«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көне Ақмоладан – арайлы Астанаға

0 31

Жуырда «Атамекен» – Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Кешегі көне Ақмола – гүлденген бүгін Астана» атты әдеби сазды кеш өтті. Кешке қатысқан өнер зерттеуші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов елордамыздың кешегі және бүгінгі тарихына шолу жасай отырып, қаланың іргелі тарихи оқиғаларына, осы аймақта өткен өнерпаздарға тоқталды.

Астанадағы «Қараөткел» қо­рымына ХVII ғасырдың басында, дәлірек айтсақ, 1609 жылы алғаш рет адам жерленді. Бұл қорымға 1962 жылы Сәкен Сей­фуллиннің қанды көйлек досы Жақия Айнабеков пен оның отбасы қойылғаннан кейін жерлеу рәсімі тоқтатылып, қорым жабылған. Бұл қорымға Кенесары сарбаздарымен қатар кезінде өңірге аты шыққан І гильдия көпесі Баймұхамбет Қосшығұлов, атақты Балуан Шолақтың ға­шығы Ғалия Тілеуқызы, Алаш қай­раткері Смағұл Сәдуақасовтың Мәскеуден әке­лін­ген мәйітінің күлі жер­ленген. Осындай деректерді айтқан С.Ос­панов Сәкен Сей­­фуллиннің Ақ­моладағы кезеңі туралы маңызды мә­ліметтерді берді.
«Атандым Ғазиз ақын бала жас­тан, Әнші жоқ Қа­ра­өткелде менен ас­қан» деп ке­зін­де Ғазиз Файзоллаұлы айтса да, осы өңірден аузымен құс тіс­теген небір дүлдүлдер шықты. Атақты Иманжүсіп Құтпанұлын айтпағанда, Құлтума Өтемісұлы, Әздембай сал Көтербайұлы болып кете беретін бұл өнерпаздар туралы Серік Оспанов «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Ақмола округінің сал-серілері» атты кітапты дайындап қойды. Өнертанушы соған енген өнер майталмандары туралы сөз өр­бітіп, жиналғандардың жан сарайын ашатын әндермен әңгімесін әдіптеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды