгі тарихы өте бай. Әдемі ел. Ол жақтан белгілі философтар, әскери қолбасшылар шыққан. Олар – адамгершілігі мол, көңілді халық. Қалжыңдағанды жақсы көреді. Көп көңіл көтеріп, аз жұмыс істегендіктен шығар, дағдарысқа көп ұшыраған (күлді). Момын және биші халық. Ұлттық аспаптары – кеменджидің дауысын естігенде кәрі, жасына қарамай, таң атқанша билеуге бар.

 

– Балаларыңыздың Грекияда тұратынын білемін. Сіздің сол жаққа көшкіңіз келмей ме?

Рахат, оқырман

– Мен осы жерде адам ретінде, тұлға ретінде, музыкант ретінде қалыптастым. Осы жерде білім алдым. Қазақтар мені өте қатты жақсы көреді. Менің өзімді, шығармашылығымды қабылдаған қазақтарға алғысым шексіз. Бұл жерде мені құрметтеп, жақсы көретін көрермендерім, тыңдармандарым бар. Демек, мен осы жерге керек адаммын. Иә, мен балаларды сол жаққа жібердім. Басында, қиналғандары рас, қазір жағдайлары жаман емес. Ең бастысы, істейтін жұмыстары бар. Әрине, олардың алыста болғаны әйелім екеумізге қиын. Дегенмен, әр жыл сайын барып тұрамыз. Оған қоса, демалып қайтамыз. Әйелім – музыкант, пианиношы. Көп уақыт бойы Чайковский атындағы колледжде жұмыс істеді. Үш перзентім бар. Тұңғышым – ұл және екі қызым бар. Қыздарымның екеуінің де музыкалық білімі бар. Алайда, өсе келе музыканы емес, өзге мамандықты таңдады. Ұлым дәрігер болып жұмыс істейді.

 

– Мереке қарсаңында қандай тілек айтасыз?

Жадыра

– Бұл мейрам – сан ғасырлар бойы қазақтың кең-байтақ даласын мекен еткен бірнеше ұлттар мен ұлыстардың ынтымағын одан әрі нығайтып, арман-тілегін бір арнаға тоғыстыратын мереке. Бізде ешкімді нәсіліне, діні мен тіліне және ата дәстүр-ұстанымына бөліп жармастан, достық пен бірліктің нағыз үлгісі көрсетіліп келеді. Сондықтан, ынтымағымыз жараса берсін дегім келеді.

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды