«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көлігін тегін қоюға мүмкіндік алды

0 32

«Нұржол» желек жолы бойында орналасқан ақылы көлік тұрақтарының операторы мен activ ұялы байланыс операторы бірлесіп, Астананың 20 жылдығына орай «Белсенді тұрақта» («Паркуйся activно») шарасын ұйымдастырды.

Астананың көше-жол желісінің ақылы тұрақтары қызметін насихаттау мақсатында өткізілген шараға 471 автокөлік иесі қатысты. Қатысушыларға қойылған басты шарт – тұрақ ақысын смс-хабарлама арқылы көбірек төлеу керек. Шара қорытындысы бойынша үш жеңімпаз анықталды. Нәтижесінде төленген тұрақсағат санын ең көп жинап, жеңіске жеткен Қуаныш Жайықов ақылы тұраққа көлігін бір ай бойы тегін қою құқығына ие болды. Сол сияқты екінші орынды еншілеген Ысқақ Құлатай бір апта­ға, ал үшінші орынды місе тұтқан Толқын Қа­мыт­баева бір күнге тегін тұрақтау­ға мүмкіндік алды.
Айта кету керек, Қуаныш Жайықов пен Ысқақ Құлатайдың жұмыс орын­дары «Нұржол» желек жолында болмаса да, ком­муналдық тұрақ ережесін жетік білетін жүргізушілер осыған дейін тұрақ ақысын кешіктірмей, дер кезінде төлеп отырған. Сертификат ие­­лері өздеріне берілген мүмкіндікті алдағы қазан айының біріне дейін пайдаланса болады.
Естеріңізге сала кетсек, биылғы 15 қаңтардан бастап іске қосылған «Нұржол» желек жолындағы ақылы тұрақ 487 орынды құрайды. Жұмыс күндері таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін сағатына 100 теңге тұратын тұрақтарды сенбі-жексенбі және мерекелік демалыстарда тегін пайдалануға болады. Тұрақ ақысы паркоматтар мен «24 касса», «Kaspi» терминалдары арқылы және смс-хабарлама мен арнайы мобильді қосымшаның көмегімен төленеді. Ал ҰОС және Ауғанстан соғысының ардагерлеріне, «Алтын қыран», «Халық қаһарманы» ордендері мен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне, Семей ядролық полигонынан зардап шеккендерге ақылы тұрақтарды пайдалану – тегін. Алайда бұл жеңілдікті пайдалану үшін алдын ала тіркелу қажет. Тіркеу­ден өту үшін көлік жүргізу­шілері міндетті түрде Шарль де Голль көшесі, 1-үй мекенжайындағы «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС кеңсесіне баруы тиіс.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды