«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көз қуантар жаңа нысандар

0 61

Астананың күн санап дамып бара жатқанына көпшілік куә. Кеше ғана қамысы қалың, іші масаға толы өзеннің жағасына орналасқан қала бүгінде әлем жұртшылығын өзіне аударарлық деңгейге жетті. Өткен 2018 жыл елорда үшін табысты болғаны анық. Енді төрімізге қадам басқан 2019 жылдан да үмітіміз зор. Біз осы орайда биыл Астанада ашылады деп күтіліп отырған нысандар туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

ЖЕРҮСТІ МЕТРОСЫ

Бұл істің жүзеге аса бастағанына бірнеше жыл болды. Биыл бұл жобаны желтоқсан айына таман аяқтау жоспарланып отыр. «Астана LRT» баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жерүсті метро жолының ұзындығы 22,4 шақырымды құраса, оған 18 станса салынады. Болжам бойынша жаңа технология арқылы күніне 146 мың адам қатынайтын болады.
Қоғамдық көліктің жаңа түрі жоғары жылдамдықпен қозғалмақ. Ал вагондарының сырты алюминийден, жеңіл салмақты болаттан жасалады. Пойыздар бір-біріне қосылған қазіргі заманғы екі модульден (әрқайсысы екі вагоннан құралған) тұрады. Сол себепті тұрғындардың көздеген жеріне жылдам әрі қауіпсіз жетуі – басты назарда. Бұған қоса, соңғы жылдары пайда болған кептелістің азаюына да әсер етеді. Көліктің қоршаған орта үшін еш зияны жоқ, жұмсалатын энергия мөлшері де әдеттегіден аз болмақ. Ал сырт келбеті Астананың сәулеттік нормасы мен ережесіне сай келіп, көркіне көрік қосары сөзсіз.
Қала жұртшылығы үшін бас-аяғы 19 пойыз қызмет етеді. Олардың әрбірінде 128 отыратын орын қарастырылғанмен, бір мезетте 500 жолаушыға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы. Жаңа көлік жолы әуежай, «Нұрлы жол» вокзалы, «Әбу-Даби Плаза», ЭКСПО секілді елорданың әсем тұстарын басып өтеді.
Алғашында жолақы құны 1100 теңгені құрауы мүмкін деген сыбыс шыққан болатын. Алайда оны жоққа шығарған Астана әкімдігі баспасөз қыз­метінің жетекшісі Эльвира Жүргенбаева жолақының 200 теңгеге жоспарланып отырғанын атап өтті.

ГАСТРОНОМ БАЗАРЫ

Қала тұрғындарының игілігіне берілетін нысанның бірі – ­«Гастрономиялық базар». Аталған сауда орнын «Keruen Global» ЖШС пайдалануға бермек.

Бұл жобада түрлі елдердің асүйі, фермерлік өнімдері қарастырылған. Ал тауарлардың арзан бағада сатылуы басты назарда болмақ. Ерекшелігінің бірі сол, сатып алынған азық-түліктен қалаған тағам түрін дайындатуға болады. Бұған қоса, балалар үшін көңіл көтеру алаңы да қарас­тырылған. Жаңа нысан аумағында түрлі жәрмеңкелер мен фестивальдер, әлемдік аспазшылардың шеберлік сабақтарын өткізу жоспарда бар. Кешеннің жалпы аумағы 7,9 мың шаршы метрді құрайды. Оның 6,4 мың шаршы метрі сау­да орны мен кафе, фуд-корттарға арналмақ.
Жаңа базар жекелеген инвесторлардың есебінен салынады. «Астана» ӘКК» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, сауда нысаны Сарыарқа ауданында, Ш.Айт­матов пен 189-көшелердің қиылысында орналасады.
Айта кетейік, гастрономия­лық базарды салу туралы меморандум Сарыарқа ауданы әкімдігі, «Астана» ӘКК» ҰК» және «Keruen Global» ЖШС арасында 2018 жылдың 27 сәуірінде жасалды. Жоспар бойынша биыл құрылысы аяқталуы тиіс.

ЖАҢА ПАРКИНГ

Астанада қыс мезгілінің алты айға созылатыны белгілі. Бұл, әсіресе, жүргізушілер үшін өте қолайсыз. Ауа температурасы -30 градустан төмендеген жағдайда көліктердің оталмай қалуы жиі кездеседі.

Мұндай жағдайда көліктің жы­лып, жүруге жарамды болуы үшін арнайы мамандарды шақыру қажет. Ал олардың қыз­метінің құ­ны кем дегенде 8-10 мың теңгені құрайды. Сол себепті соңғы жылдары елордада салынып жатқан тұрғын үйлердің көбі паркинг мәселесіне баса назар аударып отыр. Бұдан бөлек, қала ішіндегі кез келген сауда орнында да көліктерге арналған жылы орындар қарастырылған.
Жақында олардың қатары тағы бір паркингпен толығайын деп тұр. Жоспар бойынша ол Достық, 16 мекенжайында орналасады. Жаңа орын «High Vill Kazakhstan» ЖШС-тің араласуымен жүзеге асырылады. Автопаркингтің жалпы аумағы 21,162 шаршы метрді құрап, 432 көлікке шақталып отыр.

ФИТНЕС ОРТАЛЫҒЫ

Спорт – денсаулық кепілі. Мемлекет басшысы 2011 жылдың 11 қаңтарындағы Жарлығында бұқаралық спортпен шұғылданушылардың санын республика көлемінде 2020 жылға дейін 30 пайызға жеткізуді тапсырған болатын.

Осы мақсатта еліміздің әр аймағында спортпен әуестенетін жандарды қолдау үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, жаттығу орындары ашылды. Жақында Астанада олардың қатарына тағы бір орталық қосылғалы тұр. «Астана» ӘКК» ҰК» «Фитнес Олимпия» ұйымымен бірлесіп, жаңа жаттығу орталығын ашуды жоспарлап отыр.
Ғимарат төрт қабаттан тұрады. Мұнда жаттығу залынан бөлек, бассейн, сауна, жекпе-жек спорт түрлері, аэробика және би орындары қарастырылған. Әлбетте, мұндай орталықтардың құны әдетте шарықтап, қолжетімсіз болып кетері сөзсіз. Бірақ жаңа орталықтың бір ерекшелігі, орташа табысы бар тұрғындарға арналып отыр. «Астана» ӘКК» ҰК» фитнес орталыққа кіру құны 11-15 мың теңге аралығын құрайтынын хабарлады.
Ал орталық Есіл ауданындағы Е-10, Е-51, Е-67 көшелерінің қиылысында орналасқалы тұр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды