Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

КОНФУЦИЙ ОТАНЫ – КӨРМЕДЕ

ЭКСПО көрмесіндегі Қытай павильонында Шаньдун провинциясының апталығы басталды. Салтанатты шараны Жалпықытай халық өкілдері құрылтайы Шаньдун провинциясының Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Ся Гэн ашты.

Қытайдың шығыс бөлігінде орналасқан аймақта елдің табиғи энергия ресурстары шоғыр­ланған. Қытайдың Шэнли деп аталатын басты мұнай кен орны да сол жерде.Шаньдун апталығының тақырыбы Қытай павильонының тақырыбымен үндес: «Болашақ энергиясының қайнар көзі – Жасыл Жібек жолы». Осы күндері Қытай павильоны үш тақырыптық экспозицияға бөлінеді. Олар қонақжай Шаньдун, үйлесімді Шаньдун және парасатты Шаньдун деп аталады.

– Шаньдун провинциясы Шанхай мен Пекин сияқты еліміздің ең маңызды қалаларының қақ ортасында орналасқан. Түбектің алып жатқан аумағы да үлкен – 157 мың шаршы шақырым. Әйгілі философ Конфуцийдің отаны – қытай халқының дәстүрі мен салтын сақтап қалған мекен. Экономикалық тұрғыдан да бұл аймақ алдыңғы көште. Былтыр аймақтың жалпы ішкі өнім мөлшері 1 трлн доллардан асты.

2013 жылдың қыркүйек айында Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Жібек жолы экономикалық белдеуін құруды ұсынды. Төрт жыл уақыт аралығында Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы «Нұрлы жол» бағдарламасымен ұштасып, жақсы нәтижелерін көрсетуде.

Осыдан 2000 жыл бұрын қытай философы Мо-цзы қуатты үнемдеу керектігін алға тартты. Шаньдун провинциясы сол ұстанымға берік. Табиғатты аялай отырып, тұрғындар жаңғыр­малы энергия көздерін пайдаланады. Соңғы жылдары аймақ басшылары Шаньдундағы инфрақұрылымды дамытып, халықаралық ынтымақтастықты тереңдетіп келеді, – деді Қытай делегациясын бастап келген Ся Гэн.

Көрмедегі Шаньдун апталығы аясында ұйымдастырылатын шараларға жүзге жуық кәсіпорын, аймақтағы үкіметтің оннан астам өкілі және он төрт қаланың басшысы қатысады.

Шаньдун апталығының ашылу салтанатында Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігі Шаньдун провинциясының Халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, Шаньдун провинциясының үкіметі Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстарымен келісім бекітті. Ал Шаньдун өнер институты мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті де серіктестік туралы келісімге қол қойды.

Жалпы, «ЭКСПО-2017» көрмесінде Қытай павильоны 23 аймағының тақырыптық апталығын өткізді.

Print Friendly, PDF & Email
www.pdf24.org    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*