-->

КӨШІ-ҚОНДА – СЕРПІЛІС

Сейсенбі күні өткен Үкіметтің кезекті отырысында еліміздегі көші-қон саясатының негізгі стратегиялық мақсаттары да қаралды. Ол республика өңірлерінің демографиялық және экономикалық теңгерімділігін жақсарту жайын да қамтыды. Мұның өзі оңтүстік жұртының солтүстіктегі ағайын­дар арасына жоспарлы түрде барып қоныстану жайы одан әрі жалғастырылатынын білдіреді.

Жиында бұл Үкіметтің «2017-2021 жылдарға арналған көші-қон саясаты» тұжырымдамасы аясында сөз болды. Осыған байланысты баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Қазақстанның көші-қон заңнамасына биылғы жылы еңбек көші-қонына қатысты өзгерістер енгізілгенін жеткізді. Аталған тұжырымдаманың негізгі стратегиялық мақсаттары қатарында сондай-ақ уақытша және ұзақ мерзімді көші-қонды пайдалану негізінде білікті мамандардың ашық нарығын қалыптастыру, көші-қонмен байланысты қауіп-қатерлер тұрғысынан елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету аталып өтті.
– Барлық үш стратегия өзара тәуелді және көші-қон саясатының жүйелілігін қамтамасыз ете отырып, сыртқы, ішкі және этникалық көші-қонды реттеудің мазмұнды негізін құрайды, – деді Т.Дүйсенова. – Көші-қон саясатын дамытудың алдағы стратегиясын анықтауда Экономикалық ынтымақтастық ұйымы елдерінің тәжірибесі пайдаланылды, онда көбіне ұзақ мерзімді немесе гибридтік көші-қон пайдаланылады. Бұл экономиканың инновациялық секторларына білікті мамандарды тартуға және іскерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Белгілі бір шығын жұмсалатынына қарамастан, мұндай саясат нарықтық экономикаға қажетті «қауіпсіздік көпшігі» болады.
Министрдің лебізінше, көші-қон саясатына қатысты заңнама өзгергелі бері шетелдегі қандастарымыздың елге оралу көрсеткіші де айтарлықтай өсе түскен. Ол аталған құжаттың негізгі бағыттарының бірі этникалық көші-қон екеніне ерекше назар аударды.
– Этникалық қазақтардың қайта оралуына, бейімделуіне және кірігуіне кедергі келтіретін бірнеше проблемалар өткен жылдан бастап күшіне енген заң аясында өз шешімін тапты, – деді Тамара Қасымқызы өз сөзінде. – Атап айтсақ, этникалық қазақтарға оралман мәртебесі қоныстану аймағына қарамастан, бір жылға беріле бастады. Олардың Қазақстан Республикасы азаматтығын алу мерзімі төрт жылдан бір жылға қыс­қартылды. Бұдан бөлек, қан­дастарымызды ұтымды қоныстандыру мақсатында қосымша еңбек ресурстарын қажет ететін аймақтарға жолдау шаралары қабылданды. Нәтижесінде өткен жылы елімізге 16,5 мың оралман отбасы көшіп келді. Ол 2015 жылмен салыстырғанда 8,5 есеге артық.
– Тұжырымдаманың аясында біз Мемлекет басшысының Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсыр­маларын қарастырдық, – деді ол. – Осыған сәйкес, этникалық қазақтарды тек көшіріп алу мәселесін ғана қарас­тыр­май, олардың әлеуетін тұрғылықты жерінде қалдыра отырып, пайдалану мүмкіндігі ұсынылды. Осы мақсатта шетелде тұратын этникалық қазақтармен байланыс қарқынын күшейту көзделуде. Ол үшін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы олардың тұрғылықты жерлерінде мәдени орталықтарын құруына ықпал жасап, қандастарымыздың бір-бірімен және Қазақстанмен тығыз қарым-
қатынасын ұйымдастыратын болады.
Бұдан бөлек, шетелде тұ­рып жатқан этникалық қазақтарды, соның ішінде білікті мамандар мен жетістікке жеткен азаматтарды тарту мақсатында жеке электронды дерекқор жасау қарастырылуда. Ал жоғары білікті этникалық қазақтарға уақытша жұмысқа келу мүмкіндігін беру үшін жұмыс берушілерге рұқсатты жеңілдетілген тәртіппен тегін ұсыну тетігі енгізілмекші.
– Ұсынылған түрлендірулер заңсыз көші-қон ағымдарын шектеуге, білікті мамандарды тарту тетігін одан әрі ырықтандыруға, еңбек мигранттарын ықпалдастыру үшін жағдай жасауға бағытталған, – деп сөзін қорытты министр.
Қалай дегенде де, еліміздегі көші-қон қозғалысында жаңа серпілістің жасала бастағаны байқалады. Бұл тұжырымдамада алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Талқылауды қорытынды­лаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев айтыл­ған ескертулерді ескере оты-
­­рып, тұжырымдаманы же­­тіл­діруді және Үкіметтің бекі­туіне енгізуді тапсырды.

Серік Пірназар

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*