«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көркем гимнастиканың кілтипаны

немесе спорт нысандары қолжетімді бола ма?

0 44

Нұр-Сұлтан қаласы жыл өткен сайын ұлғайып барады. Тұрғындары көбейген елорданың спорт инфрақұрылымдары қандай деңгейде? Әуесқой спортшылар мен халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын жоғары шеберлікті спортшылар үшін жағдай қаншалықты жасалған?

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің былтырғы «Қазақстандықтардың әл-­ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Үкіметке және әкімдерге өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру мақсатында кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырған болатын. Осыған байланысты жуырда елорда әкімі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен өткен қала құрылысы мәселелеріне арналған кеңесте Көктал-2, Ильинка, Өндіріс және Железнодорожный тұрғын алаптарында бой көтеретін аталмыш нысандардың жобасы бекітілді. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.

Бас қала халқының қар­қындап өсуіне байланысты елордада басқа да спорттық ғимараттарды салу қажеттігі туындады. Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Берік Маржықпаевтың айтуынша, шаһар бұл күндері өзін-өзі спорттық нысандармен 40 пайызға ғана қамтып отыр. Соның ішінде елордаға көркем гимнастика, спорттық гимнастика, спорттық би, батуттық гимнастика сынды спорт түрлерін дамыту үшін барлық талаптарға сай келетін мамандандырылған кешен керек.
Салынғанына 40 жылға жуықтаған №1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі қажеттілікті өтей алмай отыр. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының Көркем гимнастика федерациясы «Думан» қонақүй кешеніндегі 3500 ш.м. аумақты жалға алуға мәжбүр болып отыр.


– Тиісті талаптар бойынша гимнастика залының биіктігі 16-20 метрден кем болмауы керек. Біз жалға алып отырған зал бұл жағынан қанағаттандырғанмен, гимнастика спортының стандарттарына сай келмейді. Жалға алу құны да қымбат. Айына 7-8 миллион теңге төлеуге мәжбүрміз. Былтыр жалға алу құны бұдан сәл төмен еді, биыл зал иесі бағаны көтеріп жіберді. Фирмалық, сапалы гимнастикалық кілемдердің бағасының өзі шарықтап тұр. Олардың біреуін 21 мың АҚШ долларына сатып аламыз. Қазір мұнда №1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 250 шәкірті жаттығады. Бұған қоса, көркем гимнастикадан ұлттық құраманың мүшелері, Олимпиадалық даярлық орталығының, жоғарғы спорттық шеберлік мектебінің, спорттық интернаттың шәкірттері, жалпы алғанда 1 мыңға жуық жас спортшы жаттығады. 500 бала ақылы негізде тәлім алып, айына 16-30 мың теңге аралығында төлейді. Күнде екі-үш сағаттан жаттығатын спортшылар бар. Ең жоғары төлемақыны, яғни 30 мың теңгені солардан аламыз. Көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға үлкен жеңілдіктерді жасаймыз. Бірақ кірісіміз барлық шығындарымызды жаппайды. Қазір Азия чемпионаттарын ұйымдастыра алатын деңгейге көтерілдік. Бірақ «Думандағы» зал бұған келмейді, құрлық біріншіліктерін «Дәулет» спорт кешенінде өткізіп жүрміз, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Көркем гимнастика федерациясының президенті Мәдина Бектұрғанова.


Оның айтуынша, аталмыш федерация мамандандырылған гимнастика кешенінің жобасын жасап, құрылысқа керек қаржыны алдын ала есептеп те шығарған. Соған сәйкес, кешен 22000-25000 ш.м. аумақты алуы тиіс. Бұл көлем 3 мыңнан астам спортшының қажеттілігін өтей алады.
– Соның ішінде жаттығуларға арналған, биіктігі 16 метрден кем емес бірнеше зал болуы керек. Бұған қоса, жарыстарды өткізетін үлкен зал, киім ауыстыратын, демалатын, жан-жақтан келетін спортшылар орналасып, жататын бөлмелер, душ кабиналары, медициналық блок пен тамақтану орны да болған абзал. Кешен құрылысына шамамен алғанда 2 млрд теңге қажет. Гимнастика кешені салынса, елордалық спортшылармен қатар іргелес жатқан Қарағанды, Петропавл, т.б. осы сияқты шаһарлардың жас гимнастшылары да бас қалаға келіп, жаттыға алады. Халықаралық жарыстарды өткізуге де жол ашылып, бұл елорданың, жалпы алғанда еліміздің де мәртебесін көтереді, – дейді М.Бектұрғанова.


Біздіңше, бұл мәселені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы шешуге болады. Себебі елорданың дамуына барынша әсер ететін бес басым сектордың ішінде спорт та бар. Қазір Нұр-Сұлтан қаласының 2018-2020 жылдарға арналған инвестициялық стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының үшінші бағыты – «Қаланың инвестициялық өнімінің маркетингі» шеңберінде әр сектор бойынша әлеуетті инвесторларға ұсыну мақсатында нақты инвестиция­лық өнімдер әзірленуде. Оның арасына мамандандырылған гимнастика кешенін де қосуға болады деп есептейміз.
Ашығын айтқанда, кәсіпкерлер аталмыш кешеннің, жалпы алғанда спорт ғимараттарының құрылысына тартылмаса, бұл мәселені шешу қиындау. Мәдениет және спорт басқармасының спорт саласындағы жылдық бюджеті 6 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржының қомақты бөлігі қалада қазір бар нысан­дарды күтіп-ұстау­ға жұмсалады. Мәселен, «Алау» мұз айдыны сарайына бір жылда 1 млрд теңгеден астам қаржы кетеді. Алда бұл нысанды «Қазақстан», «Барыс-Арена» спорт кешені үлгісімен «Астана» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына сенімді басқаруға беру жоспарланып отыр. Ал Нұр-Сұлтан қаласы Көркем гимнастика федерациясының президенті Мәдина Бектұрғанованың айтуынша, гимнастика кешенінің құрылысына 2 млрд теңге қажет екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды