«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Күй мен жыр тіліндегі тарих

0 44

Елордада «Алмас қылыш» атты күй мен жыр кеші өтті. Қазақ ұлттық өнер университеті мен «Күйшілер одағы» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырған кеш барысында Қазақ хандығы дəуіріндегі (XV-XVIII ғ.ғ.) күйлер күмбірлеп, жырлар шалқыды.

Кеш бағдарламасы негізінен сирек тартылатын, тіпті халықтың құлағына жете қоймаған күйлерден түзілді. Жиналған қауым Кетбұқаның «Ақсақ құлан» күйінен бастап, Байжігіттің «Көкбалақ», Қазтуғанның «Сағыныш», «Қабанбай», «Көк дөнен» осы кеште алғаш орындалған «Қобыланды батыр», т.б. күйлермен сусындады. Бір атап өтерлігі, домбыра күйлерімен қатар, қобыз, сыбызғы күйлері де қамтылды. Сахнаның төріндегі экраннан «Алмас қылыш», «Батыр Баян» фильмдерінен үзінділер көрсетіліп, кешті əрлей түсті.
Күйшілерден Еділ Басығараев, Жұмабек Қадырқұлов, Ардаби Мəулет, Батырлан Əбенов, Раушан Оразбаева, Айтолқын Тоқтаған, Жігер Бертісов, Ақжусан Иманғазықызы өнер көрсетті.
Кештің бір кем түскен тұсы, ұйымдас­тырушылар негізгі назарды күйге бұрып, жырлар аздау болып қалды. Тек Өзбекстаннан келген қарт жыршы Әбдіразақ Поенов «Алпамыс батыр» жырын, Күнсұлу Түрікпен Сыр бойының жырларын толғағаны болмаса, басқа жыршыларды осы шарадан көре алмадық. Осындай концертті жақында ғана жұмысын бастаған Күйшілер одағы алғашқы рет өткізгенін айта кету керек. «Көш жүре түзеледі» демекші, болашақта аталмыш ұйым мұндай олқылықтарға жол бермейді деп ойлаймыз. Қазақ күйіне, қазақ өнеріне қызмет етуді алдына мақсат етіп қойған ұйымға ақ жол тілейміз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды