«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көше дүңгіршектерінде – QR-код

0 74

«Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы бойынша кәсіптерін дөңгелетіп отырған сауда павильондарына QR-код енгізілді.

Енді қала тұрғындары мен қонақтары ұялы телефон немесе планшеттің көмегімен көшедегі сауда қызметінің заңды яки заңсыз екенін осы QR-код арқылы біле алады. Бұл мүмкіндікті пайдалану аса қиын емес. Алдымен камера орнатылған ұялы телефондағы Smart Astana қосымшасы арқылы кодты сканерлеу бағдарламасын қосып, камера объективін кодқа жақындатсаңыз, сауда нүктесі туралы ақпарат шыға келеді. Мобильді қосымша арқылы кез келген адам жер телімін жалға алып отырған кәсіпкер туралы деректі, яғни жалға алу келісімшартының тіркеме нөмірін, жер учаскесін пайдаланудағы мақсатын, оның көлемі қанша шаршы метр екенін және жер учаскесінің инвентарлы нөмірін, сол сияқты онлайн картада белгіленген нақты мекенжайын көруге болады. Сондай-ақ кәсіпкердің заңды немесе заңсыз қызмет көрсетіп отыр­ғаны туралы ақпараттан да хабардар болып, қажетті жағдайда өз өтініш-тілектері мен арыз-шағымдарын да жаза алады. Өтініштер кәсіпкердің жеке парақшасына және «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының электронды мекенжайына келіп түседі. Егер дүңгіршек жұмысы заңсыз болып шықса, тексеруші органдар кәсіпкерге тиісті шара қолданады. Өйткені заң бойынша жабайы саудаға тыйым салынған. Ал «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы бойынша кәсіп ашатындарға белгілі бір талаптар қойылады. Мысалы, олар сертификатсыз тауарды саудаламайды. Әрбір QR-кодта «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ақпараттық базасында тіркелген персоналды павильонның парақшасына сілтеме кодталған. Көшіріп басылудан сақтау үшін барлық QR-код арнайы NFC белгісімен қорғалады.
– Сандық технологияларды енгізу арқылы біз «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы аясында берілетін сауда нысандарын кәсіпкерлерге беру процесін мейлінше ашық жүргізуді қолға алудамыз, – деді «Astana» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов тілшілерге берген сұхбатында.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды