«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көміртекті даму келешегі

0 50

Кеше елорда әкімдігінде «Астананың төмен көміртекті дамуға өту келешегі мен тетігі» тақырыбына арналған дөңгелек үстел жиыны өтті.

Астана халықаралық қаржы орталығы мен «Kaukointernational» ЖШС-ның және «Жасыл Академия» ғылыми білім беру орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен жиынға қала әкімі Әсет Исекешев пен ҚР Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков, Финляндияның Қазақстандағы елшісі Микко Кивикоски, сонымен қатар, қалалық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері мен отандық бизнес және ғалымдар, сарапшылар қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған қала басшысы Әсет Исекешев:
– Астанадағы өмір сүру деңгейінің сапасын көтеру үшін төмен көміртек даму моделіне көшудің нақты жоспарларын, бағдарламасын жасауымыз қажет. Нақты шешім қабылдайтын уақыт жетті. Алдымен экологиялық заңдылыққа ұсыныс дайындаймыз. Қоршаған ортаның ластануына жа­уапкершілікті арттыру керек. Өйткені адам баласы үшін экология – ең маңызды салалардың бірі. Сондықтан алдағы уақытта Астананы газдандыруды да көздеп отырмыз, – деді өз сөзінде.
Ал Ғани Сәдібеков ҚР Энергетика министрлігінің 2030 жылға дейін Қазақстанның төмен көміртекті даму стратегиясына арналған техникалық тапсырмаларды даярлау бойынша жұмысты бастау жоспарланып отыр­ғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жобаны қаржыландыру Дүниежүзілік банкінің нарыққа дайындығы жөніндегі Әріптестік Ассамблеясының отырысында мақұлданған екен.
Өз кезегінде Финляндияның Қазақстандағы елшісі Микко Кивикос­ки «жасыл» экономика және төмен көміртекті даму саласында мемлекеттің табыстары туралы әңгімелеп, жобаларды іске асыру мен технологияларды беруде Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға даяр екенін білдірді.
Шара барысында «жасыл» экономика және төмен көміртекті даму саласындағы әлеуетті дамыту, қоршаған орта саласында және Астана қаласының экологиялық қауіпсіздігі бойынша бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу жөніндегі ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.
«Kaukointernational Central Asia» ЖШС бас атқарушы директоры Владимир Олещенко мен «Delta Engineering» ЖШС бас директоры, PolarSol фин компаниясының өкілі Ерлан Қуанышев төмен көміртек даму саласы бойынша Финляндияның тәжірибесімен бөлісті.
– Финляндияның астанасы Хельсинки – ауасының тазалығы жағынан әлем елдері арасында үшінші орындағы қала. Бұл – Финляндия үшін үлкен жетістік. Жалпы, Хельсинки қаласында орталықтандырылған жылыту жүйесі ғана емес, сол сияқ­ты орталықтандырылған салқындату жүйесі де жұмыс істейді. Яғни ол жақта жаздың ыстығында ешкім салқындатқышты қолданбайды, – дейді Владимир Олещенко.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды