Четверг, 21 Сентябрь 2017
-->

КӨНЕ ДӘУІРДІҢ КӨЗІ

Елордадағы руханияттың шынайы орталығына айналған аталмыш кітапхананың директоры Үмітхан Дәуренбекқызы бастаған мамандар Арменияның астанасы – Ереванға іссапармен барып, ондағы жауапты қызметкерлермен екі ел арасындағы мәдени, тарихи құнды деректер мен кітапхана саласы бойынша келелі мәселелерді талқылап, екіжақты келісімге қол жеткізді. Соның нәтижесінде ­М.Маштоц атындағы Матенадаран көне қолжазбалар институты мен Арменияның Ұлттық мұрағаты қорында сақталған еліміздің тарихына қатысты тың деректермен таныс болуға мүмкіндік туды.Ал енді елге келген құнды кітап­қа тоқталайық. Оны бізге кітапхананың ғалым-хатшысы Талдыбек Нұрпейіс айтып берді.

– Арменияда халқымыздың тарихына қатысты еңбектердің біразы сақталған. Солардың бірі – қыпшақ тілінде жазылған қолжазба. Ол 1618 жылы жарыққа шыққан. Оның қыпшақ тіліндегі атауы «Алғыш бітік» деп айтылған. Асыл дүниенің негізгі түпнұсқасы Нидерланд елінде сақталған. Бұл еңбекті қыпшақтанушы ғалымдар көп зерттеді. Бізге келген қолжазбаның электронды нұсқасын өзіміздің баспаханамыздан бір дана кітапша етіп шығардық. Көлемі 150 беттей болады. Оны тереңдеп зерттеу қажет.

Қыпшақ тілі өз заманында салтанат құрған. Түркі тілдері құрамына кіреді. Әсіресе, VI-X ғасырда қанаты кеңге жайылып, онымен көп түркі халықтары сөйлеген. Мәселен, мадияр, армян, өзбек қыпшақтары, құмықтар, орталық қырым татарлары, сібір татарлары, ноғай, башқұрт, қарақалпақ, қазақ, қырғыз секілді ұлттар осы тілмен қарым-қатынас жасап, ғылым тіліне айналдырды, – деді ол.

Сонымен бірге, Талдыбай ағамыз Сейсенбай Құдасов деген ғалымды мысалға келтірді. Ол кісі елімізде армян тілі мен алфавитін білетін бірден-бір қазақ екен. Арменияға да барып, көне қолжазбалармен танысқан. Сол кісінің айтуы бо­йынша Ереванда қазіргі армян алфавитімен жазылған қыпшақ тіліндегі 800-ге жуық кітап сақталған. Олардың дені Алтын орда мен қазақ тарихына қатысты көрінеді.

Міне, екі ел арасында рухани көпір салынды. Демек, құнды қолжазбалармен де қауышатын күн алыс емес деп ойлаймыз.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Print Friendly, PDF & Email
PDF24    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*