КӨК ТҮТІН ҚҰРСАУЫНАН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?

Елордадағы аспанды торлаған түтінді сейілту тұрғысында қандай шаралар атқарылып жатыр? Осы мәселеге орай Энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаев, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев және Экология департаментінің басшысы Мансұр Ошурбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

ГАЗБЕН ЖЫЛЫТУҒА КӨШУ ҚАЖЕТ

Жиында алғашқы болып сөз алған Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев 2017-2018 жылдарға арналған кешенді жоспар туралы айтып өтіп, құрамында қалалық әкімдік пен құзырлы органдардың қызметкерлері және Қазақстан экологтары қауымдастығының өкілдері бар 5 жұмыс тобы құрылғанын, аталмыш жұмыс топтары жүргізген шаруаларға сәйкес, жергілікті атқарушы билік өкілдері бірқатар ұсыныстар әзірлегенін жеткізді. Басқарма басшысының айтуынша, атқарушы биліктің ұсынысында электромобильді көлік иелеріне жеңілдік беру қарастырылған екен.
Ал өз кезегінде қаланы газдандыру мәселесі туралы айтқан Энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевтың сөзіне сүйенсек, магистральдық газ бойынша мәселе әлі де Үкіметтің қарауында көрінеді.
– Бүгінгі таңда Астананы газдандырудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Газдандыру бойынша негіздемені жасауды маусым-шілде айларында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осыдан кейін жобалық-сметалық құжаттама жұмыстары жасалып, жобаны жүзеге асыру қолға алынады. Жалпы, жақын арада Астананы магистральдық газбен қамту шешіледі деп ойлаймын. Ішкі алаңдық желілер бойынша айтарым, қазіргі таңда өз қаржысымен қалаға газ желілерін тартып, газды қосуға әзір тұрған инвесторлар бар. Олардың бірі – «Глобал газ» компаниясы. Бұл компания қазіргі уақытта Тұран көшесінің бойында регазификация стансасын қойды. Ол «Тұран» деп аталады. Сол станса арқылы бүгінгі күні Назарбаев университеті, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы сияқты бірнеше нысан газдандырылуда, – дейді Бақтыбек Жапаев.
Басқарма басшысы жекеменшік секторлардағы үйлерге газ тартылған жағ­дайда төлемақы қаншалықты қымбаттауы мүмкін екенін де айтып өтті.
– Әзірге «Глобал газ» компания­сы бүгінгі күнде газдың бағасын текше метріне 110 теңге деп белгіледі. Алайда «Глобал газ» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында субсидия алу үшін өтінім беріп отыр. Қазір бұл өтінім ҚР Экономика министрлігінің қарауынан өтіп жатыр. Келер жылдың қаңтар айының соңына таман олар оң немесе теріс жауап алатын болады. Егер оң шешім шыққан жағдайда газдың текше метрі 35 теңгеге төмендейді. Дегенмен газға кететін төлемді көмірмен салыстыруға болмайды. Газдың, әлбетте, көмірге кететін шығыннан кем дегенде 2 немесе 2,5 есеге қымбат болатыны анық. Ал үйге газ тарту үшін әр шаңырақ иесі шамамен 1000 доллар жұмсауына тура келеді. Бірақ тұрғындар лас ауамен демалмас үшін уақыты келгенде бәріміз бір адамдай газға көшеміз деген сенімдемін.

ТЭЦ-2  ГАЗИФИКАЦИЯҒА БІРТІНДЕП  АУЫСТЫРЫЛАДЫ

Жиын соңында тілшілер тобына берген сұхбатында «Қазгидромет» РМК гидроорталығының директоры Марина Шмидт соңғы күндері Астананың аспанын неліктен түтін басып тұрғанын түсіндіріп берді.
– 13 желтоқсаннан бастап бізде моңғол антициклоны тіркелді. Ол біршама аумақтың, соның ішінде Астананың да ауа райына әсерін тигізді. Антициклон тынық әрі ашық ауа райы кезінде пайда болады. Демек, атмосферада ауа алмасу болмайды. Осы себепті, зиянды заттар жиналып қалып, түтіннің туындауына себеп болып отыр. Астананы қоршаған жасыл белдеу желдің азаюына себеп болады дегенді қазір бірден болжау мүмкін емес. Кейбір жылдары бізде желдің жиілігі азайды. Бәрі де климаттық жағдайлар мен синоптикалық ахуалдарға байланысты, – дейді Марина Шмидт.
Баспасөз мәслихаты аяқталған соң осы мәселе тұрғысында баспасөз туры өтті. БАҚ өкілдерімен бірге жүрген Энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевтың жол көрсетуімен тілшілер тобы қаладағы бірқатар мекенжайларға ат басын тіреді. Алдымен ТЭЦ-2-ге бас сұққан журналистер қаланың Оңтүстік-шығыс ауданына аялдап, ондағы жекеменшік сектордағы үйлердің мұржасынан шығып жатқан түтіннің атмосфералық ауаны қаншалықты ластап жатқанын бақылады. Жұмыс тобының сапары «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының қазандығында соңына жетті. «Астана-Энергия» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Олег Уткиннің сөзіне сүйенсек, алдағы жылдары ТЭЦ-2 газбен жылыту жүйесіне біртіндеп көшірілмек. Әзірге дайындық жұмыстары жүріп жатқан көрінеді.

ЗИЯНДЫ ЗАТТАР  ЕДӘУІР АЗАЙДЫ

«Қазақстан ғарыш сапары» АҚ бас энергетигі Мәмбетәлі Нәрібайұлының айтуынша, аталмыш компанияның жалпы көлемі 30 мың шаршы метрді құраса, әзірге оның 18 мыңы ғана пайдалануға берілген екен. Алайда 18 мың шаршы метрден бөлек мұндағы құрылысы әлі аяқталмаған қосымша нысандар да жылытылып жатқан көрінеді.
– «Глобал газ» корпорация­сының көмегімен газбен жы­лыту жүйесіне биыл көштік. Барлық шығынды өз мойындарына ала отырып, «Глобал газ» бізге 500 метрлік қа­шық­тықтағы ішкі орамдық магистральді желі салып беріп, біріктірілген газ жанарғысын орнатты. Ал біз өз қаражатымызға 3 қазандықтағы газ плитасының от жанатын мойынын ауыстырдық. Ендігі уақытта біз қажет болған жағдайда дизель отынын да пайдалана аламыз. Қорымыз­да дизель отыны да жеткілікті. Жалпы, газға көшкеннің арқасында біршама үнемділікті көріп отырмыз. 27 қарашадан бері 80 мыңдай теңгені үнемдесек, жылыту маусымы аяқталғанға дейін 2,5 млн теңге үнемделеді деп күтілуде. Сол сияқты атмосфераға шығаратын зиянды заттар
дизель отынын пайдаланғандағы уақытпен салыс­тыр­ғанда 800 келіге, яғни 8 есеге
азайды. Байқасаңыздар, қа­­зіргі уақытта мұржадан шы­ғып жатқан түтіннің түсі көк­шіл емес. Өйткені оның біраз бөлігі ыстық бу, – дейді Мәмбетәлі Нәрібайұлы.
«Глобал газ» компаниясы директорының орынбасары Серік Сейдалиннің сөзіне сүйенсек, Тұран стансасының көмегімен келер жылдың басында Ұлттық қорғаныс университеті де газбен жылыту жүйесіне көшірілмек. Сонымен қатар «Алау» мұз айдыны, «Астана арена» стадионы, «Барыс арена»
сияқ­ты бірқатар спорт кешендері мен №1 перинаталдық орталық секілді сол жағалау­дағы бірқатар медициналық орталықтарын да газбен жы­лыту жүйесіне ауыстыру жос­парда тұрған тәрізді.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Сонымен қатар

САРЫАРҚА АУДАНЫНЫҢ 2017 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫЛАР МЕН 2018 ЖЫЛДЫҢ ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ ТУРАЛЫ ЕСЕП

Ауданда әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда деңгейі ауқымды жұмыс жүзеге асырылды. Түрлі мемлекеттік реформалар мен бағдарламалар …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған