Көше саудасы көркейеді

kbb_9829-2-asli

Астанада алғаш рет «1000 орын – көше саудасы» бағ­дарламасын түсіндіру бойынша ашық есік күні өткізілді. Бір сағаттың ішінде үш жүзге жуық кәсіпкер қабылдауда болып, кеңес алды.

Шараға барлық жауапты басқар­малар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, үш ауданның әкімдіктері және Коммуналдық меншік қорының өкілдері қатысты. Ал бағдарламаның операторы – «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы.
Астана қаласының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Рыскүл Қауғабаеваның айтуынша, бұл бағдарлама – астаналық кәсіпкерлерге тез тамақтану саласында жұмыс істеуге таптырмас мүмкіндік.
– Біз кәсіпкерлерге жерді жалға алуға көмектесіп қана қоймай, несиені рәсімдеуге жәрдемдесеміз. Осылайша, кәсіпкерлікте алғаш қадам жасап жатқан бизнесмендердің жұмысы жеңілдетіледі. «Даму» қоры арқылы 85 пайызға дейін кепілдендірілген несие бере аламыз. Ал ірі кәсіп иелері үшін басқа шарттар ұсынылады. Демек, кәсіпке икемді кез келген азамат әкімдіктің көмегімен өз ісін бастай алады, – деді ол.
Өзін Жанна Оспанова деп таныс­тырған кәсіпкер шараға мамандардың кеңе­сін алуға келді.
– Шағын кәсібімді дөң­гелетіп келе жатқаныма бес жылдай уақыт болды. Елге алып келген ең бірінші франшизам – «33 пингвин» балмұздағы, екіншісі – «Кукурай» ыстық жүгерісі. Енді премиум сегментіндегі араб тәттілерін сататын дүңгіршек салуды жоспарлап отырмыз. Кәсіпкерлерді қолдап, осындай мүмкіндік беріп отырған әкімшілікке алғыс білдіреміз. Бұл жоба еліміз бойынша тек Астана қаласында жүзеге асырылуда, – дейді кәсіпкер.
Жанна Оспанова байқауға қатысып, бірнеше орынды ұтып алды. Биылдан бас­тап сол орындарда өз қызметін ұсынатын болады. Айта кетейік, кішігірім киоскілердің көркемделуі қалаға көрік беріп тұруы шарт. Ұсынылған тауардың халыққа қажеттілігі де ескеріледі.
Жерді жалға алу бизнестің түрі мен берілген мерзіміне байланысты. 1 шаршы метр учаскені жалға алу құны жылына 70 мың теңгеден басталып, 300-350 мыңға дейін барады. Ал келісімшарт жеті жылға бекітіледі. Дүңгір­шектің дизайнын кәсіпкердің өзі де ұсына алады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Сонымен қатар

Ақселеу аманаты

Көбіне санамызға сия бермейтін құдірет сырын тар түйсікпен түйіндей салатынымыз бар. Осындайда өмір жалғастығын өзінше …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған