«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көгілдір экранның кереметі

Қазақ телевизиясына - 60 жыл

0 37

Бала күнімде біздің үйде істен шыққан ескі телевизор болды. Сарайдың бір бұрышында жататын. Бірақ соны әжем марқұм қызғыштай қорып жүреді. Тәтелерім далаға лақтырамыз десе, әжем шыр-пыр болады. Сөйтсем, оның тарихы бар екен. Алпысыншы жылдардың соңына таман ауылға электр жарығы тартылды. Ал 70-жылдардың бас кезінде дүкенге аз ғана телевизор сатылымға түседі. Соның біреуі біздің үйге бұйырады. Алғашында ол адамдарға таңсық көрінген. Күн са­йын көршілер үйге жиналып, телевизор көреді. Тамылжыған ән тыңдайды. Сондай бір қызықты сәттерді бастан кешіпті. Әжем сақтап жүрген жәдігердің осындай сыры бар екен. Расында, біз телевизормен ержеттік. Ауыл баласына сондағы дүниенің бәрі таңсық. Бейнелерін суреттен көрген тұлғаларды тірідей экраннан көріп, мәз болатынбыз.

Міне, солай халықты күнделікті ақпаратпен, танымдық дүние­лермен, қызықты хабарларымен, байыпты бағдарламаларымен тәнті етіп келе жатқан қазақ телевизиясына биыл алпыс жыл толып отыр. Дәлірек айтқанда, 1958 жылы 8 нау­рызда алғаш рет ақ бас Алатаудың етегіндегі әсем қаладан жалпақ далаға хабар таратылды. Кейін Қарағанды мен Өскеменде, 1959 жылы Жезқазғанда, 1960 жылы Петропавлда облыстық студиялар ашылды. Бұдан кейін Целиноград, Орал, Балқаш, Семей, Павлодар болып жалғаса береді.
Еліміздегі алғашқы телеви­зияның іргесін қалағандар арасынан Қанапия Мұстафин, Совет Масғұтовты бөлектеп айтуға болады. Бұл кісілер жаңа дүниенің басы-қасында жүрді. Алғашында телехабарлар кино, театр секілді тәжірибе түрінде көрсетілді. Ол кезде көгілдір экранның сырын білетін мамандар да тапшы еді. Бірақ соған қарамастан, жұмыс қарқынды жүрді. Енді телевидениеге журналистер, режиссерлер, дикторлар, операторлар мен бейнеинженерлер алына бастады. Осы жылдары «Мыңда бір рахмет», «Сырласу», «Достық экраны», «Пай-пай 25», «Балдырған» сияқты хабарлар жұртшылыққа жол тартты.
Қазір осы игілік істі ұйым­дастырған азаматтардың көбі арамызда жоқ. Сол кезеңді жақсы білетін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалиннен сыр тартқан едік.
«Мен телеарнаға 1964 жылы келдім. Айналасы 5-6 жылдың шамасы болған кез. Қызмет атқарып жүрген азаматтардың дені – бұрын газет-журналда істеп келгендер. Көк жәшіктің көп сырын біле бермейді. Мен оқуды енді ғана бітірген жас маманмын. Сондықтан жаңа жобалар жасау керек болды. Жетпісінші жылдары теледидарда өзіміздің төл туындыны жасағымыз келді. Осы кезде теледраматургияны өрістету, шағын экранның ерекшелігіне сай қойылымдар әзірлеу, ұлттық дәстүрді, өнерді, әдеп-ғұрыпты насихаттау жағына айрықша көңіл бөлдік. Соның нәтижесінде «Қымызхана», «Айтыс», «Халық қазынасы», «Тамашаны» өмірге әкелдік. Жұртшылық аталған бағдарламаларды өте жылы қабылдады. Содан кейін телевидениеде жазушылардың бейнесін жасағымыз келді. Ұлы Мұхаң мен Сәбеңе үлгере алмадым. Екі Ғабеңнің көзі тірі кезі. Алдымен сол екі ағамды түсірдім. Бұл әдеби телехабарым Мәскеудің бірінші арнасы арқылы бүкіл Кеңес Одағына көрсетілді. Ілияс Есенберлин мен Тахауи Ахтанов ағамыз жайында хабар дайындадым. Ол кезде осындай формадағы хабар Одақ көлемінде болған жоқ. «Сұхбат» сериясы бірнеше жыл бойы Қазақ телевидениесінің маңдайалдында тұрды» деді белгілі қаламгер.


Шындығында, телевизия көп­­­­шілікке тосын, жаңа әлем еді. Сондықтан халық оны өте жақсы қабылдады. Өмірдің шынайы болмысын бедерлеген телеспектакльдер, телефильмдер, балаларға, жастарға арналған хабарлар, қоғамдық өмірдің, ауыл шаруашылығының, өндірістің, ғылымның, өнердің, әдебиеттің өзекті мәселелерін қозғайтын бағдарламалар жол тартты. Ал­ғашқы құрылған күннен бастап кешегі тоқсаныншы жылдарға дейін Қазақ телевизиясын Қа­напия Мұстафин, Құрманбек Сағындықов, Кенжеболат Шалабаев, Кеңесбай Үсебаев, Хамит Хасенов, Камал Смайылов, Ғаділбек Шалахметов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза секілді білікті азаматтар басқарды. Жетпісінші жылдардың ортасынан бастап комитеттің атауы Қазақ КСР-і Радиохабарлар және теледидар жөніндегі мемлекеттік комитеті болып өзгерді.
Осы жерде, 80-інші жылдары алдымен Мемлекеттік телерадио ко­митеті төрағасының орынбасары, кейін төрағасы болған марқұм Камал Смайылов ағамыздың есте­лі­гіне жүгінгенді жөн көріп отырмыз.
«Ең алдымен, біз телехабар бағдарламасының кестесін күрт өзгерттік. Оған дейінгі кешкі, көлемді де көретін уақытты аптасына төрт рет орыс тіліндегі, ал үш рет қазақ тіліндегі хабар алады екен. Орталық арналар күні бойы тек орыс тілінде жұмыс істейді ғой, қазақ көрермендерін де ойлайық деп, кешкі хабарды төрт күн, орысшаны үш күн беретін болдық. Ол кезде бұл алмағайып, қауіпті дүние болатын, бірақ басшылар соны қолдады. Дәл осы жылдары қазақ және ұйғыр тілдерінде ғана хабар беретін «Алатау» телеарнасы ашылды. Бұл тікелей Д.Қонаевтың тапсырмасымен екі айдың ішінде орындалды. Ең көлемді де күрделі еңбек «Қазақстан Ұлы Отан соғысында» деген 40 сериялы бейнефильм еді. Ол екі тілде бірден көрсетілді. Біз ол 40 фильмді жарты жылдың ішінде ешқандай қосымша қаржы сұрамай шығардық» деп жазыпты асыл ағамыз. («Үш томдық шығармалар жинағы». 3-том). Журналистиканың ақтаңгері атанған Камал ағамыздың тұсында қазақ теледидарының туы биікке желбіреді.
Осы саланың тарихын сөз еткенде тағы бір атпал азаматты айтпай кету мүмкін емес. Ол – көрнекті сыншы, белгілі тұлға Сағат Әшімбаев. Сағат ағамыз сонау 80-жылдардың басынан теледидарда «Жүректен қозғайық» атты бірнеше жылға созылған тізбекті бағдарламаны жүргізді. Өзі теледидарға қызметке келген соң, осы хабармен өзектес «Парыз бен қарыз» атты авторлық бағдарламасын шығарды. Бұл ұлттың көкейкесті мәселелерін қозғаған дүние болды. Өзге елде тұратын қандастар жайындағы «Қауышу» хабары да кезінде өте жоғары бағаланды. Әсіресе, Сағат ағаның тапсырмасымен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының таспаға түсірілуі ерен ерлік еді.
Егемендіктің елең-алаң шағында Қазақстан мемлекет телерадио компаниясының төрағалығына көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза келді. Шерағаң теледидарға ұлттық рух алып келді. Көзі қарақты қауым әлі күнге тамсанып айтатын «Шарайна», «Таңшолпан», «Шаңқай түс», «Балбөбек», «Тайбурыл» секілді хабарларды жасады.
Әрине, шағын мақалада отандық телеарнаның дамуына тер төккен азаматтардың бәрін түгендеп айту мүмкін емес. Біз қадау-қадау тұлғаларға ғана тоқталдық.
Бүгінде ана тілімізде хабар тарататын «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы еліміздегі барлық арналардың атасы саналады. Бәрі де соның шекпенінен шықты деп айта аламыз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін теледидардың жаңа дәуірі басталды. Қарыштап дамып бара жатқан технология оған тың тыныс берді. Ақпарат тасқыны үдеді. Әлемнің кез келген бұрышынан әп-сәтте жаңалық тарататын мүмкіндік туды.
Қазір қазақ телевизиясы туралы оқырман арасында екі түрлі пікір бар. Біреуі мақтайды, біреуі сынайды. Телеарналарда шоу-бағдарламалардың дәуірі дүркіреп тұр. Салмақты, парасатты, адамға ой салатын хабарлар аз. Сондай-ақ, біздің телеарнада кешегі аға буын мен жас буынның арасындағы әдемі дәстүр онша көрінбейді. Мәселен, алысқа бармай-ақ, Ресейдің «Бірінші арнасында» жасы біразға келсе де, әлі қызметтен қол үзбей, ел алдында байыпты бағдарламаларымен көрініп жүрген білікті журналистер жетерлік. Бізде де жасы келсе де, өрелі ой айтатын аға-апаларымыз бар. Солардың жүздерін көгілдір экраннан көрсек деп ойлаймыз.
Түйіндей келгенде, қоғам мен адам өмірінде теледидардың алатын орны бөлек. Асқаралы алпысқа толып отырған Қазақ телевизиясының думанды тойы құтты болсын. Әріптестерімізге жемісті еңбек тілейміз!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды