«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көлігің ауыр болса, абайлап жүр

0 29

Еліміздегі республикалық маңызы бар жолдардың сапасы қандай? Жүк көліктердің тас жолға батып кету оқиғасының жиілеуіне не себеп? Кеше арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында осы мәселелер талқыланды.

– Жол сапасының жылдан жылға нашарлауына жүк көлік жүргізушілерінің жыл­дам­дық­ты ғана емес, тиеп а­лған заттарының салмағын да ша­мадан тыс арттырып алуы әсер етеді. Олардың арасында Қытайдан шыққан жүкті өзі аударатын көліктердің үлесі көбірек, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша көліктік ба­қылау инспекциясы автомобиль көлігіндегі бақылау бөлі­мінің басшысы Әлібек Бимағанбетов.
Атап айтарлығы, тек қана елордада 3000-нан аса жүк кө­­лігі тіркелген болса, соның 2500-інің салмағы асфальт жолда жүруге сәйкес келмейді. Әлі­бек Бимағанбетовтің сөзіне жа­қын­да Киевка мен Осакаровка кент­тері аралығында болған жағ­дай дәлел. Жүк көлігінің өзі 22 тонна болса, тиеп алған заты 40 тоннадан асып, нәтижесінде тас жол көтере алмай белшесінен жерге кіріп кеткен болатын. Оған көктемгі ылғалдан кейінгі асфальт астындағы топырақтың босауы да әсер етіпті. Облыс­тық ма­ңызы бар жолдарда мұн­дай көлік­тердің жүруіне тыйым салынған.
Жиын барысында қозғалған тағы бір мәселе, жүк таситын көліктің көбінде тауар-көлік құжаты болмай жатады екен. Осы себепті, былтыр 452 жүргізуші жауапқа тартылып, оларға 19 млн 841 мың теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ өткен жылғы тексеріс кезінде елорда маңындағы Қосшы мен Талапкер елді мекендерінде 3107 салмағы аса ауыр жүкті өзі аударатын көліктерден 541 заң бұзушылық анықталған. Оларға бас-аяғы 43 млн 207 мың теңге айыппұл салыныпты. Баспасөз жиынында тексеріс кезіндегі түрлі проблемалар арнайы бейне арқылы көрсетілді.
Былтыр жыл бойы көліктік бақылау инспекциясы мен елордалық әкімшілік полиция басқармасы тығыз байланыста болып, заң бұзушылыққа баратын жүк көліктерін анықтауды жіті назарға алған. Осы ретте 2000-нан аса ауыр көліктер тексерістен өтіп, тиісті ережені сақтамағандары жауапқа тартылды.
Қазір көліктік бақылау инспекциясы мен Нұр-Сұлтан әкімдігі бірігіп, биылға арналған жол картасын дайындап шығарды. Енді жоғарыда көтерілген мәселелер шешімін табады деген үміт бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды