«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көшелер салынып, саябақтар көбейеді

0 73

Астанада алдағы жылы көптеген жаңа көшелер мен саябақтардың құрылысы басталады. Бас қаланың сәулетін көркейту мақсатында қалалық мәслихаттың депутаттары мемлекеттік мұқтаждық үшін жер телімдерін сатып алудың жоспарын кеше өткен кезектен тыс сессия барысында мақұлдады.

ЖЕР ТЕЛІМДЕРІНІҢ ЖОСПАРЫ
Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов депутаттарды мемлекеттік мұқтаждық үшін алып қоюмен байланыс­ты жер телімдерін немесе өзге жылжымайтын мүлікті сатып алу жоспарымен та­ныс­тырды.
Оның сөзінше, жалпы ауданы 0,78 гектарды құрайтын
8 нысан бойынша 35 жер те­лімі сатып алуға жатады. Бұл телімдер Достық көшесінен Н.Назарбаев халықаралық әуе­жайына апаратын айналма жолға дейінгі Қабанбай батыр даңғылын қайта құруға, Есіл өзенінің 5-кезегін қайта жасауға, Ұлы дала көшесіндегі №39 көше мен Абылай хан даңғылы бөлігіндегі №27 көшені, сондай-ақ, Н.Тілендиев даңғылынан бастап, Ш.Бейсекова көшесіне дейін екінші Алматы көшесін салуға, Ә.Молдағұлова көшесіндегі №19 және №21 үйлердің аумағында және Бөгенбай батыр-Жеңіс даңғылдары қиылысында шағын бақтардың құрылысын жүргізуге, Тұран даңғылы-Дарабоз көшелері аралығындағы Шарль де Голль көшесін салуға, Е436-221 жобалық көшелері қиы­лысында саябақтың құрылысын бастауға алынады.

DCIM100MEDIADJI_0027.JPG

ЕҢБЕК НАРЫҒЫ ҚОРҒАЛУДА
Қазақстанда шетел азаматтарын жұмысқа тартуға белгілі бір мөлшерде квота бөлінеді. Астанада шетелдіктерге сұраныс 11700 адамды құрайды. Қалалық Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл жұмыс күші жұмысшының білімділік деңгейінен бастап, жалпы алғанда төрт санатқа бөлінеді. Шетелдіктерді жұмысқа тартуға рұқсат беретін арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына қалалық мәслихаттан депутат Гүлнар Данбаева енген.
«Квота мен комиссия не үшін керек? Ең алдымен шетелдіктердің жұмысқа тарту үдерісін бақылап отыру, белгіленген мөлшерден асырмау үшін қажет. Екіншіден, еңбек нарығымызды қорғау үшін керек. Біз өзіміздің ел азаматтарын жұмыспен қамтуға
басымдық беріп отырмыз.
Ал қазір шамамен алғанда 2500 сондай адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Шетелдіктерге жұмысқа рұқсат
бергенде де бәрінен бұрын біздің мамандарды үйрете алатынына назар аударамыз» деді Ермек Оспанов.
Осыдан бес жыл бұрын ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитетінің ұсынысымен Астанада оралмандарды бе­йімдеу мәселесін шешетін ведомствоаралық комиссия құрылды. Алайда қазіргі таң­да аталмыш органға түсіп жатқан өтініштер жоқ. Сол себептен комиссия жұмыссыз отыр. Оралмандарды бейімдеу ісімен қалалық Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы айналысуда. Сессия барысында жоғарыдағы комиссия жұмысын тоқтату мәселесі қаралып, депутаттар бұл ше­шімді бір­ауыздан қолдады.

ЕЛБАСЫ ШЫРШАСЫНА 200 БАЛА ҚАТЫСАДЫ
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егемберді қала бюджетіне биылғы 10 айдың қорытындысында түскен қаржы көлемі туралы айтып, түсім 9,9 пайызға ұлғайғанын жеткізді. Депутаттар мен халық үнемі көтеріп отыратын әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешуге қосымша шамамен алғанда 9 млрд теңге бөлініп отырғанын айтты. Соның ішінде Білім беру, Денсаулық сақтау,
Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, Жұмыс­пен қам­ту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармаларына, Ішкі істер департаментіне бөлінген қаржыны жіктеп берді.
Тарқатып айтатын болсақ, денсаулық сақтау саласына 647 млн теңге тиісілі. Осының ішінде 414 млн теңге стационарларда кепілді тегін медициналық көмек көрсетуге, 233 млн теңге дәрі-дәрмекті сатып алуға бағытталады.
Сыныптардың көбеюіне және оқуда жүрген әріптесін ауыстыруға байланысты мұғалімдердің жалақысына, жаңа түзету мектеп-интернатты күтіп ұстауға қосымша қаржы қарастырылды. Биыл Қазақстан Президенті шыршасына 200 жетім бала, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балдыр­ғандар қатысу үшін 65 млн теңге бөлу жоспарланды.

ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ АЙЛЫҒЫ КӨТЕРІЛЕДІ


Аудан әкімдіктеріне де әртүрлі жұмыстарға қосымша қаржы қарастырылды. Атап айтсақ, Алматыға – 392 млн, Сарыарқаға – 853 млн, Есілге – 729 млн теңге. Бұл қаржы негізінен абаттандыру мен көгалдандыруға,
санитарлық жағдайды қам­тамасыз етуге, мемлекеттік білім беру тапсырысын мектепалды ұйымдарына орналастыруға бөлінбек.
Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің айлығы
25 пайызға көтеріледі. Ол үшін республикалық бюджетте 291 млн теңге қарас­ырылды.
Құрылыс басқармасының екі жобасына 120 млн теңге бөлу жоспарланды. Ол Е25 көшесіндегі және Р.Қошқарбаев-Қордай көшелерінің қиылысындағы магистралды желу желілерін салуға бағытталмақ. 2-жылу энергия орталығын кеңейту мен қайта құруға республикалық бюджеттен 3 млрд 600 млн теңге қарастырылуда. Жаңа көлік жүйесі жобасын жүзеге асыруға қосымша 792 млн теңге бөлінбек.

Аманғали Қалжанов

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды