«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Көшпенді» студент

Магистратураны үш түрлі елде қалай бөліп оқуға болады?

0 1  431

Елордалық жас инженер Нұқ Дамыс – Еуропалық Одақтың жер-жердегі студенттерге арналған Erasmus Mundus атты бағдарламасының түлегі. Ол екі жылдық магистратурасын Ұлыбританиядағы Хериот-Уатт университеті, Норвегиядағы Оңтүстік-Шығыс Норвегия университеті және Венгриядағы Будапешт технология және экономика университетінде бөліп оқыған. Оқуы үшін еш ақы төлемеген әрі ай сайын екі жыл қатарынан 1000 еуро көлемінде стипендия алып отыр­ған. Ке­йіпкерімізбен әңгіме барысында ол мұндай мүмкіндікке қол жеткізудің жолдарын, еуропалық білім жүйесінің ерекшелігін және батыс халқының бізден бөлекше тұстарын айтып берді.

 

Эразмустық атану үшін не істеу керек?

Бүгінде жастардың көбісі шетелде оқып, ондағы мәдениетпен танысып, көкжиегін ке­ңейт­кісі келетіні рас. Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетін бітірерде менде де сондай мақсат оянып, оны іске асыратын түрлі жолдар іздей бастадым. Сол кезде курстас досым Erasmus Mundus бағдарламасының стипендиаты атанып, Еуропаға кетуге әзірленіп жатты. Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық шеңберінде жүзеге асып отыр­ған бұл жобаның батыстағы бір емес, бірнеше мемлекетте оқуға мүмкіндік беретіні қатты ұнады. Көп ойланбастан құжаттарымды дайындауға көштім.

Керекті құжаттардың стандарт пакеті анкета, мотивациялық хат, түйіндеме, дипломыңның ағылшын тіліне аударылған транскрипі, тілдік деңгейіңді дәлелдейтін сертификат және университеттегі мұғалім не жұмыс берушінің сіз туралы жазған ұсыныс хатынан тұрады. Ұсыныс хаттарды мүмкіндігінше сізді біраз уақыттан бері жақсы танитын кісінің өзі жазғаны дұрыс. Бұл жерде одан сіздің академиялық, кәсіби және жеке басыңызға қатысты қасиеттеріңізге объективті түрде баға беру талап етіледі. Яғни «мына шәкіртім немесе қызметкерім керемет супермэн не вундеркинд» деген тәрізді құр мақтаулар еш ұпай қоспайды.

Мотивациялық хат та маңызды рөлге ие. Сіздің эразмустық атану бақытыңыздың шамамен 40 пайызы неліктен осы университетте оқығыңыз келетіні туралы жазған эссеңізге байланысты. Жақсы эссе жазу үшін Шекспир немесе Джордж Мартин болудың қажеті жоқ. Бастысы, ол өзіңіздің өмірлік оқиғаңызға негізделген болса әрі қабылдау комиссиясына сіз жайлы толық мәлімет бере алса болғаны.

Тағы бір есте ұстайтын нәрсе, бағдарламаның шарты бойынша сіз бұрын Еуропада бір жыл тұрмаған болуыңыз қажет, әйтпесе оқуға түсу ықтималдығыңыз айтарлықтай төмендейді. Өйткені Erasmus Mundus көбінесе еуропалық емес мемлекеттердің жастарын жиып, оларға батыстық білім мен мәдениетті танытуға мүдделі.

Брексит – британиялықтардың сүйікті тақырыбы

Тобымыз интернационал болды: онда Орта Азиядан, Таяу Шығыстан, Латын Америкасынан, қысқасы, дүниенің түкпір-түкпірінен келген студенттер бар еді. Қай университетке ауыссақ та, сол топпен бір­ге көшіп жүрдік. Екі жылдың ішінде бір-бірімізге қатты бауыр басып қалдық. Сабақтан қиналған немесе үйді сағынған кездерімізде бәріміз жатақханадағы асүйге жинала қалып, бір-біріміздің елдеріміздегі қызық жайттарды талқылайтынбыз. Мысалы, Черногорияда «Ең жалқау адам» деген телешоу бар-тын, соған жанкүйер болатынбыз. Онымен қоса, WhatsApp-та Music Corner атты ортақ чат құрып, өз тілдеріміздегі әндерді сонда бөлісіп отыратынбыз.

Бір қызығы, қай елге барғанымызда да, бізге негізгі сабақтармен қоса Local Culture, яғни «Жергілікті мәдениет» атты қосымша пән өткізілетін. Соның арқасында Хериот-Уатт университетінде кельттердің гал тілін үйрендік, шотландтардың ұлттық биімен де танысып үлгердік, аралдағы тарихи жерлерге экскурсияға бардық. Ұлыбритания тұрғындарын өзгелерден ерекшелеп тұратын бір әдет бар. Олар ауа райы мен саясат жайлы сөйлескенді өте жақсы көреді. Өміріңізде бірінші рет жүздесіп отырған адаммен тез тіл табысып кетудің бір жолы – осы екі тақырыптың біріне әңгіме қозғау. Біз барған шақта Брексит қоғамда қызу талқыланып жатқан еді. Брекситке қатысты бірді-екілі пікіріңіз бар ма, болды, кез келген британиялықпен сөзіңіз жарасты дей беріңіз.

Еуропада вегетариандар көп. Кез келген кафе-ресторанда вегетариандар мен вегандарға арналған бөлек мәзір ұсынылады. Жануарларға деген осы жанашыр­лық бүтін жұртшылықтың да бо­йынан сезіледі. Біздегідей құндыз тон мен ішік киіп алған кісіні қысы қатты Норвегияда да көрмедім. Киім демекші, қоғамда адамды киіміне қарап бағалау мүлде жоқ. Бізге сабақ беретін профессорлар жаздыгүні футболка-шортымен университетке келетін, астарында – бір-бір велосипед.

Батыс пен біздегі мәдениеттің алшақтығын қарапайым нәрселерден көруге болады. Мысалы, бірде мұндағы дүкендердің біріне кіріп, кассада картамен төлемекші болдым. Сатушы картаны қолымнан жұлып алып, терминалға төсеп жатыр. Өкінішке қарай, бөтен кісінің мүлкін рұқсатсыз ұстағанға біздің халық көп бас ауыртпайды.

 

Емтиханда банан мен шоколад береді

Білім жүйесіне келер болсақ, үш елдің бір-бірінен айырмашы­лықтары бар екенін байқадық. Мысалы, Ұлыбританиядағы уни­­верситетімізде студенттің са­баққа қатысуы қатаң бақыланатын. Емтихан кезінде де екі сағат тап­жылмай отырып сынақ тапсыратынбыз. Норвегияда семестр соңындағы бағамыз тек қана емтихан қорытындысына байланысты болды. Яғни былайғы күндері сабаққа қатысқан-қатыспағаныңды ешкім тексермейді. Сынақ демекші, ол мұнда бес сағатқа созылады. Арасында кофе ішіп, сергіп келуіңе рұқсат. Университет қызметкерлері банан, шоколад сияқты кішігірім тіскебасарларды да бөлмеге әкеліп қоя­ды. Бір сөзбен айтқанда, сынақ еш стрессіз өтеді. Ал Венгриядағы жүйе кеңестік уақыттағыға сәл ұқсас. Егер мұғалім студенттің пәнді жақсы білетініне көзі жетіп тұрса, емтиханға қатыстырмай-ақ автоматты түрде жоғары балл қояды.


Ұстаздар студентті бағаларда оның сыни ойлау қабілетіне баса назар аударады. Эссе жазғанда тақырыпқа қатысты түрлі авторлардың не айтқанын тізе салу жеткіліксіз, олардың теорияларының кемшін тұстарын, өзің келіспейтін мысалдарын дәлелмен келтіруің қажет. Ал оған білімің жету үшін қаншама автордың еңбегін оқуыңа тура келеді. Профессорлардың өздері де «Мен сізбен келіспеймін» деп қарсы пікір айтқан студентті жақсы көріп тұрады.

Диссертация немесе курстық жұмыс жазу барысында мұға­лімдер аптасына бірнеше рет хал-жағдайыңды біліп хат жазып, кездесу белгілеп отырады. Онда түсінбеген сұрақтарыңды сұрап, бір апталық прогресіңді айтып бересің. Қысқасы, ұстаздар тарапынан моральдық әрі кәсіби қолдауды кәдімгідей сезесің.

Еуропалық жастардың көбісі университет бітірген соң, бірден жұмысқа орналаспайды. Олар жиырма төрт-жиырма бес жасқа дейін өзін-өзі дамытумен айналысады. Мысалы, менің бір итальян досым оқуын аяқтаған соң, Мозамбикке кетті. Волонтер ретінде сонда бір жыл бойы балаларға ағылшынша үйретеді. Есесіне олар жиырма бесінде жұмысқа кіріскенде, алдыңғы тәжірибелерінің арқасында өз ісіне ересек адамның көзқарасымен қарайтын маман бола алады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды