-->

КӨКТАЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Астанада аудан бас­шы­ларының кезекті есеп беру жиындары басталды. Кеше елордадағы Сарыарқа ауданы әкімі Арман Тұрлыбек  алғашқы кез­десуін Көктал тұрғын ала­бынан бастады. Оған қала әкімінің орын­басары Андрей Лукин қатысты.

kbb_8945

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС ЖЕТЕРЛІК

Алдымен аудан басшысы өз баяндамасында өткен жылы атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқталды. Оның айтуынша, мешін жылындағы халыққа есеп беру кездесулерінде тұрғындардан 97 сұрақ түсіп, оның 88-і түсіндіріліп, 9-ы бақылауға алынған. Соның нәтижесінде жұртшылықтан түскен ұсыныстар бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, ол өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік берген.
– Өткен жылы ауданға қарас­ты Ақмола және Наурыз көше­лері қоғамдық көлікке ыңғайлы болу үшін абаттандырылып, «Өндіріс» тұрғын алабының 25 көшесіне қатты материалдар төселді. №68 мектеп алдынан Құсмұрын көшесіне дейін «жасанды кедергі» орнатылды. №24 қоғамдық көлігінің маршруты «Нефтяник» алабына дейін ұзартылып, Жолымбетов көшесі жарықтандырылып, қоғамдық көліктердің кестесі қайта қаралды. Жалпы құны 644,1 млн теңгеге 19 ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 29 тұрғын үйдің қасбеті қалпына келтірілді. Құны 118,9 млн теңгені құрайтын 4 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 8,8 км құрайтын 16 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде кондоминиум тіркеуі жоқ 315 үйдің 288-і тіркелді, қалған 27 үйді 2017 жылы тіркеуден өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, өткен жылы білім беру саласы бойынша үш объектінің құрылысы аяқталды, – деді Арман Тұрлыбек.
Одан кейін аудан басшысы биыл жүзеге асатын шараларды да қысқаша айтып өтті.

Мешін жылындағы халыққа есеп беру кездесулерінде тұрғындардан 97 сұрақ түсіп, оның 88-і түсіндіріліп, 9-ы бақылауға алынған. Соның нәтижесінде жұртшылықтан түскен ұсыныстар бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, ол өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік берген

ЖОЛДЫҢ ДАУЫ БІТЕ МЕ?

Сарыарқа – елордадағы түйткілді мәселесі көп аудан. Өйткені онда көбінесе проблемасы мол шеткі аймақтар мен кеңестік дәуірде салынып, әбден тозығы жеткен ескі үйлер жетіп артылады. Кейбір көшелердегі адам мен көлік жүретін жолдардың да жағдайы сын көтермейді. Жиында соның бәрі көтерілді.
«Көктал-2 тұрғын алабында тұрамын. Былтыр жазда бізге кәріз жүйесін орнатамыз деп жолдың бойын қазды. Ол жұмыс толық аяқталған жоқ. Ол қазылған шұқыр дұрыс жабылмады. Соған балаларымыз түсіп кете ме деп күн сайын зәреміз ұшады. Қопарып тастаған жолдың да берекесі кетті. Дәл жанымызда №68 мектеп орналасқан. Соған өтетін жолда жаяу жүргінші өтетін белгі жоқ. Түнде көшеміз тас­тай қараңғы, жарық жоқ. Осы мәселені шешіп берсеңіздер» деді Наурыз көшесіндегі №32 үйдің тұрғыны. Осындай проблеманы Байқоңыр көшесінің тұрғыны да көтерді. Оның айтуынша, жолдың бойында жаяу адам жүретін тротуарлар салынбаған көктем мен күзде тұрғындар батпаққа батып, көп мехнат кешеді екен. Сондай-ақ, көлік жүретін жолдан жаяу жүргіншілер белгісі қойылмағандықтан, мектеп жасындағы балалар үшін қиын­дық туып отырғанын жеткізді. Осы сұраққа елорда әкімінің орынбасары Андрей Лукиннің өзі араласып, айтылған мәселені оң шешіңіздер деп жауапты лауазымды тұлғаларға тапсырма берді.

kbb_8969

МЕШІТ ҚҰРЫЛЫСЫ «ҚАРТАЙДЫ»

Көктал тұрғын алабының тұрғындары жыл сайын мешіт мәселесін көтеріп келеді. Бүгінде құрылысы тоқтап тұрған мешіт үйі қашан пайдалануға беріледі деген сұрақтар, әсіресе, қариялар тарапынан жиі қойыл­ды.
«Он жылдан бері Көкталдағы мешіттің ашылуын асыға күтіп жүрміз. Әсіресе, жасы келген үлкен кісілер амалсыздан жұма күндері орталық мешітке барады. Осы қашан шешіледі? Содан кейін біздің тұрғындардың көбі жер үйде тұрады. Қыс бас­талысымен тонналап көмір жағамыз. Үнемі тұрғын алапты қою түтін басады. Осы жеке секторларды газға ауыстыру бола ма екен? Мен Қайыңды көшесінде тұрамын. Көшенің жолы өте нашар. Жаяу жүре алмаймыз. Осыны бір қалыпқа келтірсе. Одан кейін бізде кәріз жүйесі болмағандықтан, жеке тұрғын үйдегі тұрғындар барлық кір суды жолға төгеді. Содан ауа ластанады. Көктал тұрғын алабы орталық кәріз жүйесіне қашан қосылады?» деп сұрады Сабыр Құсайынов деген ақсақал.
«Өткен жылы өз еркімен мешітті салуды бастаған жеке кәсіпкермен сөйлестік. Әзірше, ол кісі де ептеген қаржылай қиындықтар туып тұр. Біз оған ұсынысымызды білдіріп, мешітті тезірек аяқтау туралы өтінішімізді айттық» деп Арман Тұрлыбек қарияның сұрағына жауап берді. Одан кейін Андрей Лукин елорда әкімдігінде бас қалаға газ тарту мәселесі кең талқыланып жатқанын айтып, бірақ жақын арада Көкталдағы тұрғын үйлерді газдандыру әзір­ше болмайтынын айтты.
– Біздің үй автономмен жылытылады. Жолдасым екеуміз зейнеткерміз. Айына жылу мен электр жүйесіне 45 мың теңге төлейміз. Қалған ақшамызбен әупірімдеп өмір сүріп келеміз. Осы үйде 13 жылдан бері тұрамыз. Әлі қолымызға үйдің құжаты тиген жоқ. Тіркелген де жоқпыз. Осы сұрақты жыл сайын қоямын, қашан шешіледі, – деді Тілендиев көшесіндегі №44/1 үйдің тұрғыны. Оған лауазымды тұлғалар жақында ғана елордада ПИК мәселесіне қатысты тұрғындардың қоғам­дық қабылдауында осы проблема көтерілгені жайында айтып, оның жақында шешіліп қалуы мүмкін екендігін жет­кізді.
Түйіндеп айтқанда, тұрғын­дарды мазалаған мәселелер лауазымды тұлғалар тарапынан қолдау тауып, өзара түсіністік қалыптасты.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*