«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көше саудасының күйі қандай?

0 19

Бас қалада шағын кәсіпкерліктің жай-күйі қандай? Оны ұйымдастыруда қандай кедергі-кемшіліктер кездеседі? Елордалық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасын жүзеге асыру барысы қаралып, онда осы және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

2016 жылдан бері аталған бағдарламаның операторы болып табылатын «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Рүстем Қуанышбаевтың айтуынша, жоспар бойынша жалпы 984 учаскеге павильондар орналастыру қарастырылған екен. Өткен үш жылда соның 576 бойынша шарт жасалыныпты. (409 шарт бойынша тұрақты және 114 шарт бойынша мау­сымдық сауда нысандары қойылған, 53-і бойынша павильондар орналастыру сатысында). Тағы 206 шарт – өтімді емес жерлерден берілген (олар жылу трассасының бойында, тротуарда, т.с.с. жерлерде орналасқан).
Соның арқасында 1700 жаңа жұмыс орындары ашылып, 1,1 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы мен Үкімет аталмыш бағдарламаға былтыр жоғары баға берді. «Astana» ӘКК биылдан бастап электронды аукционға көшті. Осы арқылы халыққа учаске бөлу процес­терінің ашықтығы қамтамасыз етілді. Сондай-ақ мұнан кейінгі орнатылатын барлық павильондардың эскиздері біртекті болатын болды.
– Жыл сайын бағдарлама аясында әлеуметтік осал топ өкілдеріне 15 учаске бөлінеді. Сондай-ақ қазіргі күні Кәсіпкерлердің өңірлік палатасымен, қалалық әкімдікпен бірлесе отырып, азаматтардың бұл тобына бөлінетін учаскелердің санын 20-ға дейін көбейту, нысандардың мақсаттылық тағайындалуын ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өйткені тұрғындардан павильондардың мақсаттылық тағайындалуын ұлғайту жөнінде өтініштер көптеп түседі екен, – деді Рүстем Қуанышбаев.
Сонымен қатар, әлгі нысандардың әрқайсының QR кодтары бар. Мұндай кодтар павильондардың көрсеткіш тақтасында берілген. Қажетсінген кісі сол арқылы павильондар туралы кез келген мәліметтерді ала алады. Онда учаскенің көлемі, иесі, мақсаттылығы, шарттың нөмірі жазылған.
«Astana» ӘКК көше саудасын жандандыру үшін көптеген жұмыстар атқарып жатқанымен, жұртшылық аталған бағдарламадан әлі де болса жеткілікті деңгейде құлағдар емес. Сондықтан оның танымалдығын арттыру үшін iQala қалалық қызметтер орталығының мүмкіндіктеріне жүгінудің пайдасы көп.

– Орталықтан біз «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы бойынша тұрақты түрде кеңес беріп тұратын арнайы орын аштық. Таяу уақыттарда осы алаңда ашық есік күнін өткізуді жоспарлап отырмыз. Шара барысында бағдарламаның шарттары туралы бүге-шігесіне дейін айтып беретін боламыз, – деді Р.­Қуанышбаев.
Кеңес отырысында бағдарламаны жүзеге асыру кезінде кездесетін кедергілер туралы да айтылды. Мысалы, павильондардың айналасына күнделікті тұрмыстан нәтижесінде түрлі қоқыстар жиналып қалады. Қоқыс салалық кәсіпорындар мен аудандық әкімдіктердің бірлескен күшімен тұрақты шығарылып тұрады. Тағы бір мәселе: кезінде автотұрақтарда, жылу трассасында орналасқан немесе дұрыс рәсімделмеген учаскелер беріліп кеткен. Бұл жайттар жеке-жеке қаралып, қалалық жер комиссиясының назарына ұсынылатын болады. Аталған учаскелердің тағайындалуын өзгерту немесе оның иелеріне жаңа учаскелер беру мәселесі қаралады.
Сондай-ақ бағдарламаның сәтті жұмыс істеуіне жабайы сауда бөгет жасап тұр. Осыған орай «Astana» ӘКК өкілдері аудандық әкімдік қызметкерлерімен бірге тұрақты түрде қадағалаулар жүргізіп тұрады. Өйткені қаланың кейбір бұрыштарынан құзырлы органдардың рұқсатынсыз павильон ашып алу фактілері кездеседі. Оларға заңды павильондардың QR кодтарын сырып алып, өздеріне жапсырып қояды немесе әкімдік қызметкерлеріне «Astana» ӘКК-мен жұмыс істейміз деп алдап жібереді. Олар ешкіммен ешқандай шарт жасаспастан, заңсыз саудасын жасай береді. Сөйте тұра, «Astana» ӘКК-нің мұндай дүңгіршектің әрекетін тоқтатуға, әйтпесе оларға қатысты қандай да бір шара қолдануға пәрменсіз. Оларға қарсы тек сотқа арыздана алады.
Тағы бір жайт: павильондарды электрмен жабдықтау мәселесі де «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасын жүзеге асыруға көп кедергісін келтіріп тұр. Әлбетте, «Астана-РЭК» бұл істе құзіреттілігіне сай орнатылатын дүңгіршектердің тех.шарттарын әзірлеп, электр желісін қосатын нүктелерді белгілеп береді. Бірақ, трансформаторлық кіші станциялардың иелері, ПИК (пәтер иелері кооперативі) өкілдері кәсіпкерлердің тоқ желісіне дер кезінде қосылуына мүмкіндік бере бермейді. Айта берсе, проблема аз емес. Олардың бәрі жүйелі түрде шешімін күтіп тұр.
…Айта кетейік, бүгінде жұмыс істеп тұрған 576 павильонның 206-нда көкөніс пен жеміс-жидек сатылады, 196-сы – тез тамақтану орындары, 63-ы – азық-түлік дүңгіршектері, 47-сі – гүл сату нысандары.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды