«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көңілдің асыл пернесі

0 15

Назарбаев орталығында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай «Көңілдің асыл пернесі: Н.Ә. Назарбаевтың ән шығармашылығы» атты ІІ республикалық музыка байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы және М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы бірлесіп ұйымдастырған жоба ұлттық дәстүрлерді сақтауға және «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясының негізінде жеке тұлғаны рухани тұрғыдан дамытуға бағытталған.
Осымен екінші рет өткен байқауға еліміздің әр аймағынан 150 өтінім келіп түсті. Үміткерлер жас ерекшеліктеріне сай 12 мен 14 жас және 15 пен 17 жас аралығындағы екі топқа бөлінді. Қорытындысында 42 қатысушы іріктеліп алынды. Көрнекті композитор, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Музыкатану және композиция» кафедрасының профессоры Кеңес Дүйсекеев бастаған қазылар алқасы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан дарынды балаларды анықтап, арнайы дипломдармен марапаттады, жеңімпаздарға музыкалық аспап алуға арналған сертификаттарды тапсырды.
Байқау «Бабамнан қалған кең дала» (Н. Ә. Назарбаевтың сөздеріне жазылған әндер), «Біздің сүйікті Президентіміздің әндері толқынында» (Мемлекет басшысының сүйікті әндері) және биыл қосылған «Қасиетті домбыра» аталымдарына бөлінді. Нәтижесінде алғашқы аталым бойынша Павлодар облысының Ақсу қаласынан келген «Мерей» тобы топ жарса, екінші аталымда арнайы жүлдені Әлия Әбдіқадыр (Алматы қаласы), Нәзира Ибрагимова (Сәтбаев қаласы) және «Жұлдызай» тобы (Астана қаласы) теңдей бөлісті.
«Қасиетті домбыра» аталымының жүлдесі оралдық Жасмина Палат, Айнар Мусина, Сабина Жұмагелдинова есімді өнерпаздардан құралған трио мен астаналық Бейбарыс Байбөріновке тапсырылды. Ал байқаудың бас жүлдесін Н.Ә.Назарбаевтың сөзіне жазылған Т.Мұхамеджановтың «Город мой» әнін жоғары деңгейде орындап шыққан Астана қаласындағы №66 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Әнел Оразбаева жеңіп алды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды