«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Көше саудасына – 1000 орын»

бағдарламасымен кәсіп бастау үшін не істеу керек?

0 26

Қазіргі таңда елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға арналған түрлі бағдарламалар бар. Солардың бірі – елорданың төл жобасы «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы. Жабайы саудаға тосқауыл болу мақсатында әзірленіп, 2016 жылы енгізілген бұл жоба бойынша бүгінге дейін 563 жер учаскесі үлестірілген. Павильондардың барлығы QR-кодтармен белгіленген. Биыл тағы 100 жер учаскесі бөлініп отыр. Сонымен, бұл бағдарлама бойынша кәсіп бастау үшін не істеу керек?

 

1- қадам  Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелу қажет.

2- қадам Өзіңіз таңдаған екінші деңгейлі банктің біріне барып, есепшот ашу керек.

3- қадам Салық органына барып, қарызыңыздың бар-жоғы туралы анықтама аласыз.

4-қадам Тиісті құжаттарыңызды жинаған соң өзіңіз көздеп отыр­ған жер учаскесін алуға өтінім жібересіз.

 

ЖЕР УЧАСКЕЛЕРІ ТӨРТ ЖОЛМЕН ҮЛЕСТІРІЛЕДІ:

1) Регламентке сәйкес электронды формада тендер өткізу арқылы;
2) Комиссия шешімінің негізінде «Атамекен» АКП квотасымен жер телімдерін бөлу;
3) Комиссия шешімінің негізінде жер телімдерін желілік келісімшарт жасау;
4) Комиссия шешімінің негізінде тікелей келісім жасау арқылы.

 

ЖЕРДІ ЖАЛҒА АЛУ ҚҰНЫ ҚАНША?

Бір жылға жалға берілетін жердің шаршы метрі 20 мың теңгеден басталады. Жердің көлемі 20-30 шаршы метр болса, онда жалға алушы шаршы метріне 16 мың теңге төлейді. Жалпы, жалға берілетін жердің ең көлемдісі – 50 шаршы метр, ал ұзақ мерзімі – 7 жыл.

ҚАНДАЙ ТАЛАП ҚОЙЫЛАДЫ?

Кәсіпкер павильон айналасындағы 5 метр жердің тазалығын өз міндетіне алады. Сонымен қатар келісімшартта көрсетілгендей, павильон ағаш яки темір материалдан тұрғызылуы тиіс және орнынан қозғауға ыңғайлы болуы шарт. Өйткені ол мемлекеттің жері болғандықтан, онда кез келген уақытта жерасты кәріз жүйесін немесе кабельдерді ауыстыру сияқты жұмыстар жүргізілуі мүмкін.

Ол жерге бірнеше кәсіпкер көз тігіп отырса, үміткерлер арасында конкурс өткізіледі. Орынның кімге бұйыратынын комиссия анықтайды. Комиссия мүшелері – аудандық әкімдік қызметкерлері мен қалалық мәслихат депутаттары және «Атамекен» ҰК» АҚ кәсіпкерлер палатасының өкілдері. Комиссия кәсіпкердің қарызының бар-жоқтығына баса мән береді. Бұл жерде 1 теңге қарыздың да рөлі жоғары. Егер үміткерлер саны 4-тен көп болса, жер аук­ционға шығарылады. Онда кәсіпкердің жоспарлаған табысының жоғарылығына қарай үлестіріледі.

ҚАНДАЙ ҚҰЖАТ ҚАЖЕТ?

Жеке кәсіпкер үшін:
1) жеке кәсіпкердің тіркеуден өткенін растайтын құжат;
2) кәсіпкердің жеке куәлігінің көшірмесі;
3) жеке кәсіпкердің ағымдағы шотының болуы туралы банк анықтамасы;
4) өкілдің өкілеттігін растайтын құжат (қажет болған жағдайда);
5) 50 АЕК көлеміндегі кепілдік жарнаны төлегенін растайтын құжат.

Заңды тұлға үшін:
1) заңды тұлғаларды тіркеу (қайта тіркеу), олардың филиалдары мен өкілдіктерін есепке алу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
2) бірінші басшыны тағайындау туралы шешімнің көшірмесі;
3) заңды тұлғаның бірінші басшысының бұйрығының көшірмесі;
4) өкілдің жеке басын және өкілеттігін растайтын құжат (қажет болған жағдайда);
5) заңды тұлғаның ағымдағы шотының болуы туралы банк анықтамасы;
6) 50 АЕК көлеміндегі кепілдік жарнаны төлегенін растайтын құжат.

БИЫЛҒЫ ЖАҢА ЕРЕЖЕ БОЙЫНША КВОТА КІМГЕ БЕРІЛЕДІ?

Ағымдағы жылдың 28 ақпанында бекітілген жаңа ережеге сәйкес, жыл сайын 15 жер учаскесі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жеңілдік квотасымен конкурссыз беріледі:
1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
2) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
3) 1, 2 және 3-топтағы мүгедектер;
4) мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар;
5) кәмелет жасына толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
6) «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I, II және III дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;
7) мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
8) толық емес, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар;
9) жалғыз басты көпбалалы аналар.
Квота бойынша жер учаскелерін бөлу рәсімі бірнеше кезеңнен тұрады.

БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ

Слесарь-сантехник (жалақысы – 75000 тг)
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 15 жылдығы атындағы №1 кірпіш зауыты

Акушер-гинеколог дәрігер (жалақысы – 74115 тг)
«Шипагер» отбасы денсаулығы орталығы

Тәрбиешінің көмекшісі (жалақысы – 45000 тг)
№8 «Думан» балабақшасы

Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі статистик (жалақысы – 54506 тг)
№2 психологиялық медициналық педагогикалық консультациясы мекемесі

Дәрігер-сурдолог (жалақысы – 45000 тг)
№2 психологиялық медициналық педагогикалық консультациясы мекемесі

Ас бөлме жұмысшысы (жалақысы – 95000 тг)
«Aspava NS» ЖШС

Клиенттерге қызмет көрсету жөніндегі агент (жалақысы – 200000 тг)
«ASD Astana» ЖШС

Мейіргер (жалақысы – 60000 тг)
«Салауатты Астана» ЖШС

Физика пәні мұғалімі (жалақысы – 53000 тг)
С.Нұрмағамбетов атын­дағы «Жас Ұлан» республикалық мектебі

Учаске электригі (жалақысы – 70000 тг)
Ішкі істер министрлігі

ІТ-дизайнер (жалақысы – 60000 тг)
«Наз» мемлекеттік би театры

Турбоқондырғы монтаждаушысы (жалақысы – 100000 тг)
«ТРЕСТСРЕДАЗЭНЕРГОМОНТАЖ» АҚ

Наубайшы (жалақысы – 80000 тг)
«Астықжан» сауда орталығы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды