Көк түріктерінің тарихы

Мемлекеттік сыйлықтың ие­­гері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазу­­шы, драматург Әнес Сарай ұлт руханиятының мақ­та­ны­шына айналып отыр.

Мыңжылдықтардың еміс-еміс жаңғырығын, дауысын естіп, дәйектілікпен қорытып жеткізген, сандаған дәуірлерді ауқым­ды оқиғаларымен, жойқын қанкешу­лерімен, даңқы мен абыройы жер жарған қаһарман қағандардың, баһадүр тұлғалардың алапат, толымды іс-қимылдарымен, сонымен қатар Күншығысында Сарытеңіз, Күнбатысында Қаратеңіз, оң жағында Хуанхэ мен Әмудария, солтүстігінде Мұзды Мұхит арасын жайлаған Көк түріктері империясының әлеуметтік-саяси, мәдени тарихын Орхон бітіктас жазулары мен Қытайдың Чжоу, Сүй патшалықтарының әулеттік жылнамалары негізінде мұқият салыстыра зерделеп, байтақ нақты, жанды айғақ-деректермен сөйлеткен кәрі тарихтың тамыршысы, профессор Әнес Сарайдың шығармашылық тұлғасы, көзқарасы, пайымдау мәдениеті «Көк түріктері» дейтін еңбегінде жарқын көрініс тапқан. Мұнда Көк түріктерінің (Ашина ұрпақтарының) өркениеті, ата-тек шежіресі, мемлекет басқару жүйесі, тұрмыс-салты, шаруашылық-кәсібі, мифологиялық дүниетанымы, қорғаныс қабілеті, яғни әскері, қолданған қару-жарақтары, алфавиті, қала, қамал салу мен монументалды мүсін өнері, аспан денелерінің қозғалысы туралы ұғым-түсініктері, жартас графикасы, қағандықтың ру-тайпалық құрамы, Түрік қағандықтарының тарихы ұшан-теңіз деректер негізінде талданады. Бұл орайда Түрік қағандығы тарихындағы Бұмын (551-552жылдар), Істеми (552-576 жылдар), Мұқан (553-572 жылдар), Таспар (572-583 жылдар), Сібір қаған (609-619 жылдар), Елтеріс Құтлық қаған (682-692 жылдар), Бойла Баға Тархан Тонұқұқ (682-726/727 жылдар), Қапаған қаған (692-716 жылдар), Білге қаған мен Күлтегін (716-734 жылдар) заманы білгірлікпен, тереңдікпен сипатталған. Ұбақ-шұбақ ғасырлардағы түрік дүниесіндегі шырқаулар, құл­дыраулар, арбасулар тарихилықпен көрсетілген, байыптылықпен бажайлап баяндалған.
Тарихи-ғұламалық зерде көзімен тарихи-шежірелік деректері мен тарихтың көркемдік философиясын дұрыс қолдана білу әрі лайықты түйін түю – профессор Әнес Сарайдың «Көк түріктері» кітабының басты сипаты. Ол археология, палеосемантика, этнография, этнолингвистика, психосоматика, мифология, антропология, архаикалық мәдениет, сана этногенезі, дін, фольклор, ойлау феноменологиясы тәрізді ғылымдардың соны жаңалықтарын өрелі пікір-топшылауларына арқау етіп өрістетеді, логикаға бағындырады. Білімпаз Әнес Сарай әлемдік даңққа ие әйгілі М.Қашқари, В.К.Мюллер, Э.Шавани, Хамельтон, Г.И.Рамстед, А.Лекон, Ю.Немет, К.Сиротори, Чянь Чжумянь, Н.Х.Оркун, Минорский, П.М.Мелиоранский, В.В.Бартольд, А.Н.Самойлович, С.Е.Малов, Л.Н.Гуми­лев, В.В.Радлов, В.Томсон және т.с.с. түркітанушы-оқымыстылардың түйінді тұжырымдарын темірқазық етіп отырады.
Сібір өлкесіндегі жартастардағы, мүсінтастардағы, қолайнадағы таңбаларды зерттеу мақсатында І Петр 1717 жылы ғылыми экспедиция шығарған. Мұның құрамында Ф.Н.Страленберг болып, 1730 жылы «Еуропа мен Азияның солтүстік және шығыс бөлігі» деген еңбегі Стокгольмде жарияланған. Мұнан соң құлпытас жазуларын Г.Н.Спасский, Абель Ремюза, Г.Ю.Клапрот. З.Г.Байер, Н.М.Ядринцев оқу, тану, тәржімалау, жариялау, зерделеу мәселелерімен шұғылданғаны жетік баяндалған.
Және де автор біртұтас геосаяси кеңістікте жайғасқан Түрік, Түркеш, Қарлұқ, Қыпшақ, Қазақ хандықтарын көк түріктерінің жалғасы деп тануы да әділдік. Себебі бұлардың белгілі бір территорияда, бір мемлекеттің құрамында болғаны, сонымен қатар тілінде де, дәстүрінде де, ата-кәсібінде де, тарихи көзқарасында да ұқсастық бары ақиқат.
Әнес Сарай қытай жылнамаларын­да көк түріктерінің тарихына қа­тысты «Ғаріп бала мен Бөрі Ана» хи­кая­сының төрт нұсқасының мәті­нін тұтасымен келтіріп, мазмұн-мәні­мен таныстырғанда ежелгі «бөрі» ұғымы­ның мұнан соң «Оғыз-наме» дастанында (яғни «Тәңір бөрісі» дейтін мағынада), сонан соң Махамбет тол­ғауында («Исатайдың барында, Екі тарлан бөрі еді») бөрінің баламасы ретінде сәулеленген. Дәстүр қуаты деген осы.
Бөрі тотемі жайындағы аңыздар, негізінде, сегіз қиыр шартарапқа тараған. Ал бала емізіп тұрған Бөрі-Ана мүсіні б.д.д. V ғасырдан бері Римнің Капитолия музейінде сақталған. Се­бебі қандай? Аңыздың деректеріне жүгінсек, этрускілердің көсемі Энет батырдың ұрпағы Ромул мен Рем егіз. Амулия патша егіз сәбилерді суға ағызып жіберсе де, тағдырдың бұйрығымен Бөрі-Ана емізіп ер жет­кізеді. Қысқасы, этрускілер – Батыс түріктері. Бұларды Каспий теңізінің терістігінен әкелген – Энэй батыр.
Бөрі текті Ашина түріктерінің темір балқытқаны, қолөнер кәсібін дамытқаны, қару-жарақ жасағаны, аңшылық, бақташылық тіршілігі, рухани өмірі мен даналық өнегесі, қыз айттыру, келін түсіру, тұрмыс-салт жырлары, жерлеу рәсімдері, қалалық мәдениеті, ұлттық ойындары нақ-нағымен түсіндірілген. Әсіресе, түріктің тұлғасы жөніндегі Афрасиаб патшаның мына бір керемет пікірін келісті келтірген: «Түрік өз елінде жүргенде бақалшақ қауырсынға жасырынған маржан сияқты, оның қадір-қасиетін танып, бағалап жатпайды, ал ол бақал­шақтан сыртқа шыққанда баға­сы еселеп артып, патшалар тәжі мен сұлулардың мойын, құлақтарын безендіретін асылға айналады».
Түріктердің мемлекет басқару жүйесінде 28 лауазым дәрежесі барын әрі әрқайсысының міндеті мен қызметін саралап анықтайды. Сондай-ақ әскери өнер тарихындағы қару-жарақтардың түрлеріне де сипаттама беріледі.
Түріктердің ғарыштық ұғым-тү­сініктері, құлшылық жасау, құрбандық шалу, Жер, Су, Баба рухтарға салауат айту, дұға тілеу, діни жоралары кеңінен кемел байыпталады. Бір ғажабы – Күншығыстан Күнбатысқа көсілген Еуразия жотасындағы төрт бұрышты жұмбақ кесте жайы таңдай қақтырмай қоймайды. Әнес Сарай бұл орайда: «Төрт бұрышты кесте – төрт бұлыңды, бір-біріне кигізілгендей үш төртбұрыш – үш қат аспанды, ортадағы әджі (крест) Тәңірді бейнелеп тұрған іспетті. Кестенің жасы – кейінгі палеолит дәуірі деп белгіленуі – әлемнің жаралуы туралы осынау ғарыштық түсінік ежелгі Оңтүстік Сібір жұртының наным-сенімінің қайнар көз бастауы болғанына меңзейді» деп жазады. Расында, Орхон жазуындағы түріктердің дүниені қалайша қабылдайтыны мен жұмбақ кестедегі ой сарындары үндес.
Өркениет тарихында түріктердің бейнелеу өнері (керемет шеберліктің үлгісіндей Ту, Жалау, Байрақ сияқты мемлекеттік рәміздері) мен жазулары хақында білгірлікпен ой өрбітеді. Мәселен, 545-630 жылдарда Түрік қағанаты дәуіріндегі Бұғыты кешені – соғды тілінде, Қарағол кешені – қытай тілінде, Идэр кешені брахми тілінде қашалып жазылған. Б.з.д. Есік қорғанындағы жазу көнеүнділік кхароштхи әліпбиі негізінде туған сақ жазуы екен. Демек, б.д.д. VI-IV ғасырларда Іле алқабында тіршілік жасаған кхароштхи бірлестігінің жұрнағы «Қара Шор» атанған-ды. Бұл кхароштхи жазуы – дравид түріктерінің игілігі.
Танымпаздық қабілеті, ақыл-ой таразысы, парасат-пайымы жо­ға­ры Ә.Сарайдың осынау зерделі тол­ғамдарында көк түріктерінің дүрілдеп-күркіреп өткен дәуірлері, алып, білікті қағандардың телегей тәжірибесі, тактикасы мен стра­тегтігі, барлаушылық, әскери өнері, дипломатиялық қарым-қатынасы, саясаткерлігі, билік ғиб­ратнамасы, патриоттық ойлары (мысалы, Істемидің Византия императоры Юстинге түрік тілінде хат жазуы), толық, жан-жақты әңгімеленген.
Мұнда ұлы қағандардың ойшыл­дық, шешендік тапқырлығына, сес сөзіне жарқын дәлел ретінде Істемидің ұлы Түріксанфтың визан­тиялық елші Валентинге: «Бір өтірік айту үшін он тілде сөйлейтін римдік екенсің ғой» деп, он саусағын аузына апарды» дегенін Менандр Протектор жазып қалдырған.
Зерттеушінің «Сих», «Түрік», «Көк­тің ұлы» дейтін этнология мен этно­лингвистикаға қатысты топшылаулары да, Басмыл-арғындар? Аргиппейлер мен «Алпамыс» эпосындағы 13 сюжеттің Гомердің «Одиссеясында» қайталануы хақында айтқан пікірлері де қызықты.
Жинақтай айтқанда, Елбасы айтқан рухани жаңғырудың түп-негізінде тарихи тәжірибе, ұлттық сана екендігіне кәміл, кемел көзқарас танытсақ, онда қазіргі заман руханиятының көшбасшы қайраткері профессор Әнес Сарайдың тарихи ой-тұжырымдары Ұлы Дала елінің шарайнасы іспетті.

Серік Негимов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор

Сонымен қатар

КАВКАЗДАҒЫ ҚЫПШАҚ ІЗІ

Армяндардың күнделікті сөйлеу тілінде қыпшақ тілі «екінші ана тілі» болып саналған. Күні бүгінге дейін қазақтың …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған