«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кенттердің көркін кескін-келбеті айқындайды

0 9

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қазан ­айында өткізген елорданың дамуына арналған кеңесте біртұтас қала құрылысы саясатын ұстануды ұсынды. Мемлекет басшысының пікірінше, шаһардағы аудандар құрылысының бей-берекет жүргізілуі кенттің көрікті келбетке келуіне кедергі келтіреді.«Көшелер мен ғимараттарды безендірудің біртұтас үйлесімді стилі жоқ. Сіздер, бәлкім, астанамызды көру үшін арнайы келетін туристер ой-толғамдарын естіп жүрген боларсыздар. Тұтастай алғанда, әрине, олар оң бағаларын беруде, бірақ қалада эклектика жоқ екенін бәрі атап өтіп жүр, – деді Президент өз сөзінде. – Расында да, мұндағы бір ғимарат бір стильде, тағы бір ғимарат екінші стильде салынған. Сондықтан, әзір кеш болмай тұрғанда, қала көшелері мен ғимараттарын безендірудің біртұтас дизайн-кодын жасауды тапсырамын».
Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойып отырған тапсыр­масының жөні бар. Бұл – әлемдегі қала біткен жаңадан салына бастаған кезде ескерілетін талаптар. Рас, Еуропа қалаларының көпшілігі, былайша қарағанда, сәулет өнерінің үлгісі ретінде бір-біріне қатты ұқсайды, үйлерінің кескін-келбеттерінде де ортақ қолтаңбалар көп. Бірақ жете үңіліп қарағанда, олардың да арасында елеулі айырмашылықтардың бар екенін байқауға болады. Оның үстіне, соңғы жылдары кәрі құрлық елдері байтақтары арасында әдемі қала атану сыңайында өзара бәсеке жүріп жатыр.Ал Еуропада қалалардың креативті кескін-келбеттерінің деңгейі мен аумағын анықтау мақсатында ұдайы зерттеу-талдау жұмыстарын жүргізіп отыру баяғыдан үрдіске айналды. Кәртәміш құрлықта көрікті кенттер көшінің керуенін жіпке тізгендей түзіп шығып тұратын қоғамдық ұйымдар да жеткілікті. Олардың әрқайсысы өздерінің нақтылы мақсаттарына орай алуан түрлі параметрлер бойынша өз үздіктерін анықтап келеді. Бұрнағы жылы бұл дүрмекке Еуропа комиссиясы да қосылды. Ол өзінің тырнақалды зерттеуін Cultural and Creative Cities Monitor деген тақырыптың аясында жүргізіп, құрлықтың «мәдениетті және креативті қалалары» рейтингісін түзуге бағыт ұстады. Ол Еуропаның 30 еліндегі 168 қаланы бір-бірімен салыстырып шығуға арналды. Бірақ мониторинг қорытындысы барынша күтпеген нәтиже әкеліп, бұрыннан қалыптас­қан стереотипті пікірдің көбесін сөгіп жібергендей болды. Зерттеуде жоғары ұпайларға тек мегаполистер ғана емес, провинциялық ортаңқолды қалаларға дейін қол жеткізді. Мәселен, жан басына шаққандағы мәдени әсер ету көрсеткішінің мазмұны жағынан Ирландияның Корк кенті әлем мәдениетінің ошағы саналатын Париждің өзінен асып түскен. Шведтің Умео қаласы экономиканың креативті секторын дамыту жөнінен Берлинді шаң қаптырып кетіпті. Бұл бәсекенің көшбасылар керуенінде Лондонның тіпті аты да жоқ.
Еурокомиссияның атап өткеніндей, 168 қатысушы қаланың 93-і кезінде «Еуропаның мәдени астанасы» атанса, 22-сі ЮНЕСКО-ның «Креативті қала» атағына қол жеткізген, ал 53 қалада халықаралық мәдениет фестивальдері тұрақты өтіп келеді. Қалалар 3 басты шоғырға біріккен 9 тақырыптық топтарға ұйысып, 29 параметр бойынша өздерінің тиісті бағаларын алған.
Тағы бір зерттеуші мекеме Еуропаның келімі келіскен кенттерінің 2019 жылғы кес­кін-келбеттерін анықтап, көпке жария етті. Мұнда қай қалалардың өзіндік көркімен, салтанатты сәулетімен саяхатшы жұрттың ықыласына көбірек бөленетін жағына негізгі назар аударды. Мұнда бірінші орынға әлемдегі ең романтикалық қала – Францияның бас шаһары Париж бірден көштің басынан табылды. Екі мыңжылдық тарихы бар, көне жәдігерлік орындары өте көп, кеңқолтық, құшағы ашық қалаға жылына 50 миллион адам келіп кетеді екен. Бұл жағынан жаһанда оның алдымен түсетін бірде-бір елді мекен жоқ.
«Мәңгілік қала» – Рим, Италияның астанасы, Батыс өркениетінің қайнар көзі бұл тізімге екінші болып еніпті. Тибр өзенінің жағасын жайлаған тап осы кентте кейін Еуропаның барлық мемлекеттерінің тарихында аса маңызды рөл атқарған Рим империясы дәуір сахнасына шықты. Мұнда көне замандарда салынған үйлердің біразы сол қалпында тұр. Солардың ішінде Ежелгі Римнің аты аңызға айналған аренасы «Колизей», Ватикан шіркеуі, империяның жүрегі іспеттес Рим форумы, көне «Каракаллы» моншасы, көптеген тас алаңдар мен барокко стиліндегі ғажайып архитектура нысандары бар. Олардың бәрі бірімен-бірі әдемі үйлесім тауып, елді мекенге өзгеше сән беріп тұр.Зерттеушілер үшінші сатыға Чехияның бас қаласы – Праганы шығарыпты. Бұрынғы бір кездерден ертегілердің елі секілді болып көрінетін «Злата Прага» туристерді де көбірек қызықтыратын мекен екен. Мұндағы готика дәуірінен бері келе жатқан сәулеттік нысандар оның құнын арттыра түседі. Қазір ғимараттардың барокко стиліндегі қасбеті мен қызыл түс қыш құймадан жасалған шатырлары қаланың өзіндік нышаны іспеттес. Бұдан қалды, Влтава өзені арнасымен су бетінде серуен құру, Карл көпірі бойымен қыдыру, готика дәуірі сарайларын аралап көру секілді мұнда қызықтауға тұратын орындардың мол екенін таныта түседі.
Испанияның Барселона қаласы бұл тізімнің төртінші қатарында тұр. Бастауын біздің дәуірімізге дейінгі үшінші ғасырдан алатын көне шаһар осы кезге дейін талай тарихты бастан кешіп келді. Каталония астанасы сол жүзжылдықтар жүлгесінде өзіне тән бет-бейнесін де қалыптастырып үлгерді. Бірақ қаланың даңқын шығарып тұрған атақты сәулеткер Антонио Гаудидің өлмес туындылары – ғажа­йып ғимараттар болып қала бермек.
Еуропаның көркем қалалары тізбегінің бестігін Ресейдің Санкт-Петербургі тұ­йықтайды. Ол бұрыннан елдің туристік орталығы болып саналатын еді. Бұған шаһардың талай ғасырлардан бергі тұрған зәулім сарайлары мен ғимараттары негізгі себеп болғаны анық. Оның үстіне, Нева жағалауына жайғасқан қоныстың өзен қапталындағы бас айналдырып, көз қарықтыратын көркем көріністері туристерді тартып тұратын еді. Ал ерте кездерден бар ұлан-­асыр Петергоф сарайлар ансамблі, Эрмитаж, Кунсткамера, Қазан соборы, Василий аралы Ресей им­перия­сы кезінен бері сақталып келе жатқан керемет жәдігерлік мекендер болатын.
Еуропаның архитектуралық сән-салтанаты кемеліне келген қалалары қатарында сондай-ақ Финляндияның астанасы – Хельсинки, Исландияның бас шаһары – Рейкьявик, Хорватияның – Дубровник кенті, Венгрияның байтағы – Будапешт, Австрияның Альпі шыңдарының етегіне қанатын жайған Инсбрук курортты әрі қысқы олимпиялық ойындардың ордасы болған елді мекені бар.
Осы ретте Мемлекет басшысы өте дұрыс айтады, біздің астанамыздың да топ осы шоғырдағы мегаполистердің қатарынан орын алуға толық мүмкіндігі бар. Астана қазірдің өзінде Орталық Азиядағы көрікті қалалардың сапынан табылады. Қаланың өзіндік келбеті мен қолтаңбасы оны өзгелерден ерекшелеп тұру керек. Сонда жұртты өзіне тартады. Мұны елорданың қазіргі басшылығы да өте жақсы түсініп отыр.

Расул АЙТҚОЖА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды