«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Күнделікке» көңіл тола ма?

0 232

Қыркүйек айынан бері қолданысқа енген электронды күнделік жобасы Ресейдің «Дневник.ru» сайтының тура көшірмесі болып шықты. «Бақсақ, бақа екен» демекші, жобаның 45 пайызы, расымен де, ресейліктерге тиесілі екен. Бірақ әңгіме ауаны басқада.

Ұстаздарды қағазбастылықтан арылтуға арналған жобаның әу бастағы мақсаты түзу. Дегенмен кемшін тұстары көп екен. Көптің көңілін қалдырған электронды күнделік үшін педагогтардың пайыз қуалап кеткені ақиқат.
Әлеуметтік желіде күнделікке қатысты айтылған ұстаздардың жан­айқайы ойландырмай қоймайды. Ғаламтор жылдамдығы төмен аудан, ауылдарда бұл – өзекті мәселе. Ал мектеп әкімшілігі мұғалімдерді 100 пайыз толтыруға міндеттейді. Аты айтып тұрғандай, күнделікке күнде кіріп, 25 баланың бағасын толтырып, үй тапсырмасын журналға да, электронды күнделікке де түсіріп жүрген олар жұмыстың екі еселенгенін алға тартады.
«Мәселен, бір оқушының бағасын қателесіп қойдыңыз делік. Оны жөндеп қоясыз. Бірақ компьютерде оның бәрі көрінеді. Сондықтан әр дұрыстаған бағаға түсініктеме жаздырып алады» дейді ұстаздардың бірі Досеке Манабаев. Ал Ақұштап Мендібаеваның айтуынша, әсіресе төртінші және бесінші бағандар 100 пайыз болу керек, кезіндегі «стахановшылардың» нағыз өзі болдық дейді. «Шынымды айтсам, мектепте ғаламтор жоқ. Желі ұстамайды. Негізінен, журналды әр сабақта толтыру керек. Оған қоса, қағаз журналды және қалыптастырушы журналды толтырамыз. Ал электронды журналды кешкі сағат 12-ден кейін (ғаламтор жылдамдығы артқанда) немесе таңғы 4-5-терде толтыруға мәжбүрміз. Сонда оның тиімді тұстары қандай?» дейді Гүлшат Шымбаева есімді мұғалім.
Жасыратыны жоқ, компьютердің тілін білмейтіндер үшін қиын дүние. Қате жіберсе де, баға жөндесе де, ғаламтор болмай дәл сол күні тексерілмей қалса да, ата-аналар баласының бағасын тексермесе де кінәлі мұғалімге ескерту беріледі. Ұстаздарды, әсіресе актіленген күндер әуре-сарсаңға салады екен. Ал ата-аналар чатында «Күнделікке кіріңіздерші» деген ұстаздың жалынышты күйін көруге болады. Ұстаз бен оқушыны және ата-аналардың қарым-қатынасын күшейтіп, бір алаңда бас қосуға бағытталған жобаның сиқы осындай. Бұл мәселеге ата-аналардың да алып-қосары бар.
«Қазір барлық ата-ананың үйінде компьютер бар деп айта алмаймын. Сондықтан жобаның қосымшасын телефонымызға жүктеп алдық. Тек сабақ кестесін ғана көре аламыз, ал әрі қарай жиынтық бағаларды көру ақылы. Ай сайынғы төлем – 300 теңге. Бір жылда 3600 теңге төлеу керек. Мектеп жасындағы төрт баламды тексеру үшін төрт поштадан кіремін. Әрқайсысына жеке-жеке кіру міндеттелген» дейді Астана қаласының тұрғыны Айжан Оралбайқызы.
«Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, қазіргі таңда барлық жүйе сандық жүйеге өтіп жатқан тұста электронды журнал – қажет дүние. Алайда жоба авторлары әр мұғалімнің ескер­туіне құлақ асып, тілектерін тыңдауға тиісті. Күнделік жүйесін барынша түсінікті етіп жасақтау қажет. Білім және ғылым министрлігімен 11 жылға келісімшарт жасасқан аталмыш компания тиімсіз тұстарын әрі қарай жетілдіреді деп ойлаймын. Өйткені мұғалімдер әркім ойлап тапқан бағдарламалардың тек орындалуына міндеттелген роботтар емес қой!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды