«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көпбалалы аналарды қабылдады

0 24

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов көпбалалы аналарды қабылдады.

Кездесуге елордадағы аудан әкім­дерінің орынбасарлары, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, Білім, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының, сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің өкілдері қатысты.
Көпбалалы аналар кездесу барысында мемлекеттік қордан тұрғын үй беруде жергілікті биліктің жеделдетуін сұрады. Алайда қала әкімінің орынбасары тұрғын үй кезегінде 45 мың адамның тұрғанын атап өтті. Оның үстіне, үй кезегіндегі тіркеуде мүгедектер мен соғыс ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, жетім балалар, Чернобыль апатының қатысушылары мен мүгедектері және көпбалалы отбасылар тағы бар. Мұндай отбасылардың саны 3 мыңға жуықтайтынын тілге тиек еткен әкім орынбасары кезекте тұрғандарға мемлекеттік қордан бөлінетін пәтерлер жалға беру шартымен берілетінін атап өтті.
«Елбасы әрбір көпбалалы отбасы үшін жылдық үстемақысы 2 пайыз болатын жеңілдетілген ипотекалық несие беруді тапсырды. Үкіметте жеңілдетілген ипотека беру ережелері әзірленгеннен кейін әкімдік жергілікті атқарушы орган ретінде оларды іс жүзінде жүзеге асыратын болады» деді Нұрлан Нұркенов.
Құрылыс және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық істері комитетінің мәліметінше, Қазақстанда 4 және одан да көп баласы бар 340 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Олардың ішінде ресми кезекте тұрған баспанаға мұқтаждар саны – 31725 отбасы. Оларға арналып алдағы 7 жылда 40 мың шаршы метрден аса жалға берілетін тұрғын үй салу жоспарланыпты. Көпбалалы отбасыларға тұрғын үй беруді жеделдету үшін белгіленген талаптарға жауап беретін дайын тұрғын үй сатып алу сияқты әдіс қолданылмақ. Бұл тұрғыда мамыр айында республика бойынша алғашқы пәтерлер беріледі деп күтілуде.
Жалпы, тұрғын үй беру бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасыларға арналған, үстемеақысы 2 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиенің бастапқы жарнасы – 10 пайыз.
«Пәтер құны 15 миллион теңге болса, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» мөлшерлеп есептеуі бойынша отбасына қажетті табыс 104250 теңгені құрауы тиіс. Бұл ретте көпбалалы отбасы материалдық жағдайын жақсартып, несиелік баспанадан үмітті бола алады» деді комитет өкілі Сара Құрманғожина.
Айта кетсек, тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда тұрғын үй құрылысы бойынша 8 бағдарлама қабылданып, осы уақыт аралығында 1,3 млн қазақстандық тұрғын үй жағдайын жақсартыпты. Ал өткен жылы 113 мыңнан аса тұрғын үй пайдалануға берілген екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды