«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Көктал -2» қалай абаттанады?

0 64

«Көктал-2» тұрғын алабының инфрақұрылы­мын дамыту 2012 жылы басталды. Алайда арада алты жыл өтсе де, атқарылар іс әлі шаш етектен. Жуырда қалалық мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісовтің жеке қабылдауында болған аталмыш тұрғын алаптың бір топ тұр­ғындары абаттандыру тым созылып кет­кеніне, тротуарлардың салынбағанына, жол­дар­­дың тозғанына, кәріз құдықтарының ашық жатқанына, қоқыс алаң­дарының жеткілік­сіздігіне шағымданды.

Осы әңгімеден кейін мәслихат хатшысы №68 орта мектепте тұрғындардың Сарыарқа ауданы әкімдігінің өкілдерімен, қаланың бірқатар басқармаларының қызметкерлерімен, мердігер ұйымдардың басшыларымен кездесуін ұйымдастырып, туындаған мәселені талқылады.
«Жобаның жалпы құны – 8 млрд теңге. Бұл республикалық бюджеттен қаржыландырылып отыр. Мердігер өзіне алған міндетті биыл толығымен орындаймын деп уәде берді. Осы жылы жұмыстарды аяқтау үшін қалған 1 млрд теңгенің бөліну мәселесін әкімдіктің алдына қою керек. Егер бюджет осындай мүмкіндік берсе, жұмыстың негізгі бөлігі аяқталады. Мәселе қаржыландыруда боп тұр» деді Жанат Нұрпейісов.
Қалалық мәслихаттың отырыс­тарында жолдарды салу мәселесі қызу пікірталасқа ұласқанын талай естідік. Сонда кейбір мектептер мен балабақшаларға апаратын жолдар салынбағаны да айтылды. Әрине, көлік иелері де содан зардап шегуде. Кездесуге қатысушылар осыған назар аударды. «Уақытша асфальт төсеуге болмай ма? Балаларымыз күз және көктем мез­гілдерінде мектепке батпақты кешіп жетеді. Елді мекенде кедір-бұдыры көп кем дегенде бес көше бар. Соларды айналып өтеміз деп, баратын жерімізге кешігіп жетіп жатамыз» дейді олар.

Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, қазіргі таңда тиісті жұмыстар 70 пайызға орындалған. Кестеге сәйкес жолдар құрылысы биыл аяқталмақ. Жаз біткенше қалған көшелерге асфальт төселеді. «Тұрғын алаптың шығысында орналасқан көшелерді асфальт­тауды аяқтау ғана қалды. Ұлытау көшесі асфальтталды. Осы айда Бостандық көшесіне асфальт төсеу жоспарға енгізілді. Сәйкес жұмыстар Амантоғай және Көктал көшелерінде де жүреді» деп түсіндірді ол.
Бірақ мәселе жолдар құры­лысында ғана емес екен. Тиісті жобаға сәйкес Мұнда нөсер және шаруашылық-тұрмыстық кәріз, электр және су желілері де салынуы керек.
«Инфрақұрылым құрылысының жобасы бар. Бұл жоба сараптамадан өтті. Сәйкес жұмыстарға жыл сайын бөлініп отырған қаржы 100 пайыз игерілуде. Жоба бо­йынша осы жылға 965 млн теңге бөлінді. Есептеу жасалған соң, кесте бойынша жұмыстарды аяқтауға бұл қаржы жетпейтіндігі анықталды. Қосымша қаржы алу үшін әкімдікке хабарластық. Бюд­­жеттік тапсырысқа сәйкес жұмыстарды бітіруге тағы 1 млрд теңге сұрауға болады. Ал әзірге қолда бар қаржыға абаттандыру мен кейбір көшелерге асфальттың жоғарғы қабатын салу жоспарланып отыр» деді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Дархан Боранбаев.
Тұрғын алапқа кәріз қашан тартылады дегенге келсек, бұл мәселені «Астана су арнасы» МҚК директорының орынбасары Сергей Вилков түсіндірді. Оның сөзінше, жеткізуші коллектордың құрылысы аяқталып қалды. Бұл іс күзге дейін бітіп, коллектор толық қуатында жұмыс істей бастайды. Көлік және жол-кө­лік инфрақұрылымын дамыту басқармасы салып жатқан барлық көшелер кәріздің орталық жүйесіне қосылады.
«Нөсер кәрізі жұмыс істеу үшін бірінші кезекте электрқуаты керек. Сосын кәріздік сорғы стансасын қосып, қазір салынып жатқан басты желіге жалғау қажет» деп түсіндірді мердігер.
Кентте жұмыс істемей тұрған құдықтар бар екен. Тұрғындар олар­ды жабуды сұрады. Жауапты мекеме өкілінің сөзінше, қақпақтар жиі ұрланғандықтан, құдықтар ашық қалып жатады. «Бұл мәселені жуық арада шешуге тырысамыз» деді ол.
Сарыарқа ауданы әкімдігінің өкілі тұрғын алапта жақында қоқыс алаңдарының құрылысы аяқталатынын жеткізді. Оның айтуынша, «Көктал-2»-ге 80-нен астам контейнер бөлінді. Алайда алап тұрғындарында қоқысты шығару бойынша 3 млн теңге шамасында қарыз жиналып қалыпты.
«Контейнерлерді орнатқанда қоқыс таситын көлікке арнал­ған «қалтаны» да салу керек. Әйтпесе, қоқысты артуға кел­генде бұл көліктер жеке көлік­тердің жүруіне үнемі кедергі келтіріп жатады. Сосын контей­нерлерді орнатқанда бізбен де ақылдассаңыздар деген тілегіміз бар» деді көкталдықтар.
Тұрғындар Сарыарқа ауданы әкімдігінен кентке кіреберісте көшелердің атауы жазылған белгі орнатуды да сұрады. Бұл кездесуде қалалық мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов, мәслихат депутаты Зұлпыхар Ғайыпов барлық ұсыныс-тілектер ескерілетінін жеткізді.
Мәслихат хатшысы іле-ша­ла «Нұр Отан» партиясы қа­ла­лық филиалының қоғамдық қа­былдауында халықты жеке мә­селелермен қабылдады. Онымен кездесуге келген төрт адам азаматтардың жеке санаттарына әлеуметтік көмек көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, жұмыспен қамту мәселе­лерін шешуді сұрады. Жанат Нұрпейісов оларды мұқият тыңдап, барлық мәселені заңдық тұрғыдан түсіндірді. Бұған қоса, тиісті мемлекеттік органдарға хаттарды жөнелтіп, тұрғындар түйткілдері бақылауында болатынын айтты.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды