«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көмектен кенде қалмайды

0 44

Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының хабарлауынша, биыл елордада 14 929 көпбалалы отбасы мен 41 184 аз қамтылған азаматқа әлеу­меттік қолдау көрсету жоспарлануда. Жалпы, қалада осы жылы 159 мың адамға әртүрлі көмек көрсетілмек. Бұл қатарға жасына байланысты зейнетке шыққан 82 290 адам, 64 Ұлы Отан соғысы ардагері, 25 719 мүмкіндігі шектеулі азамат, соның ішінде 5 316 ерекше қажеттілігі бар бала еніп отыр.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек

Осы күнге дейін жалпы сомасы 2 млрд теңгені құрайтын атаулы әлеуметтік көмек 7 029 отбасыға немесе 42 174 адамға төленді. Соның 3 613-і көпбалалы отбасы (22 427 адам). 1516 отбасының өтініштері белгілі бір себептермен қабылданбады.
Күнкөріс деңгейінің ең төменгі шегі 33 358 теңгені, кедейлік шегі 23 351 теңгені құрайтынын айта кетейік.

«Жаппай оқыту» қоры мен «Мектепке жол» шарасы

«Жаппай оқыту» қоры аясында әр оқушыға 30 мың теңгелік жалпы сомасы 384 млн теңгені құрайтын 12,8 мың сертификат берілді. «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы шеңберінде 77 млн теңге сомасына 6 042 балаға демеушілердің есебінен көмек көрсетілді.

Қолжетімді баспанамен қамту

Тұрғын үй кезегінде 47 646 адам, соның ішінде 3 912 көпбалалы отбасы тұр. Бұл қатарда әлеуметтік осал топ санатына жататын 18 355 адам, 2 758 жетім бала, 22 528 мемлекеттік қызметкер мен бюджеттік ұйымдар қызметкері де бар.
Жыл басынан бері 518 пәтер берілді. Соның 336-сы тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, 24-і көпбалалы отбасыларға бөлінді. (10 пәтер сатып алу құқығынсыз жалға берілді, 14 пәтер – несиелік баспана).
Конституция күніне орай «Берекелі баспана» атты сатып алу құқығынсыз пәтерлерді жалға беру қалалық бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегінде тұрғандарға 298 пәтер берілді. Соның 150-і көпбалалы отбасыларға, 148-і әлеуметтік осал топтарға бөлінді.
Биыл коммуналдық тұрғын үй қорынан 1 322 пәтер бөлу жоспарланып отыр (419 – арендалық, 903 – несиелік. Соның ішінде 452 кезекте тұрғандарға).
Бюджеттік қызметкерлерге 1 млн теңге көлемінде 500 тұрғын үй сертификаты бөлінді. Бүгінгі күнге дейін білім, денсаулық сақтау, арнайы әлеуметтік қызмет, полиция департаменті қызметкерлеріне 397 сертификат тапсырылды.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2 365 жолдама берілді (834 көпбалалы отбасыға, 1143 толық емес отбасыға және ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбие­леп отырған 388 отбасыға).
Төлем қабілетін бағалау үшін 857 өтініш қабылданды (309 көпбалалы отбасыдан, 400 толық емес отбасыдан, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 148 отбасыдан). Соның ішінде 5,9 млрд теңге сомасына 414 өтініш мақұлданды. 1,4 млрд теңге сомасына 103 несиелік қарыз берілді. Бұл қарыз «Тұрғынүйқұрылысжинақбанк» АҚ арқылы 20 жылға дейін, 2 пайыз өсіммен, 1 млн теңге көлеміндегі бастапқы жарнаны жергілікті бюджеттен жартылай субсидиялаумен пәтер сатып алуға беріледі. Бұл мақсатқа 1 млрд теңге (1000 тұрғын үй сертификаты) қарастырылған.
«Нұрлы Ертіс» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері Екібастұз қаласына 222 отбасы көшірілді (барлығы 1161 адам, мұның 781 бала).
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысына 62 отбасы (212 адам) қоныс аударды. Өтініштерді қабылдау жалғасуда.
Осы жылдың аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 616 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылады.

Несиелерді өтеу

22 544 адамның 6,7 млрд теңге көлеміндегі несиелік қарызы өтеледі.

Жұмысқа тұруға жәрдемдесу

Жыл басынан бері 15 194 азамат жұмыс іздеп келді. Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен 7 502 адам (48,7 %) қамтылды. Соның ішінде 6 919 адам жұмысқа тұрғызылды (тұрақты жұмысқа 3 778 адам тұрғызылып, 2 029 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді; жастар практикасымен 865 адам, әлеуметтік жұмыс орындарымен 154 адам қамтылды).
Қысқамерзімдік курстарға 583 адам жіберіліп, 49 азамат бизнес-­идеяларын жүзеге асыруға гранттар алды.
Қысқамерзімдік курстарға жіберілген адамдар саны 700-ден 2 113 адамға артты. Курстар еңбек нарығындағы сұранысқа ие 102 мамандық бойынша ұйымдастырылуда.
Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға мемлекеттік гранттар жоспары 100-ден 2 200-ге өсті. Грант көлемі екі есеге артып, 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке (505 мың теңге) жетті.
Жыл басынан бері 14 927 тұрақты жаңа жұмыс орындары құрылды (соның ішінде шағын бизнес саласында 14 705 орын).
859 жұмыс берушіден мәліметтер базасына 7 825 бос орын тіркелді. Атап айтқанда, 100 мың теңгеге дейін жалақымен 4,2 мың орын; 100 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін 2 мың орын, 150 мың теңгеден жоғары жалақымен 1,6 мың бос орын бар. Соның ішінде құрылыс саласында – 1707, көлік және байланыста – 396, білімде – 1696, денсау­лық сақтауда – 554, саудада – 819, өнеркәсіпте – 464, тұрғын үй және тамақтануда – 244, т.б.

Тегін дәрі беріледі

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде диспансерлік есепте тұрған пациенттер тегін дәрімен қамтамасыз етілді. Соның ішінде әлеуметтік осал топтарға дәрі алуға 7,2 млрд теңге бөлінді.

Білім беру гранттары

2019 жылы 49 грант берілді. Соның ішінде көпбалалы отбасылардан шыққан 48 бала мен туғанынан мүгедектікке шалдыққан 1 балаға тапсырылды. Қазіргі кезде грантпен 138 студент оқуын жалғастырып жатыр. Жалпы, осы қатардағы оқуын аяқтаған 304 жас мамандықтары бойынша жұмысқа тұрғызылды.

Динара Ахметбекова,
көпбалалы ана:

– 2002 жылдан бері осы қалада тұрамыз, бес баламыздың төртеуі елордада дүниеге келді. Тексеру комсиссиясы жағдайымызды көріп кеткеннен кейін маусымның соңынан бастап атаулы әлеуметтік көмекті ала бастадық, Шүкір, сол көмектің арқасында жағдайымыз тәуірленіп қалды. Көп жылдан бері баспана кезегінде тұрғанбыз, өзім учаскелік медбикемін, жолдасым құрылысшы, жуырда көпбалалы отбасы ретінде үш бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Мемлекеттің көп балалы отбасыларға жасап жатқан қамқорлығын сезініп жатырмыз. Бұл тұрғыда ел басшыларына қала әкіміне, елдің жайын ойлаған азаматтарға алғыс білдіреміз. Біз үшін Нұр-Сұлтан қаласына жететін жер жоқ, қаншама игіліктер көріп жатырмыз, қаламыздың күннен күнге көркейгені де бізді қуантады.

Мөлдір ӘМІРБЕКОВА,
көпбалалы ана:

– Елордаға 2009 жылы көшіп келгеннен бастап мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау әрқашан көрсетіліп келеді. Қазір алты балам бар. 2014 жылғы мамыр айында Елбасының қолынан Күміс алқа марапатын алған болатынмын. Бүгінде балаларымның алды оқу бітіріп, өз алдына отау тігіп те үлгерді. 2012 жылы үй кезегіне тұрған едім, биыл міне, көптен күткен қуанышқа да қол жеткізіп, үш бөлмелі пәтерге ие болдық. Осындай мүмкіндік беріп жатқаны үшін Мемлекет басшысына да, қалалық әкімдікке де алғысым шексіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды