«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

КӨК ТҮТІННЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?

0 102

Қыс түссе болды, Астананы көк түтін басатын әдеті бар. Өйткені тұрғындар қаланың дәл ортасында тұрса да, әлі күнге дейін көмір жағуға мәжбүр. Әсіресе, қаламыздың Оңтүстік-Шығыс шағын ауданы мен Көктал-1 және Көктал-2, «Өндіріс» тұрғын алабы тұрғындары кеш түсе далаға шығудан қаламыз деп жиі шағымданып жатады. Алайда қанша жерден тырысқанмен, бас қаланың бас ауруына айналып отырған түтін мәселесін шешудің жолы әзір мүмкін болмай отыр.

kok-tutin

 КӨМІРСІЗ ӨМІР ЖОҚ

Жеке үйлердің пештері және ұйымдар мен қоғамдық орындардың көмір арқылы жылытылатын қазандықтар мұржаларынан шығатын түтін айналаны көк тұманға көміп, тұрғындардың тынысын тарылтып-ақ отыр. Бұл жағдай тек сол маңайда тұратын тұрғындардың денсаулығына ғана емес, жалпы қала халқына, аумақ экологиясына да зиян келіп отырғанын айту керек. Яғни, табиғатқа орасан зор көлемде түтін бөлініп, улы заттар таралып жатыр деген сөз. Мамандар көмір түтінінен атмосфераға күкірт диоксиді, азот диоксиді секілді аса қауіпті ластағыш заттардың таралатынын айтып, жиі дабыл қағып жатады. Алайда басқа амал жоқ. Көмірсіз өмір жоқ. Ал қала халқы жылдан жылға өсіп келеді. Соған сәйкес, қала аумағы да өсіп жатыр. «Астананың жайдары жазынан тұнжыраған суығы мен сарышұнақ аязы көп. Яғни, жыл – он екі айдың 7-8 айында көмір жағып шығуға тура келеді деуге болады. Керек болса, кейбір тұрғындар алдыңғы жылдары шілде айына дейін пеш жағып шыққанын айтады. «Қазан туа тағы отпен алыстық. Маңайдың бәрін күл басып, қолқаны қабатын иіс шығарса да, үйді жылы ұстап тұру үшін шелектеп көмір жағуға тура келеді. Әсіресе, боранды күндері тіптен қиналып қаламыз. Мұндай күндері жаққан оттың бәрі далаға кетеді» дейді кейбір тұрғындар.
Расында, Арқаның қысының ұзақтығы мен қаттылығы тұрғындарға біршама салмақ салып отырғанын айту керек. Әрбір үй қыстан қысылмай шығу үшін айына орташа есеппен 5-7 тонна көмір жағып шығады. Көмір ғана емес, тамыздық ретінде құрғақ ағаш болмаса тағы қиын. Оның бәрі қып-қызыл ақша. «Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында тұрып жатқаныма биыл 9 жыл болады. Келгелі пеш жағумен келеміз. Ауданы 150 шаршы метр үйді жылыту үшін 12-15 тонна көмір керек. Тоннасын 12-13 мыңға аламын. Яғни, 120-130 мыңға шығындалуға тура келеді. Оның сыртында, тасымал құны тағы бар. Оған да 10 мың теңге жұмсаймын. Құрғақ ағаш аламыз. Кубы – 14-15 мың шамасында. Яғни, шамамен 150 мың теңгедей шығынданамыз. Қалаға көгілдір отын келмей, бұл мәселеден құтылмаймыз» дейді қала тұрғыны Бақытжан Шапағатов.

КӨГІЛДІР ОТЫНДЫ ТҮСІМІЗДЕ ҒАНА КӨРЕМІЗ

Кейбір тұрғындар көмірді қыс бойы қаппен алып, жағып шығатынын айтады. Себебі бірден тонналап түсіріп алуға шамалары жете бермейді. «Қаппен көмір сату саудагерге тиімді шығар. Бірақ біз секілді зейнеткерлерге өте қиын. Бірден тонналап сатып ала салуға шамамыз келе бермейді. Оның үстіне, түсіріп ала қоятын орын да жоқ. Тұратын баспанамыздың шағындығы ғана құтқарып тұр. Біреудің времянкасын жалдап тұрамыз. Бір қап көмірді 600 теңгеден аламыз. Бір аптаға жетеді. Астанаға осыдан үш жыл бұрын Сайрамнан көшіп келгенбіз. Көгілдір отынды түсімізде ғана көретін болдық» дейді Қамқа есімді апай.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Астана қаласына газ құбырын тарту туралы жоба қолға алынған болатын. Нақты айтар болсақ, 2012 жылы Мемлекет басшысы Үкіметке арнайы тапсырма беріп, көп ұзамай жауапты мекемелер Қостанай облысы арқылы өтетін «Қарталы – Тобыл – Көкшетау – Астана» магистралі мен «Бейнеу – Бозой – Шымкент» құбырына «Қызылорда – Жезқазған – Теміртау – Қарағанды – Астана» магистралін жалғау арқылы елордаға газ жеткізу жобасын жасаған болатын. Керек болса, алғашқы жоба бойынша жұмыстар атқарылып, жобалық-сметалық құжаттамасы да жасалып қойылған. Алайда қазіргі уақытта белгісіз себептермен екі жоба да тоқтап тұр. Мамандардың айтуынша, жақын аралықта бұл жоба іске асырылмайтын түрі бар.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды