«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көркіңізге көңіліңіз толмаса…

0 112

Алғашқы пластикалық ота біздің дәуірімізге дейінгі замандарда ежелгі Египетте жасалған екен. Одан кейінгі дамуы орта ғасырдан басталса, қайта өрлеуі өткен ғасыр­лардағы дүниежүзілік соғыс­тардың зардабына байланысты бет-аузы жараланған жауынгерлердің бетін түзеп, оқ жырт­қан ернін тігіп, сынған сүйектерін қалпына келтіру хирургтардың бір міндеті екен.

Заман түзелді, алайда бет пішініне көңілі толмайтындардың қатары алға шығыпты. Соңғы бес жылдың өзінде елордада онға жуық жеке клиникалар ашылып, пластикалық ота жасауды жолға қойып келеді.
№1 қалалық ауруханасының пластикалық және реконструктивті-қалпына келтіру бөлімшесінің жоғары санат дәрігері Нұрлыбек Бекбауов – дәл осы саланың маманы.
– 18 жылға жуық еңбек өтілімде бет-әлпетін түзеумен бірге қалпына келтіру оталарын жасадым. Бұл түрлі жарақаттан, күйіктен, қатерлі ісіктің, күрделі оталардың салдарынан өзгеріске түскен терілерді түзедім. Жақында бір әйелдің күйіктен терісі тартылып, тізесі бүгілмей отаға жатты. Оған ішінен тері кесіп алып буынына жалғап, ақырында тізесі жазылып, жүрісі түзеліп кетті. Жетпістегі қарияның да жағдайы күрделі болды. Адам арықтағанда, әсіресе, қабағының терісі салбырап қалады. Содан қабағы көзін басып қалып, кірпіктері сыртқа емес, ішіне қарай еніп, көруіне қиындық әкелген. Сонда қабақтың терісін кесіп тастап, блефаропластика жасадық. Қабағын май басып түксигендердің де айналасын көруге зияны бар. Оның да артық терісін сылып алып, жанарын ашамыз, – дейді хирург.
Медицина тілінде омырауды үлкейту – маммоплатика деп аталады, ал сүт бездерін кішірейту – мастопексия. Бойжеткендер алғашқысына құмар болса, жас аналар бала емізгеннен салбырап кеткен омырауын түзеу­ге тырысады. Сонымен бірге жас босанғандардың қарны салбырап, сымбатын бұзып тұрса, олар да отаға жүгінеді екен. Сайып келгенде, әдемі болып, сымбатты болу – заман талабы. Жас адам өзінің тұлғасына сын көзбен қарайтын күн туды. Мұның да жақсылығы болар, дегенмен пластикалық отаға жүгінетіндер – осы санаттағы адамдар.
– Күйік және жарақат салдарын қалпына келтіру оталарын жиі жасаймыз. Бір жылдың ішінде осы бойынша 50 ота жасалды. Одан кейін қабақ пластикасын жиі жасаймыз. Жарғаққұлақты кішірейтетін оталар да жиі жасалады, – дейді Нұрлыбек Бекбауов.
Пластикалық хирург Нұрлыбектің тағы бір бағыты – беттің әжімдерін тартатын операциялар. Бірде егде тартқан әйел әжімдерін тартқысы келеді. Ота сәтті шығып, бір сәтте 20 жылды кейін шегереді. Алайда егде күйе­уінің жанында жас қыздай көрініп, көпке дейін қысылып жүріпті.
– Сыртқы көркіне көңілі толмаса, адамда комплекс пайда болады. Келбетінен қысылып, өзін қорсынып, қоғамнан шеттей береді. Қазір елордада эстетикалық мәселерді шешудің жолы оңай. Статистикаға салсақ, омырауын түзеткен бойжеткендер өзге құрбыларына қарағанда үш есе тез тұрмыс құрады екен. Бұл – мәселенің бір жағы. Бас­ты нәрсе, реконструктивті-қалпына келтіру оталарындағы тәжірибелеріміз аса маңызды, – деді дәрігер.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды