«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көгілдір отын көк түтіннен құтқарады

0 25

Тұңғыш Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасы» аясындағы елордаға газ тарту жұмысы екі бағытта жүзеге асады. Бірінші бағыт бойынша ­қалалық өндіріс және тұрғын алаптарын газдандыру желісі салынса, екінші бағыт бойынша ЖЭО-1 және ЖЭО-2-ге газ беріледі. Жоспар бойынша елордаға 2020 жылдың шілде айынан бастап газ беріліп, 2025 жылға дейін бас қала тұрғындары толықтай газбен қамтылатын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Ермек Қизатов мәлім етті.Газбен қамтуға 45 млрд теңге қаражат қажет

Жалпы ұзындығы 1061 шақырымды құрайтын, 1,7 миллион тұрғыны бар 171 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ететін газ құбыры Нұр-Сұлтанның іргесіне жетті.
Бас қаланы газдандыру мәселесіне Мемлекет басшысы да баса назар аударып отыр. Жақында елорданы одан әрі дамыту жөнінде арнаулы жиын өткізген ­Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкімдігінің энергетикалық инфрақұрылымдарды газ құбырына қосуға да­йындықтың кемшіліктерін ашып айтып, тиісті органдарға бірқатар тапсырмалар берген еді.
Құрылысы биыл наурыз айында басталған «Сарыарқа» газ құбырының негізгі желісі елордаға жетуі бас қаламыздағы тағы бір тарихи сәт болды. Қала іргесіндегі газ тарату стансасында өткен құбырды дәнекерлеу рәсімінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қаланы газдандыру жұмысының аяқ алысы жөнінде айтып, бас қаланың бұдан кейінгі жоспарымен бөлісті.
– Газ қаламыздың іргесіне келді. Қала әкімдігінің ендігі міндеті – газ құбырын қала ішіне жеткізу, бұл жұмыс басталып та кетті. Газды қаладағы ЖЭО-1, ЖЭО-2-ге жеткізу үшін 28,4 шақырым құбыр жатқызу қажет, оның қазірге дейін 13,5 шақырым желісі қазылды. Яғни елордаға газ берудің бірінші кезеңі бойынша ­ЖЭО-1, ЖЭО-2-ге газ келеді. Ал қала бойынша «Көктал-1», «Көктал-2», «Агроқалашық», «Оңтүстік-шығыс» және «Интернациональный» елді мекеніне газ келеді, – деді қала басшысы. Сонымен қатар қаланың қалған бөлігіне газ 2 кезеңде жеткізілетінін атап өткен А.Көлгінов елорданы толықтай газбен қамтамасыз ету үшін 45 млрд теңге қаражат қажет екенін айтты.
Елорда әкімдігінің мәлі­меті бойынша бас қалада газды бөліп тарату желілердің құрылысы үш кезеңге бөлініп, бірінші кезегінде 9 іске қосу кешені қамтылған. Атап айтқанда, бірінші, екінші кезеңде ыстық су қазандықтарын және ма­зут қазандықтарын жылыту мақсатында АГЗС-1, ­АГЗС-2-ден ЖЭО-1, ЖЭО-2-лерге газ жіберу; үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы іске қосу кешендері бойынша «Көктал-1, 2» тұрғын үй кешендеріне дейінгі газды бөліп тарату желілерін салып, іске қосу; жетінші, сегізінші, тоғызыншы іске қосу кешендері бойынша «Теміржол», «Оңтүстік-шығыс» тұрғын үй алаптарына дейінгі газды бөліп тарату желілерін салып, іске қосу.
Қазір бірінші кезектің 1-6-кезеңін іске қосу кешендері бойынша мердігерлік ұйым анықталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кетті. 7-9-іске қосу кешендері бойынша конкурстық рәсімдер тарту жұмысы жүріп жатыр. «Қаланы газбен қамтамасыз ету жұмысы қауырт жүргізілуде. Бірінші кезектің алдыңғы 3 кезеңі бойынша жұмыс басталып, мердігер компаниялар іске кірісті. Жоспар ойдағыдай атқарылса, құрылыс жұмысы келесі жылдың аяғында аяқталады. Бұған 20 мил­лиард теңге жұмсалмақ» деді «Нұр-Сұлтан қаласы Отын-­энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ернат Бәзіл астанамызды газбен қамтамасыз ету жұмысына аялдағанда.
Ал жобаның екінші кезегінде 4 іске қосу кешені қамтылса, үшінші кезегінде 4 іске қосу кешенін қамту көзделген.

Газ үйлерге қалай жеткізіледі?

Елордаға газ қашан келеді деп көптен күткен жұрт газ құбыры қаланың іргесіне келгелі газдың тұтыну құны қанша болады? Отбасыларға газ желісін енгізу үшін жеке отбасылар да ақша шығара ма, елде Үкімет жағынан жәрдем жасала ма деген мәселеге назар аудара бастады.
Елордаға газ құбыры жеткізілген күні құбырдың дәнекерлеу рәсіміне қатысқан «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы ­Ахметжан Есімов журналистерге берген сұхбатында осы мәселеге тоқталып, газдың тұтынушылар үшін бағасы әлі толық айқындалмағанын, тарифтің жан-жақты тиімді болуы қарастырылып жатқанын атап өткен болатын. БАҚ беттеріндегі мәліметтерге қарағанда, газ құбыры пайдалануға берілгеннен кейін «Интергаз Орталық Азия» АҚ-қа жалға берілетін көрінеді. Ал тарифтерді бекітумен Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті айналыспақ.
Ернат Бәзілдің айтуынша, қалаға газ тарату жұмысын реттеу мақсатында «Елорда газ» ұйымы құрылмақ. Басқа аймақтарда осы жұмыспен «ҚазТрансГаз» компаниясы айналысады. «Өзіміздің дербес ұйымымызды құрсақ, баға арзандау болады. Мәселен, «ҚазТрансГаз» газдың текше метріне 8 теңге алса, біз өз ұйымымыз арқылы бағаны 2-4 теңге шамасында қоя аламыз» деді басқарма басшысы.
Газ тарату желілері көше желісі бойынша жүргізіледі. Жеке сектордың тұрғындары өздері көше желісінен үйлерге тікелей газ қоса алады. «Газ әр үйдің іргесіне дейін жеткізіледі, яғни құбыр үйдің қоршауына дейін тартылады. Одан әрі әрбір отбасы үйі­не өзі жалғайды. Сонымен қатар Үкімет жоспарында газ счетчиктерін қойып беру жоспарланған. Яғни ол счетчиктер 15 жылға жалға беріледі, пайдалану мерзімі толғанда, қайтадан ауыстырып беру қарастырылған» деп жауап қайырды Ернат Бәзіл біздің «газ әр отбасына қалай енгізіледі?» деген сұрағымызға.
Соңғы күндері елордаға газ жеткізілгенімен, оны жеке секторлардағы отбасыларға тұтастыратын кәсіптік мамандар жетіспейді деген мәселе де айтыла бастады. Осы орайда қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Мирас Шекенов қалаға жақын жылдары газ келетіндіктен, қазірден бастап газбен жұмыс істейтін мамандарды даярлауды қолға алу керек деген мәселені көтерген болатын. Оған жауап берген Ж.Құлышпаева биыл қаланың политехникалық колледжінде 9 және 11-сыныптар базасында газ мамандарын оқыту басталғанын, екі топқа 25 баладан қабылданғанын жеткізген болатын. Демек, маман мәселесін де шешу қиын емес. Тек жас мамандар қауіпсіздік жағын қамтамасыз ете алса болғаны. Бас қаламыздағы құзырлы орындар да бұл мәселеге баса назар аударып отыр. Жақында Nur Otan қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Каналимов аталған колледжге барып, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен және болашақ газ шаруашылығы қызметкерлерін дайындау бағдарламасымен танысып, оқу базасының көлемін кеңейтіп, газбен айналысатын мамандарды әлі де көбейтуді тапсырды.

Газ экологияны тазартады

«Сарыарқа» газ құбыры Арқа төсіне 2 миллиард текше метрден астам газ жеткізіп, орталық және солтүстіктегі 171 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Ал елорданың өзінде 23 мың жер үй мен 200-ге жуық жеке және 48 шағын коммуналдық қазандық түгел газға ауыстырылады. Соның арқасында бас қаланың ауасын ластайтын зиянды қалдықтар жылына 6 есеге немесе 40 мың тоннаға азаяды деп күтілуде. Оның нәтижесінде ауаның ластану индексі 25 пайызға төмендейді.
Қытымыр қыс келсе, астана тұрғындарының бетін Арқаның аязы қарыса, желсіз тымық күндері қаланы торлаған қара түтін қолқасын қауып мазасы кететін әдеті. Бұған мамандар жеке секторда тұрғындар үйлерін көмірмен жылытатындықтан, елорда аумағының басым бөлігін түтін басып кетеді деген уәж айтатын. Бұйырса, көгілдір отын астана халқын сол көк түтіннен де құтқарады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды