-->

КУРОКАВА ЕСІМІН ҚҰРМЕТТЕЙІК

p_93_045

«Астана ақшамы» газетінің биылғы 29 тамыз күнгі №96 санында Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігінің оқу бағдарламалары тағылымгерлері қауымдастығының президенті (JICA), «Қазақстан және Жапония: достық көпірі» жаршысының бас редакторы Нұрлан Сәрсенбайдың Кисё Курокаваның есімін есте қалдырған абзал» атты мақаласы жарық көрген болатын.

Бұл мақалада  әсем Астананың гүлденуіне үлес қосып, елорданың бас архитектуралық жоспарын жасаған жапон сәулетшісі  Кисё Курокава жайлы кеңірек толғап, оның сәулет саласындағы сәтті жобаларын сөз етеді. Сәулетшінің Астанамыздың бас жоспарын жасау кезінде қолданған тың туындыларын да назардан тыс қалдырмаған. Сондай-ақ, Кисё Курокаваның есімін лайықты құрметтеп, қаладағы саябақ пен гүлзарлардың бірін атақты сәулетшінің есімімен атауды ұсынған. Өте құптарлық ұсыныс.

Кисё Курокаваның табиғаттың мән-мазмұнына айырықша мән берген идеясы жасампаз Астананы көркейтуде одан әрі жалғасын тапты. Елорданың сәулетіне көз салсаңыз, оның әсем келбеті табиғатпен біте қайнасып жатқанын аңғару қиынға соқпайды.

Жоспар бойынша Астанада алдағы уақытта да талай сәулетті нысандар бой көтереді. Ол нысандардың қайда, қалай орналасатыны Астананы дамытудың аймақтық жоспарында көрініс тапқан. Соның бәрінде де елорданың жасыл аймағы, табиғатпен үндестігі бірінші орынға қойылған.

Астананың бас жоспарын жасау кезінде Кисё Курокава кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Алдымен «Қазақстанның жаңа астанасы қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап алу үшін халықаралық байқау жарияланып, әлемдік сәулет өнерінің шеберлері жіберген жүздеген жобалар сараптаудан өткізілді. Жапония, АҚШ, Австралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдерден келіп түскен 50-ден астам жобаның барлығы да Конгресс-холлға қойылып, көптің талқылауынан өткен болатын. Солардың ішінен 27 жоба қазылар алқасының қарауына іріктелді. Сөйтіп, байқау соңында жапон сәулетшісі Кисё Курокаваның жобасы үздік деп танылып, қабылданды. Кисё Курокава Амстердам қаласындағы Ван Гог мұражайы, Куала-Лумпурдың халықаралық әуежайы, Осака қаласының Ұлттық-экологиялық мұражайы, Болгариядағы «Витоша» қонақ үйі, «Сони» корпорациясының мұнарасы сияқты жобалардың авторы. Ол өз жобасында жаңа философиялық көзқарасты тұғыр еткен. Өзінің айтуынша, «ХХ ғасыр механикалық принциптер үстемдік алған дәуір болса, ХХІ ғасыр Өмір принциптеріне көшетін дәуір болады. Ендеше, Қазақстанның жаңа астанасы «симбиоз» атты шешуші ұғымды арқау етуі тиіс». Осы ұстанымы қазылар алқасының жүрегіне жол тапқан еді.

Әрине, заман алға жылжыған сайын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қазақстандық архитекторлар Астана қаласының бас жоспарына өзгерістер мен тың жаңалықтар енгізіп келеді. Дененмен, алғашқының аты алғашқы.

– Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігінің оқу бағдарламалары тағылымгерлері қауымдастығының президенті Нұрлан Сәрсенбайдың жапондық сәулетшінің есімін ұлықтауға қатысты ұсынысына біз бек қуаныштымыз. Соңғы уақытта жедел қарқынмен дамып келе жатқан жас астананың бірінші Бас архитектуралық жобасын жасаушы ретінде оның есімін есте қалдыру үшін Кисё Курокава атындағы Қазақстан-Жапония достығы гүлзары ашылса, игілікті іс болары сөзсіз. Бұл идеяны жүзеге асыру біздің елдер арасындағы байланысты нығайтуға жақсы әсерін тигізері анық, – деп Жапонияның Қазақстандағы елшілігі де бұл ұсынысты қуаттады. Өзге де қоғамдық ұйымдар бұл пікірмен толық келісетіндерін білдірді. Жан-жақтан қолдау тапқан ұсыныс кешіктірілмей жүзеге асырылса, бұл да бір игілікті іс болар еді.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*