«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кондуктор талабы жөнсіз

0 53

Қалаішілік автобустардағы электрондық төлем жүйесінің 2016 жылдан бері жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Бұл тұрғыда қоғамдық көліктерде тегін жол жүруге жеңілдігі бар жолаушылар, яғни зейнеткерлер де арнаулы құжаттарын «Astra plat» картасына алмас­тыруға тиіс-ті.

Бірақ кейбір жеңілдік иелері жаңа жү­йе­ге бағынғысы келмейді. Мәселен, зейнеткерлердің көбісі карта алуға құлықсыз болса, ал картасы барлардың кейбірі жол жүргенде оны валидаторға өткізуге ерінетін тәрізді. Ал әр сапар сайын картаны валидаторға тигізудің алдағы жылдары бюджетті қалыптастыру үшін маңызы зор екенін айтады мамандар. Өйткені жеңілдікпен жол жүретіндердің шығыны жергілікті бюджет есебінен өтеледі. Ресми ақпаратқа сүйенсек, Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы жеңілдікпен жүретіндердің шығынын өтеу үшін тасымалдау­шыларға жылына 1 млрд 300 млн теңге бөледі екен. Алайда жеңілдік иелерінің барлығын карта алуға шақырған кейбір кондукторлар картасы жоқтарға бұдан былай тегін жол жүру құқығы болмайтынын айтып, жалған ақпарат таратқан. Соның салдарынан санаулы күн ішінде «Astra plat» картасын алуға асыққан жұрт касса алдында ұзын-сонар кезекке тұрып, айғай-шу шығарған көрінеді. Бұл тұрғыда жауапты мамандарға хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрадық.
– Негізінде қоғамдық көліктерде жеңілдікпен тегін жүретін жолаушылардың барлығы «Astra plat» картасын алып, оны әр сапар сайын валидаторға тигізіп тұруға міндетті екені рас. Бірақ оларды картамен қамту бір күнде жүзеге асатын жұмыс емес. Яғни алдағы уақытта жеңілдікке ие жолаушылардың барлығы біртіндеп арнаулы құжаттан картаға көшуі керек. Оған дейін сол құжаттарымен тегін жүруге құқықтары бар. Дәл қазіргі уақытта Астанада тіркелген 114 мың жеңілдікке ие азаматтың 80 мыңына карта берілген. Олардың қалғаны да неғұрлым жақын арада қажет картаны алып алғандары дұрыс. Алайда міндетті түрде екі-үш айдың ішінде үлгеруі керек деген шектеу жоқ. Өйткені күніне тек 800 карта ғана беріледі, – деген «Астана LRT» ЖШС қоғаммен байланыс департаментінің директоры Науат Азанбаева, – кондукторлар арасында жолаушылардан төлем картасын талап етіп, картасы жоқтарына жол ақысын төлеткендері де бар екен. Біз кондукторларға жеңілдік картасын міндетті түрде валидатордан өткізу керектігін тапсырғанбыз. Бірақ оларға басшылық тарапынан картаны талап ету туралы тапсырма берілген емес, – дейді.
Егер жолаушылардан тағы да осындай шағымдар түсетін болса, автопарк басшылығы қызметкерлеріне тиісінше шара қолданбақ. Мәселен, кондукторлар сыйақыдан қағылуы мүмкін. Ал егер олардың үстінен үш рет шағым түссе, онда бірден жұмыстан босатылмақ. Бірақ ондай жағдайдың әзірге болмағанын айтады мамандар.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды