Четверг, 29 Июнь 2017
-->

КҮЙ МЕН ӘН КОНЦЕРТІ

sajzhanov-2-asli

Белгілі дирижер, күйші, композитор, өнер зерттеушісі, ұлағатты ұстаз, ҚР Мәдениет қайраткері Қарасай Сайжанов 17 ақпан күні сағат 17.00-де Қазақ ұлттық өнер университетінің Жамбыл Жабаев атындағы үлкен концерт залында өтетін «Бабалар аманаты» атты авторлық концертіне шақырады.

Кеш иесі жарты ғасырға жуық шығармашылық ғұмырында 500-ден астам ән мен күй жазып, қазақ, орыс және шетел ком­пози­торларының классикалық шығармаларын оркестрге ла­йықтап түсірді. Көрнекті композитор, музыка зерттеушісі Илья Жақановтың: «Қарасай Сайжанов – жан жүрегі әуезге толы, сонымен ғана тыныстап, бар өмірін өнердің осы бір ғажайып саласын жан-жақты зерделеуге арнаған ойлы музыкант» деген пікірі бар.
П.Чайковский атындағы музыка училищесі мен Құрманғазы атындағы мем­лекеттік консерватория­сында оқып, ҚР халық әртісі, күйші Қали Жан­тілеуовтің, профессор Хабидолла Тас­тановтың шәкірті болып, Батыр Әбдіқалықов, Мәлгаждар Әубәкіров, Кенжебек Күміс­беков және Нұрғиса Тілендиев сынды өнер тарлан­дарының алдынан дәріс алды.
Консерваторияны аяқта­ғаннан кейін жиырма жылға жуық Жезқазған музыка учи­лищесінде ұстаздық қызмет атқарды. Бұдан соң Қарағанды филармониясының Тәттімбет атындағы Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері және аты аталған шертпе күй шебері атындағы музыка колледжінде ұстаз, Нұрғиса Тілендиевтің шақыруымен атақты «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің дирижері болды. Ал Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде оқу орны ашылған уақыттан бастап жұмыс істеп келеді деп айтуға болады.
Әртүрлі оқу ордаларында сабақ беріп жүріп, қазірде музыка өнерінде аттары біраз танылып қалған музыканттарды тәрбиеледі. Сол шәкірттері талай республикалық және халықаралық конкурстарда лауреат атанды. Атап айтсақ, Жомарт Құрықов, Жауһар Ахметова, Маралжан Мырзақұлова сынды оқушылары музыка бәйгелерінде озып келді. Нұрлан Хамзин, Жанғали Жүзбай, Рымхан Әбілханұлы, Байғара Сәдуақасов, Шолпан Қорғанбекова бүгіндері ел алдында өнерімен көрініп, өздері де шәкірт тәрбиелеуде.
Қарасай Сайжановтың ұлы Алмат та әке жолын қуып, қазір қобыздың құлағында ойнайды. Әке мен бала екеуі бірігіп, «Жезкиік» атты күйлер жи­нағын да шығарды. Ал музы­канттың өзінің «Әлқисса-Аманат», «Екі жирен», «Тел­қоңыр», жалпы алғанда, оннан астам оқу құралдары мен партитуралар жинақтары жарық көрді.
Композитор ретіндегі ән­деріне келсек, «Батыр Бауыр­жан» әні халқымыздың даңқты батыры Бауыржан Момыш­ұлының 100 жылдығына арнал­ған республикалық әндер­дің жабық конкурсында 2-орынды алды. Автор өнерінің бір ерекшелігі де тарихи тұлға­лардың бейнесін ән мен күй арқылы сомдау. Мәселен, «Менің бабам – Бәйдібек», «Домалақ ана», күйші Мұрат Өскенбайұлына арналған «Күй сүлейі», белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков туралы «Мырзатай толғау», ақын Серік Тұрғынбекұлының болмысын ашатын «Серік сері» сынды күйлері жазылды. Ал «Нұрлы Астана», «Қасиетті кең далам» шығармалары отаншылдыққа үндейді. Туған жеріне перзенттік махаббаттан «Арал тағдыры» күй дастаны және «Қайран Арал, Аралым» әнін тудырды.
Ертең өтетін концертті Астана қаласы Мемлекеттік акаде­миялық филармониясының қазақ оркестрі (көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – ҚР еңбек сіңірген қайрат­кері Айтқали Жайымов) сүйе­мелдейді. Сонымен қатар, Раушан Мұсақожаева, Анар Мұздаханова, Құрманбек Әлім­ғазы, Гүлнәр Хамзина, Гүлмира Сарина, Азамат Жылтыркөзов, Ботагөз Тәшімова, Жадыра Арыстанова, т.б. белгілі күй­шілер мен әншілер қатысады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*