Четверг, 21 Сентябрь 2017
-->

КӨШЕ САУДАСЫ ҚОЛАЙСЫЗ БА?

Кеше Астана қалалық мәслихатының Құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында елордадағы базарлардың жағдайы мен «Көше саудасына арналған 1000 орын» бағдарламасының орындалу барысы қаралды.

Қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысының орынбасары Руслан Ыдырысов пен «Аstana» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ активтерді басқару бойынша директоры Халел Әкімжанов баяндамаларын оқыған соң, бұл мәселелерде шешімін күтетін түйткілдер әлі де көп екені анықталды.

Жалпы «Көше саудасына арналған 1000 орын» бағдарламасы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы, негізінен отбасылық бизнестің ілгерілеуі, соның ішінде жұмыссыз халық үшін қолға алынған. Ол үшін 737 жер телімі анық­талып, сәйкес келісімдер жасалды.

Қазіргі таңда аталмыш бағдарламаның операторы «Аstana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өткізген конкурстардың қорытындысында субаренда бойынша 425 келісімшарт жасалды. Соның басым көпшілігі жеміс-көкөніс және жылдам даярланатын тағамдардың саудасына арналған. Бұған қоса азық-түлік пен гүлді, газеттерді, кәдесыйларды сатуға, техникалық сервиске, балалар демалысына, тұрмыстық қызметтер сервисіне жер телімдері бөлінді. Жер телімдері 7 жылға жалға берілетін болды.

Алайда мұнымен қатар біраз мәселе туындады. Атап айтсақ, көше сау­дасына арналған кейбір дүңгіршектер паркингтерге орнатылып, көлік иелеріне қолайсыз­дық туғызып отыр. Мәселен, мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдина жедел жәрдем көлігін қоятын орынды тұрақты дүңгіршек «басып алғанын» жеткізді. Оның әріптес­тері Зейнолла Шібкенов сау­да орындарының эстетикалық көрінісіне, Мәжит Шайдаров санитарлық жағдайына назар аударды. Кейбір депутаттар жер телімін жалға беру мерзімінің ұзақтығына келіспеушілік танытты.

Алмаз Кимнің айтуынша, сырттағы сау­да ғимараттағы саудаға кесірін тигізіп отыр. «Дүкен иелері тиісті салық төлегеннен кейін азық-түлікті қымбаттау бағаға сатуға мәжбүр. Ал оның тура жанында орналасқан дүңгіршектің салығы жоқ, сондықтан тұтынушыға арзандау береді. Мұндай жағдайда, әрине, дүкен иесі ұтылады. Мысалы, менің дүкенімде қазір қызанақ өтпей жатыр» деді ол.

Отырыста Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді көше сау­дасына қатысты бір түйткілді шығарды. Оның сөзінше, дүңгіршектерді жарықтандыру мәселесі шешімін таппай отыр. Ал Есіл ауданындағы «Нұржол» желек жолында сауда қызып тұр. Көптеген сауда орындары осы жерде орналасқан. Алайда араларында заңсыз тұрғандар да бар.

Қорыта айтқанда, бағдарламаның орындалу барысы бақылаусыз қалған сияқты. Жоғарыда аталған және өзге мәселелерді естігенде соны байқадық. Депутаттар да бағдарламаның орындалуына мониторинг жүргізу керектігіне көздері жеткендей. Бұл мәселеге газетіміздің алдағы сандардың бірінде оралатын боламыз.

Аманғали Қалжанов

Print Friendly, PDF & Email
ru.pdf24.org    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*