«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көрмелер туристерді көптеп тартады

0 18

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «ForteBank Kulanshi ArtSpase» галереясының үш жылдығына арналған «Жайдарман» көрмесінің ашылуына қатысты.

Қала басшысы «Құланшы» заманауи өнер орталығы кураторлар кеңесінің төрайымы Лейла Махатқа, ForteBank басшылығына көңілге қуаныш ұялататын осынау қызықты көрмені ұйымдастырғаны үшін алғысын айта келе, Лейла ханым мәдениетіміздің туын елімізде ғана емес, шетелдерде де жоғары көтеріп жүргенін атап өтті.
«ForteBank бизнесті, қаржылық мәселелерді ғана ойламай, мәдениетті, өнерді қолдайтыны қуантады. Біз астанамыздың туристерді көптеп тартқанын қалаймыз. Сол мақсатта өнер шеберлеріміздің туындыларын көбірек насихаттауымыз керек. Бірнеше күн бұрын ғана Лейла Махатпен «Пирамида» аумағында көрмелерді ұйымдастыру мәселесін талқыладық. Себебі мәдени ошаққа қала тұрғындары ғана емес, қала қонақтары, туристер де барғанды ұнатады. Елбасының бастамасымен бой көтерген Бейбітшілік және келісім сарайында діни тақырыпта ғана емес, бейбітшілік, келісім тақырыптарында көрме ұйымдастырғымыз келеді. Болашақта қалада «Елорда музейін» ашсақ па деп отырмыз. Өйткені елорда маңызды әлемдік оқиғалар өтетін әлем астаналарының біріне айналды» деді А. Көлгінов.
«Жайдарман» көрмесіне өткен ғасырдың 50-90 жылдары салынған жиырмадан астам картина қойылды. Соның ішінде аса көрнекті қылқалам шебері Салахитдин Айтбаев ақмолалық бір топ суретшімен бейнелеген суреттер ерекше көз тартады. Көрерменнің назарына алғаш рет шығарылған бұл картиналар кезінде астанамен іргелес Қарағанды облысының Осакаров кентінің мәдениет үйі үшін салынған. Көрмеге қояр алдында суреттер қалпына келтірілген. Аталмыш көрмені 6 қарашаға дейін тамашалауға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды