«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көпбалалы отбасылар назардан тыс қалмайды

Үкімет жанынан осы мәселемен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылды

0 400

Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев табысы аз азаматтарды қолдау бойынша тиісті тетіктерді әзірлеп, баспанасы жоқ адамдарға «7-20-25» бағдарламасы арқылы қарыз беріп, оларды тұрғын үймен қамту бойынша тапсырмалар жүктеген еді. Бір отбасының бес баласын өрт жалмаған Астанадағы қайғылы оқиғадан кейін Елбасы көңіл айта келе, мұндай жағдай қайталанбас үшін барлық тиісті шараларды қабылдау керектігін алға тартты.

   Осы аптада Үкіметтің жанынан еліміздің азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев басшылық ететін бұл топтың құрамы «Нұр Отан» партиясының, әлеуметтік-экономикалық блок, инфрақұрылымдық даму, ішкі істер және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен тұрады. Комиссия жұмысына бейінді ҮЕҰ, сарапшылар мен жұртшылық өкілдері тартылады. Жұмыс тобы екі ай ішінде Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындау бойынша кешенді шаралар қабылдауы қажет.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасыларға жалға берілетін баспаналар салуды ұсынды. Ол Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Астанада болған қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдіріп, осындай мәлімдеме жасады.
«Біз көпбалалы отбасыларға қосымша пәтерлер салу үшін қаражат қарастырып жатырмыз. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жылына осындай отбасылар үшін жалға берілетін 700 пәтер салынса, енді олардың санын екі-үш есе арттыру керек. Бұл ұсынысты біздің министрлік атынан Үкіметке енгіземіз» деді Жеңіс Қасымбек.
6 ақпан күні «Астана» концерт залы алдындағы алаңда көпбалалы аналар жиналып, өздерінің әлеуметтік мәселелерін көтерді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жиналғандар концерт залына шақырылып, олардың өтініштерін жеткізуге арнайы жағдайлар жасалынды. Қозғалып отырылған мәселелерін ескере келе, тұрғындарды қала әкімінің орынбасарлары Ермек Аманшаев пен Асқар Амрин, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, Білім және Қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының басшылары қабылдады.
Кездесу барысында пікір білдірушілер тарапынан тұрмыс жағдайларын жақсарту жөнінде түрлі өтініштер айтылды. Аналар тапсырған өтініштерде тиісті тәртіпке сәйкес арыз берушінің өз аты мен әкесінің аты, тегі, тұрғылықты жерінің мекенжайы толық көрсетілуі тиіс. Алайда өтініш түсіргендер аты-жөндері мен телефон нөмерлерін ғана көрсеткен. Астана әкімдігі заң нормаларын сақтау, көпбалалы аналардың бірде-бірінің мәселесін назардан тыс қалдырмау үшін олардың мекенжайын нақтылап, қалада тіркеуде тұрғанын анықтау мақсатында учаскелік инспекторларға өтінішпен шықты. Учаскелік инспекторлар бұл өтінішті орындау барысында көпбалалы аналар тарапынан түсінбеушіліктер туындаған.
Қазіргі таңда Астана әкімдігінің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, көпбалалы аналардың өтініштері қарастырылуда. Осы жұмыс аясында азаматтардың тұрмыс жағдайын тексеру, мұқтаждықтарын білу мақсатында мобильді топ құрылды. Олар көпбалалы аналардың тұрғылықты жерлерін аралап, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Оның нәтижесінде аудан әкімдіктері көпбалалы отбасыларға көмек көрсету тетіктерін қарауда. Алдағы уақытта Астана қаласы әкімдігіне өтініш қалдырған аналармен қала басшылығының кездесуі ұйымдастырылады. Аналардың тұрмыстық мәселелерін өз уақытында шешу мақсатында құзырлы органдар тиісті шаралар қолданады. Ал шешімі ұзақ мерзімді алатын және айтарлықтай ресурстарды қажет ететін мәселелер бойынша нақты орындалуы мерзімі жауапты мемлекеттік органдарға бекітіле отырып, әр мәселе бойынша Жол картасы әзірленіп, іс-шаралар жоспары нақтыланады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды