«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көпбалалы отбасыларға нақты көмек көрсетіледі

0 142

2019 жылдың 1 шілдесінен бастап 4 баласы бар жалғызбасты отбасылар алатын атаулы әлеуметтік көмек 63 000 теңгеден 103 945 теңгеге дейін (40 000 теңгеге) өседі. Қосымша төлемдерді қоса есептегенде мұндай отбасының табысы 74 244 теңгеден 114 449 теңгеге көбейеді. Бұл туралы кешегі Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлім етті. Министр атаулы әлеуметтік көмекті есептеген кезде көпбалалы отбасыларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, мүгедек баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақылар мен шәкіртақылар алынып тасталатынын жеткізді. Бердібек Сапар­баев ел Үкіметі бүгінгі таңда баспана алудың кезегінде тұрған 28,1 мың көпбалалы отбасының мәселесі алдағы 7 жылда толықтай шешілетінін хабарлады. Ол үшін 2025 жылға дейін 42 мың жалға берілетін пәтер салынады. Министрдің айтуынша, заңға енгізілетін түзетулер наурыз айында Парламенттің қарауына енгізіледі.

Жәрдемақыны рәсімдейтін құжаттар қысқарады

Үкімет отырысында айтылғандай, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың саны 571,6 мыңнан 830 мың адамға дейін көбейеді. «Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балаларына берілетін жәрдемақы көлемі де өзгереді. Егер олар 1 шілдеге дейін 4 834 теңге алатын болса, 1 шілдеден бастап бұл сома 20 789 теңгеге ұлғаяды. Жәрдемақы 18 жасқа дейін төленеді, егер балалар оқитын болса, төлеу мерзімі 23 жасқа дейін жалғасады» деп түсіндірді Б.Сапарбаев.
Ол атаулы әлеуметтік көмек төлеу рәсімі қалай жеңілдетілетінін айтты. «Бұл жұмыс «Е-халық» ақпараттық жүйесінің көмегімен жүргізіледі. Егер кейбір мәліметтер жоқ болса, ата-аналардың ешқайда баруына қажеттілік болмайды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары және кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері құзырлы органдарға сұрау салып, қажетті құжаттарды алады» деді министр. Бердібек Сапарбаев электронды әлеуметтік карта жасау үшін Цифр­лық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне бір ай ішінде «Е-халық» жүйесін қалалар мен ауылдар деңгейінде толықтай енгізуге тапсырма беруді өтінді. Әлеуметтік картада әр отбасының қажеттілігі мен әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайлары бағаланады. «Көптеген көпбалалы аналар: «Егер мемлекет бізге жер учаскесін берсе, үйді өзіміз салып алатын едік» дегенді айтады. Мұндай ұсыныстар да бар. Жер учаскесіне алғашқы жарнаны төлеуге мемлекет көмектессе… Сондай-ақ, жалға берілетін үйлерді ойластыруға болады» деді ол.

Жан-жақты қолдау болады

Биыл мүгедек балалары бар отбасыларды қолдау күшейтіледі. Биыл 1 шілдеден бастап мүгедектігіне байланысты және 18 жастан асқан балаларға күтім жасайтын 100 мың азаматқа төленетін жәрдемақының көлемі 31 183 теңгеден 41 578 теңгеге дейін өседі. Толық емес көпбалалы отбасыларға өз үйінде жұмыс істеуге жағдай жасалады. Ал ауылдық жерлердегі көпбалалы отбасыларға гранттар мен шағын несие алуға жеке квота бөлінеді. Министр ауылдағы көпбалалы отбасыларға қайтарымсыз негізде 500 000 теңге көлемінде кәсіп ашуға гранттар бөлінетінін де тілге тиек етті. Шағын несие беру бағдарламасы бойынша 2019 жылға жоспарланған 14 000 шағын несиенің 5 000 ауылдағы көпбалалы аналарға және мүгедек азаматтардың арасында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталады.

Баспана мәселесі 7 жылда шешіледі

Қазіргі таңда мемлекеттен баспана алудың кезегінде тұрған 28100 көп­балалы отбасының мә­се­лесі 2025 жылға дейін толық ше­шіледі. Бұл туралы кешегі Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлімдеді.
«Елімізде 340 мың көпбалалы отбасы бар. Қазіргі кезде баспана алудың кезегінде 28 100 отбасы тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл са­йын 6 000 жалға берілетін пәтерлер саламыз. 2025 жылға дейін 42 000 жалға берілетін пәтерлер салынады. Демек, алдағы 7 жылда көпбалалы отбасылардың баспана мәселесі толық шешіледі» деп түсіндірді министр.
Оның айтуынша, биыл мамыр айынан бастап көпбалалы отбасыларға тұрғын үйлер беріле бастайды. «Ең төменгі жалақыдан табысы аз әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 20 жылға 2 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеу енгізіледі» деді Р.Скляр. Несиенің бұл түрі 4 және одан көп баласы бар, мүгедек балалары бар, кәмелетке толмаған балалары бар толық емес отбасыларға беріледі. Алдағы 2 жылда мемлекет аталған санаттар үшін 22,5 мың жеңілдетілген қарыз беруді жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа алдағы үш жылдың ішінде республикалық бюджеттен әр жыл сайын 50 млрд теңге бөлінеді.
Шынымен де, 7 жылда бұл мәселе түпкілікті шешіле ме? Алдағы 2 жылда берілетін 22,5 мың жеңілдетілген қарызды кімдер ала алады? Алғашқы жарнасы 10 пайызды құрайтын 20 жылға 2 пайыздық мөлшерлемемен берілетін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» ипотекасына кімдер үміт артады? Жыл сайын сатып алу құқығынсыз жалға беру бағдарламасымен ұсынылатын 6 мың пәтерді кім алады? Осы сауалдарға жауап іздедік. Бір анығы, көшеде жүрген кез келген азаматқа (көпбалалы отбасының мүшесіне) мемлекет тегін немесе арзан баспана бере салмайды.

Бағдарлама дайын емес

Сонымен, ең алдымен «Тұрғын құрылыс жинақ банкінің» Астанадағы орталық филиалына бардық. Мекеме басшысының орынбасары Әсел Төлеуғалиева мәселені былай түсіндіріп берді: «Біріншіден, аталған бағдарлама әлі әзірленген жоқ. Сол себептен оған қатысушылардың қалай іріктелетіні және оларға қандай талаптар қойылатыны беймәлім. Сіздің сауалыңызға дәл қазір ешкім жауап бере алмайды. Екіншіден, Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасы бойынша барлық мүмкіндіктерімізді қарас­тырып, жұмыс істеп жатырмыз. Жаңа бағдарлама толық дайын болған кезде БАҚ арқылы халыққа таныс­тырамыз. Сондай-ақ көпбалалы отбасылардың біздің банк арқылы қаншасы баспана алғаны жөніндегі статистиканы да сол кезде жариялаймыз». Банк басшысының орынбасары «…аз уақытта жаңа бағдарламаға қатысты баспасөз мәслихатын өткіземіз» дегенді айтып қалды. Бірақ біз аз уақыттың қанша екенін білмедік.

Әлсіз топтарға жеңілдік бар ма?

Банктен шығып, Парламентке бас сұқтым. Ондағы ойым – депутаттардың пікірін білу. Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың пайымдауынша, мемлекет нарық жағдайында әлеуметтің әлсіз топтарына барынша жеңілдетілген жолмен баспана алуға мүмкіндік туғызуға әрекет етуде. «Менің ойым­ша, мемлекет аталған санаттағы азаматтарды толық баспанамен қамтамасыз ете алмайтынын түсінді. Өйткені әлемдегі экономикалық ахуалдың нашарлауы біздің экономикаға да ықпалын тигізіп отыр. Елбасы Үкіметке әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға баспана алудың қолайлы механизмін құруды тапсырды. Біріншіден, бұрын көпбалалы, толық емес, мүгедек балалары бар отбасылардың мемлекеттің тұрғын үй қорынан тегін баспана алу құқығы болды. Алайда бұл жердегі кезек жылжымайды. Екіншіден, пәтер жалдайтын отбасылар өзіне үй алуға ақша жинай алмайды. Үшіншіден, мемлекет 2 пайыздық мөлшерлемемен қарыз берсе, төлеуге жеңіл болады. Бұл жердегі бір кілтипан – алғашқы жарна. Оны табысы төмен немесе мүлдем табыс таппайтын көпбалалы отбасылар төлей алмайтыны анық. Меніңше, пәтер алуға алғашқы жарнасыз қарыз берілуі керек. Сол кезде бұл бағдарлама өміршең болып, мыңдаған үйсіз-күйсіз жүрген көпбалалы, толық емес, кәмелеттік жасқа толмаған мүгедек балалары бар отбасылардың баспана алуына толық мүмкіндік береді» дейді депутат.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, көптеген азаматтар әлі күнге атаулы әлеуметтік көмек, арзан баспана дегенді толық түсінбейтіні рас. Мысалы, көпбалалы отбасындағы әр балаға төленетін 20 789 теңге «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңның аясына кіретін отбасыларға ғана беріледі. Алайда сол отбасының табысы 15 мың теңгеден аспауы қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды