«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Коммуналдық сала жайы қаралды

0 20

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде қалалық мәслихаттың кезекті отырысы өтіп, онда тұрғын үй-коммуналдық саладағы ұсынылатын қызметтер сапасы мен халықтың құқығын қорғау бойынша атқарушы органдардың қызметін жетілдіру мәселесі қозғалды.

Іс-шарада Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Төлеген Құлышев өз баяндамасында біраз мәселені қозғай келе, биыл Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында Алматы ауданындағы 7 үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін мәлім етті. Қазіргі уақытта сметалық құжаттары дайындалып жатыр екен. Ол сондай-ақ, Е-ПИК қызметінің артықшылықтарын айта келе, оны қолданатындардың қатары артып келе жатқанын жеткізді.
Бұдан кейін Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Байсадықов инженерлік-коммуникациялық жүйелердің жұмысы туралы баяндады. Айтуынша, басқарма былтыр коммуналдық ұйымдардың меншігіне 45,9 млрд теңгеге 19 тариф беріпті.
– Нақтырақ айтқанда, электр жүйелеріне 28,2 млрд теңге берілді. Ал онда қосалқы екі станса бар. Сол сияқты 17,6 млрд теңгеге кәріз жүйелері берілді. Басқарма биыл да бұл жұмысты жалғастыра береді, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Биыл жыл соңына дейін жалпы сомасы 63 млрд 150 млн теңге болатын коммуналдық меншік нысанын тапсыру жоспарланып отыр.
Жиын барысында қаламыздағы ескірген лифтілердің жай-күйі де қозғалды. Қандай лифті болса да оны 25 жылдан артық пайдалануға болмайтыны айтылды. Белгілі болғандай, бұл мәселе қазір рет-ретімен шешіліп келеді екен. Қазір бас қалада 7233 лифт жұмыс істеп тұр. Оның 1865-і әкімшілік ғимараттарда болса, қалған 5368-і тұрғын үйлерде орнатылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды