-->

КӨЛІК ҚЫЗМЕТІНІҢ КӨКЖИЕГІ

Сәрсенбінің сәтті күні «Елорда ақпарат» медиа ресурсы мен «Астана» радиосының бірлескен «Қала тынысы» жобасының екінші бағдарламасы тікелей эфирге жол тартты. Жоба авторы әрі жүргізушісі – Қайсар Жұмабайұлы. Оған Астана қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов, «Астана LRT» ЖШС-і көлікті диспетчерлеу орталығының басшысы Бауыржан Сейітов және бас маман Әбдіхамит Тамабаев қатысып, елордадағы көлік кешенінің даму барысы мен қоғамдық көліктің қызметін әңгімелеп берді.

Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов:
– Бүгінде елордада кезекті көлік кешенін дамыту жобасы жүзеге асуда. Әсіресе, онда қоғамдық көліктің сапасы мен қыз­метіне басымдық беріліп отыр. Қазір қоғамдық көлік қозғалысы жүйеленіп қалды. Әрине, қала тұрғындары авто­бустардың кешігуіне көп шағым айтады. Біз оны түсінеміз. Сондықтан бағдарлар арасындағы интервалдың нақтылығын бақылауға алдық. Көктем мезгілінде ол 65 пайыз болса, қазіргі күні 75-77 пайызға көтерілді. Автобустардың интервалы 3-5 минут болса, кейбір учаскелерде 5-8 минутқа қысқарды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Қоғамдық көліктің сапасы мен қызметін жақсарту үшін жаңа автобустар пайдалануға берілді. Алдағы қазан айының ортасына таман тағы су жаңа қоғамдық көліктер бағдарға қосылады.
Кейбір жеке көлік жүргізушілері «Bus Lane» жолағын енгізуге байланысты өз шағымдарын білдіреді. «Соның кесірінен жолдың ені тарылып, көлік тығыны көбейді» дейді олар. Бұл жерде бір нәрсені айту керек. Жолаушылар көп мінетін қоғамдық көлікті де ескеру қажет.
Сондай-ақ, Ш.Уәлиханов пен С.Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы жолды кеңейтіп, «Bus Lane» жолағын енгізуді жобалап отырмыз. Осы мақсатта сараптама жұмыстары жүргізілуде. Біз ол жүйе­ні енгізер кезде елге хабарлап айтамыз. Содан кейін Қабанбай батыр даңғылындағы жолға да қатысты шағымдар бар. Біз бұл мәселені көп талқыладық. Комиссия құрылды. Шағымдар мен ұсыныстардың бәрі мұқият қаралды. Бүгінде батыр атындағы даңғылмен 17 қоғамдық көлік бағдары жүреді. Сондықтан «Bus Lane» жолағы сақталады. Бірақ жолды кеңейту жұмыстары жүргізіледі.
Елорданың шет жағындағы кенттерге автобустар дұрыс бару үшін аудан әкімдерімен, «Астана LRT» ЖШС-пен бірлесіп жұмыс істейміз. Олар бізге ұсыныстарын жеткізеді. Қазір шаһарда экспресс автобустар жүйткіп жүр. Олар магистраль желісімен жүреді. Көп аялдамаға тоқтамайды. Жолаушыны белгіленген жерге жылдам жеткізеді. Кейде жаңа бой көтерген аудан аумағына автобустар толық бармайды. Біз бұл жерде ондағы жолдың толық салынып бітпеуінен көліктер белгіленген аялдамаға бара алмайтынын түсіндіргіміз келеді. Кейін бәрі өз қалпына түседі.
Тағы бір ерекше жоба – бас қаладағы жеңіл рельсті көлік құрылысының бірінші бөлігі 22 шақырымға арналған. Ол әуе­жайдан басталып, ЭКСПО қалашығы, «Абу-Даби Плаза» ғимараты мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалына дейін ұласады. Ондағы негізгі жұмыстарды аяқтау 2019 жылға жоспарланып отыр.
Қазір электронды жолақы жүйесі де өз нәтижесін беруде. Бүгінге оны қолданушылар легі он пайызға артқан. Биыл да бірнеше орынға жылы аялдамалар қойылады. Алдағы 2 қазаннан бастап «Нұржол» желекжолындағы автотұрақтар ақылы жұмысын бастайды. Ол тек жұмыс күндері ғана ақылы болмақ. Демалыс күндері оны пайдалану – тегін. Такси қызметінің сапасы жақсарып келеді.
«Астана LRT» ЖШС көлікті диспетчерлеу орталығының басшысы Бауыржан Сейітов:
– Бізге көп тұрғындар «Қоғамдық көліктер барынша неге түзу бағытпен жүрмейді? Баратын жерімізге екінші автобусқа мінбей, бір ғана көлікпен барғымыз келеді» деген ұсыныстарын жеткізеді. Әрине, жолаушылардың тілегін түсінемін. Бұл идеяны біз де қолдаймыз. Әзірше оны іске асыру қиындау болып тұр. Бұл тақырыпты әлі де талқылап, бір нәтижесін шығарамыз. Кейбір бағдарларда автобустар саны аз болғандықтан, олар уақытынан кешігіп жатады. Оған жаңа қоғамдық көліктер жіберіледі.

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*